• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Желтоқсан, 2019

Өндіру көлемі артады

197 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысындағы Чинарев мұнай-газ конденсаты кен орнында табиғи газды ауыр көмірсутегінен тазартып, техника­лық пропан, тауарлы құрғақ газ, пропан-бутан қоспасы және қалыпты газ конденсатын алуға болатын жаңа кешен жұмысын бас­тады. «Жайықмұнай» компаниясының соңғы үлгідегі №3 газды кешенді дайындау қон­дырғысын іске қосу рәсіміне Батыс Қазақ­стан облысының әкімі Ғали Есқалиев қатысты.

Бұл – кеніштегі №3 газды кешенді дайындау қондырғысын жетілдірудің үшінші кезеңі. Жаңа, заманауи озық технологияның күшімен қондырғы жылына 2,7 млрд текше метр газ өндіре алады. Жетілдіру жобасына 218 млрд теңгеден артық қаражат жұмсалған. 

– Қазақстанда бизнес жүргізу үшін барлық жағдай жасалған. Соның нәтижесінде «Nostrum» компаниясы ел экономикасына тұрақты түрде инвестиция салып келеді. №3 газды кешенді да­йындау қондырғысын жетілдірудің үш кезеңнен тұратын жобасы газ шикізатын өңдеу көлемін екі еседен артық көбейтеді. Яғни, өнім өндіру жылы­на 4,2 млрд текше метрге дейін жетпек. Сөй­тіп, компания толық күшінде жұмыс істеген жағ­дайда тәулігіне мұнайдың 100 мың баррельден артық эквивалентіндей өнім шығарады, – дей­ді кеніштегі технологиялық жаңғырту жұмыс­тарын жүргізуші Nostrum Oil & Gas PLC компа­ния­сы­ның бас атқарушы директоры Кай-Уве Кессель.

Шетелдік инвестицияның отандық экономика әлеуетін көтеруге қосқан оң үлесін өңір басшысы Ғали Есқалиев те атап өтті.

– №3 газды кешенді дайындау қондырғы­сы­ның біздің аймақ үшін маңызы зор. Өйткені «Жайықмұнай» компаниясы – өңірдегі ең ірі салық төлеушілердің бірі. Бұл жоба өндірістік қуатына толық көшкен кезде салық түсімі, мұнай қоры, жергілікті және мемлекеттік бюджет екі есеге артады. Бұл дегеніңіз өңір мен мемлекет үшін үлкен қолдау. Қазір компания мұнай қорына, мемлекет бюджетіне жылына 10-12 млрд теңге қосып отыр. Бұл жерде 200-ге жуық жұмыс орны ашылды. Кешен құрылысында жергілікті компаниялардың жұмыс істеуі де маңызды болды. Жаңа қондырғы еліміздің ең үлкен мейрамы – Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылуы да тегін емес. