Қазіргі заман өлшемімен алғанда азаматтық қоғамы ілгерілемеген елдің заман талабына, уақыт сұранысына сай дамуы қиын. Азат күннің алтын қазығы аста-төк қазба байлығы емес, азаматтық қоғам қалыптастыру екенін түйсінер кез келді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауында «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», деген болатын. Президенттің бұл сөзінен халық пен атқарушы биліктің ортақ мүдде орайында ықпалдасуының, қоғамдағы белсенділігі жоғары адамдардың заң шеңберінде бірлескен іс-қимылының маңыздылығын ұғамыз. Себебі азаматтық қоғамның белсенді болуы адам капиталын, әлеуметтік-экономикалық дамудың, демократиялық құндылықтардың ел игілігіне айналуының негізгі алғышарттарының бірі. Осы орайда біз бірқатар маманға өз сауалымызды қойған едік.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
Сенат депутаты:
Азаматтық қоғам ешқашан бірден орнамаған. Біз тоталитарлы қоғамнан нарықтық қоғамға өттік. Сол кезде азаматтық қоғамның дамуына үлес қосатын институттардың жұмысы кенжелеп қалды. Азаматтық қоғамның жандануына үлес қосатын бірден-бір құрылым – үкіметтік емес ұйымдар. Біздің елімізде олар 2000 жылдардан бері қарай қалыптаса бастады.Барлық функциясын орындап, толық орнады деуге ерте, әлі де уақытты қажет етеді. Жалпы азаматтық қоғам дегеніміз мемлекеттің ішкі мәселелеріне азаматтардың белсене араласуы. Көптеген шетелде азаматтық қоғам қалыптасқан, сәтті нәтижелерін де көріп жүрміз. Тіпті ауыл-аймақтың жұмысы да халыққа байланысты. Бізде ең алдымен саяси мәдениетті қалыптастыру керек.
Асылбек ҚОЖАХМЕТОВ,
«Қазақстанның азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті:
Көңілім толмайды. Біріншіден, біз әлі Кеңес Одағынан қалған саяси жүйенің «маңайында» жүрміз. Кеңес Одағы кезеңінде масылдық идеология қалыптасты. Біз бәрін мемлекеттен күттік. Мемлекет асырау керек деп ұғындық. Ал қазір – ХХІ ғасыр. Кәсіпкерлік ғасыры. Кәсіпкерлік сана-сезім болуы керек. Бұл сана-сезім «мен күштімін, мен бәрін жасай аламын. Тек қана, мемлекет маған кедергі жасамасын. Көмек керек жоқ» деген қағидаға негізделген. Міне, сондай сана болуы керек.Әрине, бізде ондай сана мүлде жоқ дей алмаймыз. Бар. Бірақ толығымен қалыптасты деуге болмайды. Кейбір бизнесмендер осы қағиданы ұстанады да. Алайда олардың үлесі тым аз. Небәрі 5%-дан асар-аспас. Ал дамыған елдердегі кәсіпкерлік сана-сезім 30-40%-ды құрайды. Яғни, біз мұндай адамдар санын он есе көбейтуіміз керек. Көңілім толмайтындығының бір себебі – осы.
Жұрт биліктен көп нәрсені сұрап жатқаны түсінікті жайт. Одақ ыдырағалы бергі отыз жылға жуық уақытта билік біріншіден адамдарды дұрыс үйретпеді. Екінші жағынан, мүмкіншілік бермеді. Үшіншіден, жақсы мысалдар келтіре алмады. Сондықтан осындай сана-сезім алдымен билікте өзгеруі керек. Солай бола тұра азаматтық қоғам да кей кезде өзін-өзі дамытуы тиіс. Ол ең алдымен білім арқылы келеді. Университеттегі білім мен азаматтық білімнің айырмашылығы – жер мен көктей. Мәселен, жоғары оқу орнындағы профессор бізге жоғары деңгейдегі ғалым ретінде көрінеді. Ақиқатында, сол профессорлардың өзі азаматтық білімі жағынан деңгейі төмен. Көп жағдайда олар өз құқығын қорғай алмайды. Тәуелділіктен арылып, өз құқығын білгені абзал еді. Бізде бәрі керісінше. Ректор профессорға емес, профессор ректорға тәуелді. Ғылыми атағы аспандап тұрған ғалымдарымыз білім ордасы басшылығынан «еңбекақымды бер, жұмыс істейтін кабинет бер, тұратын пәтер бер» деп төменшіктейді. Ол мүлде дұрыс емес. Жұмыс істеп отырған ортаңды, жағдайыңды, құқығыңды өзің дамытуың тиіс.
