Еуразиялық интеграция институтында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың қорытындысы бойынша атқарған «басты 10 ісі» баяндамасының тұсаукесері өтті.
Жинақты журналистерге таныстырған саясаттанушы Ерлан Саиров биылғы жылдың Қазақстан тарихындағы маңызына тоқтала келе, билік транзитінің өте өзекті мәселе екенін атап көрсетті.
«Биыл Қазақстан үшін жауапты кезең. Алғаш рет билік транзитінің эволюциялық жолмен өтуіне куә болдық. Бұл – күн тәртібіндегі басты және жауапты мәселе. Президенттік сайлауда халықтың басым дауысымен Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. Осылайша, заңды мемлекет басшысы ғана емес, халықтың сенім мандатына иеленді. Қысқа мерзім ішінде Қ.Тоқаев жақсы істерге ұйытқы бола білді. Президенттің жарты жылдық қызметін түйіндей келе, ең елеулі 10 істің тізімін жасадық», деді Ерлан Сайыров.
Еуразиялық интеграция институты сарапшыларының айтуынша, Қ.Тоқаев ең әуелі мемлекеттік бағыттың бірізділігін қамтамасыз етті. Бұл – билік транзитінің басты шарты. Бір жағынан, қазіргі мемлекеттік бағытты іске асыруды жалғастырса, екінші жағынан, жаңа серпін әкелді. Сондай-ақ биліктің сабақтастығын қамтамасыз етіп, қоғаммен диалогқа, пікір плюрализміне және әралуан көзқарасқа негізделген мемлекеттік дамудың жаңа бағытын қалады.
Мемлекет басшысы атқарған келесі маңызды бағыт – халықтың наразылық көңіл-күйін ақылға қонымды қадамдар арқылы бәсеңдетті. Институты сарапшылары Президент Қ. Тоқаевтың «күшке салу» моделінен бас тартып, халықтың қалауын орындауға талпынғанын айтады.
«Жаңа ішкі саяси парадигмалар жарияланды: «әр алуан пікір – біртұтас ұлт», «елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес», «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет». Биліктің саяси лексиконы өзгерді, оған «баламалық», «плюрализм», «біртіндеп саяси трансформациялау» сияқты ұғымдар енді. Мемлекет интернетті бұғаттау, митингтерді күшпен тарату тәжірибесінен бас тартып, қалаларда санкцияланған митингтер өткізілді», деді Е.Саиров.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы жаңа саяси стандарттар белгіледі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты жарияланды. Бюрократиялық кедергілер жойылып келеді, азаматтардың уәкілетті органдарға тікелей сұрақ қою және оларды толғандыратын проблемалардың барлық аспектілері бойынша жылдам жауап алу мүмкіндігі жолға қойылды.
Президент Тоқаев әрқашан өзекті оқиғалардың ортасында болды. Әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысы ретінде Мемлекет басшысы еліміздегі өзекті оқиғаларға жедел баға берді. Сонымен қатар резонанстық істерге қатысты пікірін білдіріп отырды.
Институт сарапшыларының пайымдауынша, Қ.Тоқаевтың атқарған істерінің тағы бір парасы – азаматтардың құқығын қорауды күшейтті. Мәселен, Халыққа Жолдауында есірткінің заңсыз айналымы, зорлау, адам саудасы, браконьерлік секілді қылмыстар үшін жазаны қатаңдатуды талап етті. Ел Президентінің талабы бойынша Мәжілісте осы бағытта бірқатар маңызды түзету қабылданды.
Сондай-ақ ең елеулі 10 істің тізіміне мемлекеттік аппараттың басқарылуын сақтап қалу, Қазақстанның халықаралық аренадағы абыройын одан әрі нығайта түсу, мемлекетке сенімді арттыру, ұлттық диалог қалыптастыру секілді өте өзекті қадамдар енген.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы халықтың жекелеген топтарының, жалпы қоғамның әлеуметтік көңіл-күйін арттыруға бағытталған іргелі бастамаларға ұйытқы болды. Мәселен, несиелік рақымшылық жасалып, студенттік шәкіртақы, бюджеттегілер – педагогтар, азаматтық қорғау органдары мен құқық қорғау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы артады.
Сарапшылардың сөзіне қарағанда, халықтың басым көпшілігінің игілігі мен мүддесі үшін қабылданға мұндай шешімдер Президент Қ.Тоқаев бағдарына халықтық сенімін нығайтады.
Сонымен қатар Президент Ұлттық идеологияның жаңа тәсілдерін қалыптастыра білді. Атап айтқанда, келесі жылы әл-Фарабидің – 1150 жылдығы, Абайдың – 175 жылдығы және Алтын Орданың 750 жылдығы мемлекеттік деңгейде өтеді. Семей қаласының әуежайы Абай құрметіне аталды, ал Атырау әуе айлағына Хиуаз Доспанованың есімі берілмек. Атамекенге оралған отандастарға қатысты Мемлекет басшысы «қандас» терминін қолдануды ұсынды.
Қорыта айтқанда, еліміздің даму траекториясы маңызды тарихи кезеңді бастан өткеріп жатыр. Бұл тұрғыдан алғанда Президент Қ. Тоқаевтың ел үшін еткен еңбегі көңілге сенім ұялатады.