• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Парламент 24 Желтоқсан, 2019

Дариға Назарбаева Үкіметке заң жобалау жұмыстарының жоспарын алдын ала келісуді ұсынды

229 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын сайлау және қызметтен босату туралы» ұсынысы күн тәртібіндегі бірінші мәселе болды. Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне ұсынылған кандидаттарды талқылау және қорытындылар дайындау тапсырылды. Сенаторлар бұл шешімге қолдау білдірді. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Парламент Мәжілісі мақұлдаған «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенiн құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын бөлу күн тәртібіндегі екінші мәселе болды. Жоғарғы палатаның Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті осы заң жобасына пысықтау жұмыстарын жүзеге асыратын және қорытынды әзірлеу бойынша бас комитет болып белгіленді.

Бюро отырысында сонымен қатар Сенаттың 26 желтоқсанда өтетін кезекті отырысының күн тәртібіне 11 мәселе енгізу туралы ұсыныс қаралды.

Отырыс барысында Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева бала асырап алу туралы заңға түзетулер енгізу туралы мәселе көтерді. Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волковтың айтуынша, бүгінгі таңда заң жобасы комитетте барлық жауапты органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп қаралуда.

«Жұмыстың осы жерінде үлкен олқылық бар. Отбасынан патронаттық тәрбиеге немесе қамқорлыққа кеткен балаларға ешқандай мониторинг жүргізілмеген. Бұл балаларға мемлекет назар аудармай отыр. Олар балалар үйінде болғанда мемлекет бақылай алады, жұртшылық мониторинг жүргізеді, жауапкершілік бар. Балалар отбасынан кетіп қалған жағдайда өмірі қалай қалыптасатынын ешкім білмейді. Бұл фактіні ескеру керек», - деді Дариға Назарбаева.

Бюрода Парламент Сенатының регламентіне өзгерістер мен толықтырулар туралы мәселені отырыстың күн тәртібіне енгізу жөнінде ұсыныс қаралды. Қазіргі уақытта регламент 182 тармақтан тұрады. Енді 55 түзету енгізу жоспарланып отыр.

Сенат Төрағасы жоғарғы Палатаның регламенті туралы, Парламентке келіп түсетін заң жобаларының сапасы мен оларды дайындау мерзімдері туралы мәселені көтере отырып, Үкіметтің Парламенттегі өкілі Ермек Аманшаевқа: «Заң жобасын қарау мерзімі бойынша мәселе өте өткір күйінде қалып отыр. Әр жыл сайын қараша айының соңы мен желтоқсанда заңдар түсе бастайды. Бұл жобаларды біз шұғыл түрде қарастыра бастаймыз. Ол дұрыс емес. Бұл заңның сапасына әсер етеді», - деді ол.

Е.Аманшаевтың ақпараты бойынша, қаңтар айынан маусым айына дейін Үкімет заң жобалау жұмыстарын дайындау жоспарының 30%-ын орындады. Сондықтан бүгінгі күні Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша Үкімет жұмысының регламентіне өзгерістер енгізілді.

Палата басшысы Үкіметке заң жобалау жұмыстарының жоспарын келісуді және Парламентке алдын ала заң беруді ұсынды. «Үстіміздегі жылы қаралатын заңдар кем дегенде екі ай бұрын түсуі керек. Депутаттар заң жобасын сапалы әрі мерзімінде қарап үлгеруі үшін», - деп атап өтті Д.Назарбаева.

Бюро мүшелері отырыс барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 2020 жылға арналған Негізгі іс-шаралар жоспарын бекітті.