Міне, көзі ашық, көкірегі ояу, ел көрген, жер көрген ғалымдарымыздың азаматтық көзқарасы осындай болса, ауылдардағы қарапайым адамдардан не талап етуге болады? Ауыл тұрғындары «білім алсын, дамысын» деп балаларын жоғары оқу орындарына жібереді. Ата-ана үмітін ақтаймыз деп олар да талпынады, оқыған-тоқығанымен профессорлық деңгейге де жетеді. Бірақ азаматтық сезімге жетпейді. Сондықтан біз ең алдымен азаматтық сезімді жоғарылатуымыз керек. Азаматтық қоғам мықты болса – мемлекет әрқашан да мықты. Егер билік мықты болып, азаматтық сезім төмен болса, ондай елдің болашағы бұлыңғыр болғаны. Тиісінше қайратты, жігерлі азаматтық қоғам қалыптастыру – азаматтық қауымдастықтың басты миссиясы!
Азаматтық қоғам билікке көмекші емес, билік азаматтық қоғамға көмекші болуы керек. Осы мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақсы айтып жүр. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастырып, азаматтық қоғамды дамытуға жол салынбақ. Енді соны әрі қарай дамытатын да билік болуы тиіс. Алайда биліктің ортаңғы немесе төменгі буындарында азаматтық қоғам мәселесін түсінбейтіндер мен қолдамайтындар көп болып отыр.
Бұған дейін билік тарабы «Бізде мұнай көп. Мұнай көп болған соң ақша да көп. Бәрін береміз халыққа» деген ұстанымда болды. Сөйте тұра қара алтыннан түскен пайда сыбайлас жемқорлықтың салдарынан халыққа толық жеткен жоқ. Мұнай бағасы құлдырай бастағанда барып билік азаматтық қоғамды дамытудан өзге оң жол жоғын ұғынды. Қазір басқаша ойлай бастады. Барлық дамыған, демократиялық мемлекеттер мұны әлдеқашан түйсінген. Оларда қайратты азаматтық қоғам қалыптасқан.
Отандастарымыз «атқарушы билік не ананы, не мына істеген жоқ» деп көп мін айтады. Иә, істеген жоқ! Бірақ билікті ешкім, ешқашан бермейтінін қаперімізде болғаны жөн. Билікті әрқашан алу керек. Біз ең әуелі берілген билікті алмай жүрміз. Қалыптасқан мінез болмай тұр. Соның салдарынан «маған зейнетақы бер, жұмысқа орналастыр, балабақшадан орын бер, білім бер» дейміз. Бұл дегеніңіз дұрыс мінез, дұрыс сана-сезім емес. Алға баспай отырғанымыз да содан.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы:
Шындығына келсек, еліміздегі азаматтық институттардың жағдайына көңілім толмайды. Олардың цифрлы көрсеткіштері болуы мүмкін, дегенмен сапалық жағынан әлі де дамытуды қажет етеді. Өйткені азаматтық қоғам – демократия дамуының көрсеткіші. Бұл – халықтың қоғамдық-әлеуметтік, мәдени-рухани және саяси мәдениеті. Ол белгілі бір жағдайларда, тәжірибеде, қоғамның әлеуметтенуі барысында азаматтардың бойына сіңіп, оларды өзара байланыстыра түседі. Азаматтық қоғамның белгісі – халықтың «мемлекет бізге не береді?» деп күтуі емес, керісінше «біз мемлекеттің дамуы үшін не істей аламыз?» деген сұрақ қоя алуы. Осы идея аясында бірлескен, құрылған қоғамдық ұйымдар – азаматтық қоғамның күретамыры. Егер азаматтық қоғам институттарының жұмысы дамыған болса, жалпы азаматтық қоғам түсінігі қалыптасқан болса, мәселен, мектептерде әлдеқашан жағдай түзеліп, мектеп ұжымы мен ата-аналардың қатынасы тек іс-шаралар ұйымдастырумен шектелмей, одан да терең байланыстар қалыптасса, білім сапасы мен балалардың сабаққа деген ынтасы мен тәрбиесі мүлдем басқаша болар еді. Азаматтық қоғамның жұмысы кемелденген кезде барлығымыздың өміріміз мазмұнды деңгейге көтеріледі деп есептеймін.
Алуа ЖОЛДЫБАЛИНА,
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы, «Саяси ғылымдар» мамандығы бойынша PhD. докторы:
Елімізде азаматтық қоғам әлі де қалыптасу үстінде. Дегенмен соңғы 5-10 жылдың ішінде еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың саны артты, қамтитын бағыттары біршама кеңейді. Азаматтық қоғам институттарына үкіметтік емес ұйымдардан бөлек, саяси партиялар, еріктілер қозғалысы мен қайырымдылық қорлар да жатады. Бұл үрдіс, айтқанымдай, даму үстінде. Бүгінде ең басты назарға алатын, дамытуды қажет ететін мәселе – волонтерлер институты. Сонымен қатар азаматтардың шешім қабылдауға белсенді қатысуын қамтамасыз ететін шаралар мен бастамаларды қолға алу керек. Сол кезде азаматтық қоғам мемлекеттің серіктесі ретінде көптеген мәселені шешуге тырысады.
