Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында Президент Қ.Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіндегі қазақ тілін жаңғыртуға байланысты айтқан ойларының негізінде жиын өтті.
Оған Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалымдары мен мамандары және Назарбаев Университеттің, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық, Қазақ бизнес және технология университеттерінің, Еуразия гуманитарлық институтының ғалымдары қатысты. Сонымен қатар онлайн-режімде Алматы қаласынан А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғалымдары да байланысқа шықты.
Алғашқы болып сөйлеген Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов жиынның мақсаты Президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде тіл реформасы жайлы айтқан ойларынан өрістейтін бастамаларды айқындау екенін айтты. Әрі қарай сөз кезегін ғалымдар алып, реформалау жайлы көзқарастары мен пікірлерімен бөлісті.
Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жиынында латын әліпбиіне көшу мәселесінде асығыстыққа жол берілмейтінін айтқан еді. Әрі «қазақ тілін реформалау керек» деген тың идеясын ортаға тастаған. Кешегі жиында «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Орфография басқармасының басшысы Гүлфар Мамырбек өткен ғасырда тілімізге үш рет реформа жасалғанын айта келіп, реформа жасауда науқаншылдыққа, әсіретөңкерісшілдікке, асығыстыққа жол берілмеу жағына ерекше тоқталды. Филология ғылымдарының докторы Құралай Күдерина өз баяндамасында жазу тілі мен сөйлеудің байланыстылығына көңіл аударды. Жазуда ілік жалғауын, жатыс септігінің жалғауын және көптік жалғауын көп пайдаланатынымызды айтып, реформалау барысында қазақ тілінің сөз жасамын артық формалардан тазарту назарға алынса деген ұсынысын білдірді. Ол сондай-ақ қазіргі оқулықтардың тіліне де сын айтты. «Біз қарапайым нәрсені түсіндіру үшін күрделі сөйлемдер құрастырамыз», деген ғалым қазақша сөз саптауды ұсынды.
Белгілі лингвист Анар Фазылжан Президент тапсырмасының науқанға айналып кетпеуіне мән берді. Оның баяндамасы негізінен филологиялық білім беруді жаңғыртуға арналды. «Бізде филология бойынша саусақпен санарлықтай ғана мамандықтар бар. Ал өзіміз үнемі мысал келтіріп үйренген көрші Ресейдегі Ломоносов университетінде филология бойынша 42 мамандық бар», – деді ол. Ғалым елімізде филологиялық білім берудің классикалық әдіске негізделгенін айта келіп, ол әдістің заман талабына сай өзгеруі қажеттігін, яғни, коммуникативтік білім беру алға шығуы қажеттігін атап өтті.
Жиын барысында көптеген ғалымдардың баяндамалары, ұсыныстары мен жобалары тыңдалып, талқыланды. Әсіресе коммуникативтік білім беру, ықшамдалу үдерістері, сөз жасам, әдеби норма мәселелеріне қатысты көптеген пікірлер айтылды. Бастысы, тілді реформалауға қатысты өзекті мәселелерді тілдің өз мамандары айтты.