Енді қазақстандықтар азаматтық хал актілерінің барлығын тұрғылықты тіркеу орнына қарамастан, кез келген жерден ала алады. Бұл туралы заңға енгізілген түзетулер Парламент Сенатында қабылданған заң жобасында қарастырылды.
Жаңашылдық баланың тууына, некені тіркеу мен ажырасуға, аты-жөні мен тегін өзгертуге байланысты құжаттарды, сондай-ақ қайтыс болу құжаттарын тіркеу сияқты қызметтерді қамтиды. Еске салайық, бұрын азаматтар аталған мемлекеттік қызметтерді алу үшін тұрғылықты тіркеу орны немесе тіркеу жазбасының орналасқан жері бойынша мемлекеттік корпорацияның фронт-офистеріне немесе АХАТ бөліміне хабарласатын. Енді азаматтық хал актілеріне қатысты 5 түрлі қызметті кез келген ХҚО-дан немесе АХАТ-тан алуға болады. Бұл керекті құжаттарды аз уақыт ішінде алуға және сыбайлас жемқорлық деректерін болдырмауға мүмкіндік береді.
Бұрын құжаттарды рәсімдеп алу үшін өтініш беруші тіркеу орны бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарына немесе тіркеуші органға хабарласып, 5-тен 30 күнге дейін жауап күтетін, бұл қызмет алушылар үшін қолайсыздық пен қосымша қағазбастылықты тудыратын.