Елдос АБАҚАНОВ,
Экологиялық ұйымдар қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары:
Кейінгі жылдары мемлекет тарапынан қоғамдық ұйымдардың дамуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Президент өз Жолдауында ел экономикасын дамытуды күшейту үшін саяси модернизация жасап, сол арқылы осы қоғамдық ұйымдарды және азаматтық секторды көбірек тарту қажеттілігін алға тартқан болатын. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан да тиісті іс-шаралар, арнайы тұжырымдамалар қабылдануда.Соңғы уақытта қоғам белсенділері мен үкіметтік емес ұйымдардың арқасында көп мәселелер әлеуметтік резонанстық тақырып ретінде қарастырылуда. Оған қоғамдық ұйымдардың белсенділігі деп қарауға болады. Сондықтан азаматтық қоғамның бір орында тұрмағанын айтар едім.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ:
Азаматтық қоғамды қалыптастырудың бірден-бір жолы – азаматтарды үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялардың жұмыстарына, саяси процестерге көбірек араластыру. Олардың үні естілуі керек. Соңғы екі жылда қоғамда сондай өзгерістер байқалып жүр. Халық үйде отыра бермей, билікпен бірлесе отырып сұрақтарға шешім іздеуі керек, сонымен қатар билікке қатысты көзқарасын да айтып отырғаны жөн.Асылбек ҚОЖАХМЕТОВ:
Отбасы, ошақ қасында ғана кеуде керетін, бәйбішесінің алдында ғана мемлекетке мейлінше сын айта алатын азаматтар бар. Ас бөлмесінен аспаған мұндай белсенділік кімге керек? Ал күні ертең сенбілікке шығып, экологияны жақсартуға келгенде адым аттап баспайды. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген емес пе Мұхтар Әуезов. Бесігің – ол ең алдымен сенің үйің, сенің пәтер иелері кооперативің. Кіреберісте есік болмаса тұрғындар бірден әкімдікке қоңырау шалып, дабыл қағады. Ондай белсенділікті – белсенділік деп санамаймын. Айлап, жылдап арыз-шағым жазғанша, сол кіреберіс тұрғындарымен бас қосып, қаражатын белгілеп, бір-ақ күнде жасауға болады ғой. Әуелі өзіңде сана, көршілеріңе деген ықпал болуы керек. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Көршінің де көршісі бар. Бірақ сәл көшбасшылық еткен адамның ісі қашанда берекелі болады емес пе?Кейін көрші кіреберіс тұрғындары да үлгі алады. Келе-келе көпқабатты үй тұрғындары бірігіп, аулада балалардың ойын алаңын да тұрғызуды да қолға алар еді. Алматы қаласында бір әйел солай істеп жүр. Жобасы да бар. Қыс мезгілі келгенде аулада балғындарға арнап мұз айдынын тұрғызады. «Өзіміз жасайық, өзіміз қадағалайық, өз қамқорлығымызға алайық» деген қағиданы ұстанады. Өкініштісі сол, осындай азаматтар саусақпен санарлық. Пәтер жалдаған адамның психологиясы үстемдік құрып тұр. Менің үйім, менің жерім деп санамайды. Ақиқатында, тұрғындар бар да, азаматтар жоқ.
Биліктен бір нәрсе сұрау үшін әуелі өзің бір нәрсе жасауың керек. Тым болмағанда, жоғарыда айтылған балалар алаңын жасауға болады ғой? Иә, билік жаман дейік. Ал сен Отаныңның гүлденуіне нендей үлес қостың? Жұмыстан шаршап келдім деп теледидар алдына отыра қалмай, айналаңа көз сал. Қоқыс болса, шығарып таста, сынғаны болса түзе, тозғаны болса сырлап қой. Міне, бізге осындай сана-сезім, азаматтық белсенділік жетіспейді.
Ауылдарды да жиі аралаймын. Тұрғындардың шарбағы жығылып, қора-қопсысы мүжіліп жатыр. Оған да біреуді кінәлаймыз ба? Қадасын қағып, шарбақты тұрғызып, қолда бар материалмен қора-қопсыны да реттеуге болады. Есік алдына шыққанда көзің сүйсінетіндей ету керек қой. «Бала айтқаныңды емес, көргенін істейді». Келер ұрпақтың сана-сезімі дұрыс жолға түседі. Өз үйін, өз ауласына, өз ауылына жауапкершілікпен, сүйіспеншілікпен қарай бастайды. «Өз үйімнің, өз ауылымның иесімін» деген ондай адам билікке емес, билік сол адамға тәуелді болады. Жауапкершілік арқалай білген азамат биліктен де жауапкершілік күтеді, талап етеді. Атқарушы биік ол адаммен санасады.
