Жақында Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық орталық кітапханада қаламгер атындағы әдеби зал ашылды. Мұнда Алтайдың кербұғысы атанған жазушының барлық шығармалары, фотосуреттері, керек десеңіз, ең алғашқы жазған өлеңі, тұңғыш мақаласының, жазған хаттарының көшірмелері де қойылыпты.
Қара сөздің хас шеберінің былтыр Лондонда ағылшын тілінде жарық көрген кітабының бір данасы да залдың төрінен орын алыпты. Әдеби залдың ашылу салтанатында қонақтарға кітапхана сайтындағы «Оралхан Бөкей әлемі» парақшасы таныстырылды. Кітапхана директоры Хабиба Ақжігітованың айтуынша, Оралхан Бөкейге қатысты барлық мәліметтерді, жазушының кітаптарын, айтқан сөздерін, жазған күнделіктерін, қаламгер жайындағы естеліктерді, мақалаларды, фильмдерді, ғылыми жұмыстарды осы парақшадан көруге болады.
«Жазушының әлемнің өзге тілдеріне аударылған шығармаларын да сайттан таба аласыздар. Әдеби залға, жаңадан ашылған сайттағы парақшаға материалдар небәрі 3 айдың ішінде жиналды. Мұны әлі де толықтыратын боламыз. Алдағы уақытта жазушы атындағы әдеби залда әртүрлі кездесулер, шығармашылық кештер және тағы басқа да шаралар ұйымдастырамыз. Ай сайын осы жерде Оралхан Бөкейдің бір шығармасын талқылап отыру жоспарымызда бар. Сөздің орайы келгенде әдеби залды керек-жарақтармен жабдықтауға көмектескен кәсіпкер Ғани Шаймардановқа, «Казцинк» және «Ореол LTD» кәсіпорындарына алғысымды жеткізгім келеді», дейді ол.
Әдеби залдың ашылуына шаһардағы зиялы қауым өкілдерімен бірге жазушының қарындасы Ғалия Бөкейқызы мен Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар қатысып, Оралхан Бөкейдің әдеби залының ашылуы шаһардың мәдени өміріндегі айтулы жаңалық екендігін атап өтті. Ғалия Бөкейқызы сөз арасында қазіргі уақытта қараусыз тұрған Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылындағы Оралхан Бөкейдің музейі алдағы уақытта назардан тыс қалмайтынын, осы орайда «Оралхан Бөкей үйі» атты халықаралық қор құрылып жатқанын жеткізді.