Біз осыдан бірқатар уақыт бұрын қазіргі күндері тыңдарман сүйсініп тыңдайтын жаңа қазақ әндерін анықтау мақсатында оқырман арасында сауалнама жүргізіп көрген едік. Мұндағы мақсат әнсүйер қауымның сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген осындай хит-әндердің өзін де, туындының авторлары мен орындаушыларын да жұртшылыққа таныстырып, оларға қатысты кейбір деректерді ұсынып отыру болатын.
Осы сұрау салудың қорытындысында бірінші орынды жас әнші Әлия Әбікенованың орындауындағы композитор Бекет Есентаевтың «Өмірге сауал» деп аталатын туындысы талассыз жеңіп алды. Осыған орай біз ән авторының бүгінде арамызда жоқтығына байланысты, оның өлмес туындысын өзегі талғанша өнершіл жұртқа жеткізіп жүрген талантты әншінің өзімен сұхбат құрдық. Бүгінде Талдықорған қаласында тұратын, осындағы Сүйінбай атындағы филармонияда қызмет ететін Әлиямен телефон арқылы шұғыл хабарласып, көпшілікті толғандырып жүрген 4 сұраққа жауап алып үлгердік.
Сонымен, сіздердің назарларыңызға енді осы шағын сұхбатпен бірге, оның орындауындағы «Өмірге сауал» әнін де ұсынамыз. Ал ең соңында әннің мәтіні беріліп отыр.
-Әлия, сіз қазір орындап жүрген «Өмірге сауал» әні шын мәнінде де халықтың қалың көпшілігі сүйсіне тыңдайтын хит-әуендердің біріне айналып отыр. Жұртты тыңдатып қана қоя салмай, қатты ойландыра алатын бұл әнмен қалай және қашан табыстыңыз?
-«Жақсы әнді тыңдасаң жаның еріп, жабырқаған көңілің көтерілер» деп ақылдың ақыны - Абай атамыз жырлайды. «Өмірге сауал» әні құлақтан кіріп, бойды алар жақсы әндердің бірі әрі бірегейі десем артық айтқаным емес. Әнді мен алғаш рет осыдан үш жыл бұрын өнердегі ағам Бекет Есентаевтың орындауында тыңдаған сәтте жүрегім қобалжып, көңілім алабұртып, ерекше тебіренген едім. Бекет аға үнемі гитарамен орындайтын, әнді жан дүниесімен беріле шырқағанда, көзіне жас толып, ішкі жан айқайын сыртқа әуенмен шығарғандай күй кешетін. Бірақ мен сол сәттерде әннің құдіретіне мән бермеппін-ау. «Аға, құлазымаңызшы» деп жұбатып қана қоятынмын. Ол кісі өте талантты, ұяң, қарапайым, салиқалы, салмақты жан болатын. Әндерін ешкімге «айтшы» деп ұсынбайтын. Өкінішке қарай, Бекет ағамнан айрылып қалдық. Артында мәңгі өлмейтін әндері қалды. Бізден алыстады, сағымға айналды. Ол күннен-күнге алыстаған сайын, сағынышымыз оның әнімен қауыштыра бастады. Өзіме де ой салған осы әнді орындауды парызым деп санадым. Ағаның орындауындағы әндерді қайта-қайта тыңдап отырып, ән өзіме қатты ұнап, репертуарыма енгіздім. Көзі тірісінде «Менің әндерімнің кез-келгенін орындай бер» деп айтушы еді, сол ұсынысы мен үшін аманаттай көрінді. Өнерін бағалаушы ретінде Бекет Есентаевтың әндерін жинақтап үнтаспа шығардым. Бейнебаян түсірдім. Көптің көңілінен шығып, ықыластарын білдіруде.
Бекет ағамыздың шаңырағының отын өшірмей отырған апайымыздың айтуы бойынша, бұл ән 1989 жылы жарыққа шығыпты. 1988 жылы Жезқазған облысы, Жезді ауданының Сәтпаев ауылына Бекет аға қызмет бабымен барып, сол жаққа қоныс аударады. Аға өзі аңшылықты, мал шаруашылығымен айналысқанды жақсы көреді екен. Осы ойында іске асырсам деген мақсат болады. Әкімшілік тарапынан айтқан ойыңыздың барлығы орындалады деген уәдесін де алады. Бірақ ұсыныстың арты сиырқұйымшақтанып, ұзаққа созылады, уәде етілген не баспана жоқ, не жай жоқ, әбден әбігерге түседі. Кірмеген есігі қалмайды. Дос іздеп аласұрып, жаны қиналып жүргенде, бір жыл өте шығады. Сөйтіп, шамырқанып, қатты ашынғаннан әннің сөзі мен әуені бір сәтте шығып, ән болып төгіледі. Бұл 1989 жылы жарыққа шыққан ән екен.
-Бір байқалатыны, сіздің репертуарыңыз кілең осындай әдемі әуезбен өрілетін сұлу әндерден құралған. Бұлардың