Билік көп қаражатқа кәсіпкерлік санамен емес, қазба байлық арқылы кенеліп отыр. Кәсіпкерлік сананы, жауапкершілікті, инновациялық сана-сезімді арттыруды ойламайды. Бұл – халық пен билік арасында диалог орнамауының бір себебі. Билік бәрін бердік деп ойлайды. Әсілінде, олай емес. Берген жоқ, тек бағыттады.
«Мемлекет аста-төк қаражатын неге үлестірмейді?» дейміз. Ол да мүлдем дұрыс көзқарас емес. Себебі билікте бір тиын қаражат жоқ. Онда тек халықтан алған қаражат қана бар. Демек билікте – халықтың қаражаты. Бізде сондай сана-сезім болуы керек. Бәлкім, биліктегі азаматтар қаражаттың халықтікі екенін түйсінсе, мүлдем басқа көзқараста болар ма еді? Халықтың қаражатына жауапкершілік те артар еді.
Қарапайым адамдардың қаражатқа қатысты сана-сезімі де өзгеше. Бізге несие, субсидия арқылы қаражат берілсе болды, оны «биліктің ақшасы» көріп, барынша тезірек жұмсап жіберуге тырысамыз. Түптеп келгенде, ол өз ақшамыз екенін ұғынбаймыз. Аспаннан түскен қаражат деп қараймыз. Керісінше, біз оны барынша үнемді, тиімді пайдалануымыз қажет.
Жасыратын несі бар, қазақстандықтардың ай сайынғы кірісі тым аз. Бірақ кірісі одан да төмен мемлекеттер бар. Айырмашылығы – олар біз секілді тойға шашылмайды. Кірісі аз мемлекеттердің азаматы былай тұрсын, дамыған, бай мемлекеттердегі азаматтар да ондай ысырапқа бармайды. Жуырда ғана Америкадан келдім. Жиенім сол мемлекеттің азаматына тұрмысқа шықты. Оларды аса бай да, тым кедей деуге де ауыз бармайды. Бірнеше шағын кәсібі бар. Солай бола тұра қонақтар саны 110 адамнан асқан жоқ. Азаматтық сана-сезім дегеніміз – осы!
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ:
Кез келген адамның мақсат-мүддесі мен арманы болады, олар оған жеткісі келеді, жақсы өмір сүргісі, алға қарай дамығысы келеді. Бұл – өмірлік заңдылық. Адамның бір ізбен жүріп-тұруы тіптен мүмкін де, ол тіптен міндетті де емес. Адам баласы басқалармен үздіксіз қарым-қатынаста болады. Дәл осы байланысының ортақ мүддеге негізделуі – азаматтық қоғамның белгісі. Әр адам белгілі бір құрылымдармен, бірлестіктерге ұйымдасып, қоғамның дамуына атсалысса, қоғамға көмектесу арқылы өзіне, отбасына көмектескен болады. Әр азамат мемлекетінің дамуына қолғабысын тигізіп, үлесін қосса, оған ешқандай ақы талап етпесе – азаматтық қоғамның дамығаны. Әркім мемлекетке көмектесуді өзіне көмектескені екенін түсінуі керек. Өз көмегін азаматтық парыз деп түсінуі қажет және осы сынды мәселелерде белсенді болғаны абзал. Азаматтардың жасына, ұлтына, жынысына қарамай басын қосатын, біріктіретін ортақ мақсатқа, яғни мемлекет дамуын ілгерілетуге жұмылған келісімді әрекет керек. Нақты істің болуы шарт, өйткені бос ақыл айту, ұрыс-керіс ешқашан дамуға алып келмеген. Азаматтық қоғам – азаматтардың бірлігі. Еліміздің болашағы мен тұрақтылығы үшін, өсіп-өнуіне жағдай жасайтын орта қалыптастыру ләзім. Мұндай ортаны қалыптастырудың тағы бір себебі – сыртқы факторлар. Қазіргі кезде, бәріміз білетіндей, әлем елдері өзара бәсекелестік жағдайында өмір сүруде. Бұл да заман талабы. Осындай бәсекелестікке ілесе алуымыз үшін алдымен азаматтардың белсенділігі мен біртұтастығы, ортақ мүдде үшін келісімді жұмыс істей алуы шарт.
