• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Шілде, 2013

Бас бармақпен бағаланған бес медаль

275 рет
көрсетілді

Жақында Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында күрес түрлерінен өткен Азия чемпионатында біздің грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресінен сынға түскен қыз-жігіттеріміз бес алтын жүлдені жеңіп алды.

Грек-рим күресінде Айдос Сұлтанғали (50 кг), Темірлан Ша­дукаев (69 кг) Азия чемпионы атанса, еркін күресте Нұржан Сейіт­жан (46 кг), ал әйелдер күресінде Мәдина Бақбергенова (56 кг) мен Жәмила Бақбергенова (70 кг) бас жүлдеге ие болды. Осы сында грек-рим күресінің балуандары Зелимхан Усманов (42 кг), Елнұр Мұхамеджан (54 кг), Елдос Мағзұмов (76 кг) пен Салауат Ахметқалиев (100 кг) күміс жүлдені иеленсе, қола жүлдені Нұрқанат Нұрахметов (63 кг) қанағат тұтты. Сөйтіп, біздің балуандар грек-рим күресінде жалпыкомандалық есепте екінші орынды алса, бірінші орынды Қырғызстан құрамасы, ал үшінші орынды Иран командасы иеленді.

Еркін күресте де балуандарымыз осалдық танытқан жоқ. Бұл жерде бір ғана алтын медаль алсақ та спортшыларымыздың көбі финалға, жартылай финалға шығуға мүмкіндік алды. Онда Алмас Жұмабаев (42 кг) пен Зулфикар Махаматов (63 кг) финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанса, Ілияс Жұмай (69 кг), Әділет Қалтаев (76 кг), Ибрагим Чипчиков (85 кг) пен Тимур Жолдасов (100 кг) қола жүлдені місе тұтты. Қазақстан бұл белдесулерде жалпыкомандалық есепте үшінші орын алды.

Әйелдер күресінде екі алтын жүлдеден басқа Светлана Анкичева (40 кг), Анжелика Шелчкова (52 кг) мен Айсұлу Бекалаева (60 кг) күміс жүлдеге ие болса, Марина Зуева (46 кг), Мөлдір Құрманбай (49 кг) мен Әзиза Тұрмағамбет (65 кг) үшінші орыннан көрінді. Бұл бәсекеде біздің қыздарымыз алға жапондарды жіберіп, жалпыкомандалық есепте екінші орынды еншіледі.

Азия чемпионатына Қазақстан құрамасын аға жаттықтырушылар Серік Жұмашев, Қайрат Сағадиев пен Нұрғали Рахманқұлов бастап барды.