Балық өлімі дерегі бойынша Атырауда арнайы комиссия құрылды. Өзен суынан зиянды заттардың құрамы мен ШРК мөлшерінен сынамалар алынды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Арман Молдашев мәлімдеді.
-Тексеріс жұмыстары барысында барлығы 17 балық табылды. Оның ішінде 15 қылышбалық, бір табан және бір мөңке анықталған. Балық өліміне себеп - Жайық өзенінің бойында АМӨЗ-дің су тоғанында 50 шаршы метрлік аймақта браконьерлік балық аулау құралдары болуы мүмкін. Өйткені, ұсталған балықтарда механикалық зақым байқалған.
Барлық жиналған балық сараптамаға жіберілген. Атырау облысының экология департаменті, «Қазгидромедцентр» АҚ Атырау филиалы және Атырау облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау және қауіпсіздігі департаменті бастаған жұмысшы топ осы аймақта күн сайын, химиялық анализі үшін судың сынамасын алады.
-19 желтоқсанға дейін зиянды заттар үшін ШРК- ден асу тіркелмеген. 18, 19 және 20 желтоқсандағы су сынамаларын зерттеу нәтижелері 3 күнде дайын болады, деді Атырау облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі департаменті басшысының міндетін атқарушы Амантай Жұмағалиев.