Алуа ЖОЛДЫБАЛИНА:
Азаматтардың қоғамдық өмірдегі белсенділігін көрсететін бірнеше белгі бар. Әрбір азаматтың қоғамдық өмірге атсалысуы, ерікті ретінде қаншалықты жиі қызмет атқаратыны маңызды. Сонымен қатар e-Gov порталында ашық құқықтық-нормативтік актілер, ашық бюджет, ашық диалог бөлімдері бар. Сол жерде азаматтар өз ұсыныстарын, пікірін айта алады. Бұл да азаматтық қоғамның белгісі. Мұндай халық пікірін жинап, саяси шешім қабылдау тәсілін краудсорсинг деп атайды. Бүгінде Алматы қаласында жергілікті бюджетті талқылау жұмыстарында осы тәсіл қолданылады. Халық дауыс беру арқылы қай секторға қанша қаржы бөлу керегін шешуге үлес қосады.
Елдос АБАҚАНОВ:
Өзім жұмыс істейтін экология саласын қарастырайық. Бұл салада ірі жобаларды іске асырмас бұрын қоғамдық тыңдаулар өтеді. Осы тыңдауларда жобаның табиғатқа қаншалықты әсер етуі бойынша арнайы жоба жасалады. Ол қоршаған ортаға әсерді бағалау деп аталады. Мәселен, Семей полигоны аумағында мыс және алтын сынды түсті металдарды өндіретін кеніш ашылмақ болды. Соған байланысты қоғамдық тыңдаулар өтіп, онда біздің қауымдастықтың бір мүшесі қарсылығын білдірді. Кеніш орналаспақ болған аумақтан 30 шақырым жерде ауыл бар екенін алға тартып, жер қойнауында қазба жұмыстары жүргізілген жағдайда радиация жел, топырақ бораны арқылы ауыл тұрғындарына әсер ету қаупі барын жеткізді. Осындай талқылауларға азаматтардың көптеп қатысуы және сол талқылаулар негізінде жобалардың тоқтатылуы – үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі деп қарастыруға болады.Осындай бір мысалды Алматыдағы Көкжайлауға қатысты айтар едім. 2011 жылдан бастап қала әкімдігі тұрғындардың наразылығын тудырған жобаны қолға алмақ болды. Алайда қоғам белсенділерінің арқасында Көкжайлауға зиян келтірілмейтін болды. Осы мәселеге Президент те араласып, жобаны тоқтату жөнінде тапсырма берді. Келтірілген мысалдар экология саласында жұмыс істеп жатқан қоғамдық ұйымдардың кәсіби белсенділігін айғақтап отыр.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ:
Мен бұған дейін көп жылдар бойы әкімдікте жұмыс істедім. Әкімдіктер де министрліктер сияқты атқарушы органға жатады. Аудан, қала әкімі болсын, барлық ведомстволардың өз ережелері бар. Жоғарыдан төменге берілетін тапсырмалар болады. Тапсырмалардың орындалуы қаржыға байланысты. Сондықтан көп жағдайларда әкімдер де белгілі бір шеңберден шыға алмайды. Соңғы кездері азаматтар өз пікірін әкімдіктерге жеткізіп жатыр. Әкімдердің есеп беруіне қатысып, олардың жұмыстарын сынай бастады. Мұның басты мақсаты – әкімдерді халықтың қалауына қарай жұмыс істету. Әкімнің тағайындалатыны анық, дегенмен бәрібір халықтың пікіріне құлақ асады. Басқаша мүмкін емес, өйткені олардың үстінен арыз жазылуы, сын айтылуы мүмкін, ақпарат құралдарында да хабарлар таралуы ғажап емес. Бұған мүдделі болсын, болмасын халықтың пікіріне құлақ асуға тура келеді.
Асылбек ҚОЖАХМЕТОВ:
Билікте ел игілігі үшін дұрыс жұмыс істейтін адамдар қызмет етуі керек. Ондай адамдарда қара бастың қамы, байлығы, отбасы, туған-туысының жағдайы алдыңғы орында тұрмауы тиіс. Кезінде Алаш қайраткерлері қара басының қамын ойлаған жоқ. Бастарын бәйгеге тігіп, өмірін еліне арнады. Осындай азаматтар бүгін де билік басында отырса, елді дамытамыз деп жанын салатын еді. Жалпы, жаныма «мемлекет» сөзінен гөрі «ел» деген сөз жақын. Меніңше, мемлекет ұғымы билікке жақын. Халық пен мемлекет ұғымы үйлесім тапқан кезде ғана ел дәрежесіне көтеріледі.Билік «Үш тұғырлы тілді» алға тартады. Құптаймын. Бірақ ел басқарып отырған азаматтар да үш тілде сөйлей білгені әділ болар еді. Өйтпегені қызметінен босатылсын. Дейтұрғанмен, «билікке тәуелдіміз, бәріне билік кінәлі» деген түсінікті де құптамаймын. Ол – зиялы қауымға да қатысты. Қазіргі зиялылар билікке тәуелді. Атақ, ақша, баспана аламыз деп ұмтылады. Ондай зиялы қауым – зиялы қауым емес. Себебі халықтың санасын оятатын ең алдымен осы зиялылар болуы шарт еді. Ұлтқа үлгі болатын да солар. Өкінішке қарай, олай болмай тұр. Ел билікке емес, осы зиялы қауымға тәуелді болуы керек еді. Билік – уақытша, зиялы қауымның беделі мен еткен еңбегі – ғасырдан-ғасырға жалғаса бермек. Зиялы қауымның ұстанған бағыты дұрыс болса, билік соларға қарап дұрыс қадам жасайды. Зиялы қауым болмаса, билік ойына келгенін істейді. Демек, билікті ғана кінәлай бермей, оны жөнге салатын зиялы қауымымыз қайда деген сұрақты да қоя білу қажет.
Зиялы қауым кері кеткенімен, атқарушы биліктегілер арасында азаматтық қоғамды дамытуға шын мәнінде мүдделі азаматтар да бар. Жоқ деп айта алмаймын. Десе де, жемқорлыққа белшеден батқандары да бар екенін мойындауымыз керек. БАҚ-та, әлеуметтік желілерде шенділердің парақорлығы туралы жиі айтылады. Соған қарап халық санасында екінің бірі, егіздің сыңары парақорға айналды. Көбейіп кеткендей көрінеді. Бізге ондай үлгінің қажеті жоқ. Ісіне адал, сөзіне берік азаматтарды да айшықтап отырғанымыз жөн болады. Ондайларды қолдап-қолпаштап, қызметінің жоғарылауына мүдделі болуымыз керек. Елімізде меритократия жетіспейді. Осы бағытта жұмыс жасаған жөн.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ:
Атқарушы билік азаматтық қоғамның дамуына мүдделі емес деуге болмайды. Өйткені сыртқы қауіп-қатерлер тек азаматтарды емес, билікті де ойландыруы керек. Бүгінде ақпарат айдынында дүрбелең шығару оңай, бәрін ойлап табуға болады. Сондықтан азаматтық қоғамның дамуына атқарушы билік органдары мүдделі болуы керек. Өйткені азаматтық қоғамның дамуы биліктің қолын ұзартады. Ауыл-аймақтағы, жергілікті деңгейдегі мәселелерді азаматтық белсенділік арқылы шешуге мүмкіндік алады. Бүгінде «үшінші сектор» саналатын үкіметтік емес ұйымдардың негізгі мақсаты да осы болуы қажет. Алайда еліміздегі аталған ұйымдар үкіметке тәуелді болып отыр. Ең алдымен, олар үкіметтің нұсқауымен емес, өздері құрылуы керек. Үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік, мәдени мәселелерді шешуге негізделуі шарт, олардың жұмысының саясаттандырылмағаны дұрыс. Олардың негізгі функциясы – қоғамды әлеуметтендіру, халықты рухани сауықтандыру. Ол адам ағзасына жас қан жүгірткендей, қоғамның саналы бірігуіне алып келуі керек. Үкіметті сынай бергенше, оның қолы жетпей жатқан міндеттердің біразын өзіне алуы керек.Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтқан «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы да қоғаммен байланыстың маңызды екенін көрсетіп отыр. Бұл формуладан халықпен кері байланыстың маңызды екенін, азаматтармен кері байланыс арқылы олардың сеніміне ие болатынымызды көріп отырмыз.
Халықтың саяси мәдениетіне келер болсақ, егеменді ел болғанымызға 30 жылға жуық уақыт болды. Халық санасында әлі де әлеуметтену процесі жүріп жатыр. Біздің қоғамда ала да бар, құла да бар. Сондықтан бұл үлкен әрі ұзақ жолды жүріп өтуді талап етеді. Осыған дайын, толық пісіп-жетілді демесек те, қазіргі кезде кейбір мәселелерге қатысуға, оларды түсінуге шамамыз келіп қалды. Барлығы шешім қабылдауға тіреледі. Өйткені қоғамдық мәселелерді талқылауларда пікірі ескерілмегеннен, шешім қабылданғаннан кейінгі әрекеттердің жан-жақты ойластырылмағандығынан азаматтардың бұл үдеріске секемденіп, сенімсіздікпен қарауға еті үйреніп кетті. Сондықтан олар белсенділікке көп жағдайда құлшыныс танытпай, қалыс қалып отырды.
Алуа ЖОЛДЫБАЛИНА:
Әрбір мемлекет, оның ішінде атқарушы орган азаматтық қоғамды дамытуға мүдделі. Өйткені азаматтық қоғам – серіктес. Әсіресе шешім қабылдау кезінде көптеген баламалы көзқарасты ұсынады. Ал серіктес ретінде шешімнің әрі қарай жүзеге асуына көмектеседі. Мемлекеттік органның барлығы белгілі бір мәселеге бірдей қарауы мүмкін, ал азаматтық қоғам институттары білім, медицина, әлеуметтік қорғау сияқты әртүрлі саладағы топтар болғандықтан жан-жақты көзқараста. Сонымен қатар олар жергілікті мәселелерді жақсы біледі. Осылайша диалог арнасы ретінде үкіметке, мемлекетке ақпаратты тез жеткізе алады. Атқарушы орган мұндай топтарды баламалы ақпаратты алу, ортақ шешім қабылдауға пайдалана алады.Елдос АБАҚАНОВ:
Бүгінде мемлекет тарапынан есеп беру жүйесі қалыптасты. Яғни, үкіметтік емес ұйымдар осыған жауапты министрлікке қай бағытта жұмыс істеп жатқаны жөнінде арнайы базаға ерікті түрде есеп беріп отырады.Бұл жұмыс елімізде «Үкіметтік емес ұйымдар туралы» Заңға сәйкес жүргізіледі. Яғни, барлық үкіметтік емес ұйымдар осы заң аясында жұмыс істейді. Негізгі мақсат – аталған ұйымдардың заң, жарғы аясында жұмыс жүргізуін реттеу. Сондықтан мемлекет тек үкіметтік емес секторды қолдай алады дер едім. Сондықтан мемлекеттің үкіметтік емес секторды қолдауы – атқарушы биліктің азаматтық қоғамды дамытуға деген мүдделілігін аңғартады. Бірақ мына іспен айналысуына болады, ал мына іспен айналысуына болмайды деп кесіп-пішуін дұрыс деп есептемеймін.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ:
Жоғарыда айтып өткенімдей, әкімдер жылына кемінде 4 рет есеп береді. Халықтың алдындағы есебі былай қалғанда, мәслихаттардың, қоғамдық кеңестің алдындағы есебі бар. Бүгінде елімізде қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Таңдаулы қайраткерлер бас қосқан құрылым арқылы да өз пікірін, мәселесін жеткізіп жатқан азаматтар аз емес. Дегенмен, соңғы кезде оның өзі де сынға ұшырап жүр. Олардың құрамын министрліктердің нұсқауымен бекітті деген наразылықтар жоқ емес. Сондықтан қоғамдық кеңестің мүшелерін де халық таңдауы керек.Қорыта айтар болсам, әлемде азаматтық қоғамнан артық қоғам жоқ. Ең жақсы қоғам – азаматтық қоғам. Билік азаматтардың көзқарасына, пікіріне тәуелді болуы керек.
Асылбек ҚОЖАХМЕТОВ:
Азамттық қоғамды дамытпай – Қазақстанды гүлдендірудің өзге жолы жоқ. Азаматтық қоғамды дамытпайтын мемлекеттер де бар. Ол мемлекеттердегі халықтың экономикалық жағдайы тым нашар. Ондай мемлекеттер Азия мен Африкада көп те, Еуропада аз. Оңтүстік Америкада көп те, Солтүстік Америкада аз. Содан-ақ азаматтық қоғамның артықшылығын аңғаруға болады.Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын жоғары бағалаймын. Көптен күткен ойлар айтыла бастады. Толық айтылды демеймін, бірақ басқаша бағыт аңғарылады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату мәселесі, азаматтық қоғамға қолдау көрсету мен азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажеттілігі айтылды. Барлық оң қадам дұрыс сөзден басталады. Ендігі күткеніміз – нақты қадамдар.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Оның өзі қоғамдық сенімнің жоқтығын айғақтап тұр. Сенім болған болса, кеңес құрудың қажеті не еді? Десе де, «ауруын жасырған өледі» деген бар. Мұны «ауруын жасырған ел дамымайды» деп түрлендірер едім. Ауыру – айтылды. Қоғамдық сенім жоқ. Тиісінше жоғарыда айтылған кеңесті құрдық. Ендігі ретте аталған кеңеске мүшелік етуге азаматтар шақырыла бастады. Кейбірі «сенім жоқ, беделім төмендеп қалады» деген желеумен бас тартты. Келмеген, тырыспаған адамнан не күтуге болады? Елін сүйген азамат абыройын емес, Отанының гүлденуін ойламаушы ма еді?
Мен осы кеңестің мүшесімін. Алғашқы отырыс ойдағыдай өтіп, аса маңызды деген 64 ұсыныс жасалды...
Жалпы, билік пен қоғам арасында жақсы диалог жолға қойылып келеді. Оған дәлел ретінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылуын, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын алға тартуға болады.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ:
Мемлекет тарапынан қолға алынып отырған бастамаларға келетін болсақ, 2016 жылы «Волонтерлік қызмет туралы» Заң қабылданып, 2017 жылы өткен ЭКСПО халықаралық көрмесінде еріктілер жұмыс істеді. Елбасы Н.Назарбаев 2019 жылды Жастар жылы деп белгілеп, ал Президент Қ.Тоқаев 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялап отыр. Волонтерлік – нағыз демократиялық үдерістің көрінісі. Көріп отырғанымыздай, бұл мәдениетті қалыптастыру жастардан басталуы құптарлық жайт. Қазір көп жастарымыз шетелдерде оқыған, ғаламдық ақпараттық кеңістікте өмір сүріп жатыр. Жастар бәрін түсінеді, тек оларға дұрыс бағыт беру керек. Олардың бойында демократия мәдениетін қалыптастырып, соның заңымен өмір сүруге бағдарлау керек. Демократия ойыңа келгенді істеу емес. Демократия – нағыз еңбек екендігін мықтап ұғынып алған дұрыс. Ол басқа азаматтардың құқықтары мен бостандығына нұқсан келтірмей өмір сүруді, тіл табысуды білдіреді. Демократия – мемлекетіңді өзіңнің және басқалардың өмір сүруіне жайлы етіп дамытуға, осыған сай келетін қоғам құруға үлес қосу.Басқа мемлекеттерде, мәселен Малайзияда, еріктілік пен скауттық қозғалысты үйлестіретін мамандарды университеттерде арнайы даярлайтын. Яғни, университеттердің құрылымында адамға көмектесуді үйрететін, оларды азаматтық белсенділікке тәрбиелейтін, білікті мамандар даярлайтын факультеттер бар. Әр мектепте осындай қозғалыстар мен ұйымдар жұмыс істейді. Оны осындай арнайы мамандықты игерген адамдар үйлестіріп отырады. Бізге де азаматтық қоғамның дамуына үлес қосатын дағдыларды үйретуді осы тұрғыда қолға алу керек. Одан кейін, өз сараптамасын жасап, ұсыныс білдірушілердің пікірін тыңдап, билік органдары оларды ынталандырып, серіктесі ретінде қабылдағаны жөн. Сол кезде ғана қоғам алға басып, оның азаматтарының белсенділігінің артары анық.
Алуа ЖОЛДЫБАЛИНА:
2020 жыл елімізде Волонтер жылы деп белгіленді. Волонтерлердің институты, жалпы олардың мемлекеттегі жұмысы азаматтық позицияның, азаматтық сананың оянғанының белгісі. Қазір де көптеген қайырымдылық шаралары бар, оған қатысты заңның қабылдануы бұл саладағылардың әлеуметтік жауапкершілігін көрсетеді. Мемлекет тарапынан үкіметтік емес ұйымдарға гранттар, үлкен көлемде қаржы бөлінеді. Аталған бастамалар азаматтық белсенділікті көтереді. Бүгінгі ең басты мәселе үкіметтік емес ұйымдардың нақты бір бағыт бойынша маманданып жұмыс істеуі. Сонымен қатар форумдар мен талқылаулар бар. Халықты, жергілікті халықты шешім қабылдауға жұмылдыру керек.
Елдос АБАҚАНОВ:
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен жаңа экологиялық кодекс жасалып жатыр. Аталған кодексте қоғамдық бақылау, сараптама және мониторинг құралдары күшейтілуде.Мәселен, бұған дейін экология туралы заңнама бұзылса мемлекеттік емес ұйымдар экология департаментіне өтінім жазады, ол өтінім прокуратурада тіркеледі, содан кейін барып қана заң бұзған кәсіпорын қызметіне құзырлы орган саналатын экология департаменті араласатын еді. Бұдан былай мемлекеттік емес сектордан өтінім түссе, ол өтінім прокуратурада тіркелмей, бірден тексеру жұмыстары жүргізіледі. Жоғарыда айтылған қоршаған ортаға әсерді бағалау жобасы бұған дейін жобалау-сметалық құжаттың бір бөлігі ретінде ғана қарастырылған болса, енді бұдан былай кодекстің арнайы бағыты ретінде ескерілетін болады.
Кодексте экология жөніндегі ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігі де назардан тыс қалмады. Соның ішінде автоматтандырылған бақылау құралдары да бар. Осының барлығы қоғамның қатысу принципін жаңа деңгейге көтеріп отыр. Азаматтардың, үкіметтік емес ұйымдардың құқығы бекітілді. Яғни, экология саласына қатысты азаматтық сектордың белсенділігін ынталандыру мәселесі ескерілуде. Нәтижесінде, қоршаған ортаны ластаушы ірі кәсіпорындар қоғамдық бақылау құралы бар екенін ескеріп, біріншіден заң бұзбаса, екіншіден, сол кәсіпорындарда жаңғырту жұмыстарын жүргізеді.
Жазып алғандар
Рауан ҚАБИДОЛДА,
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»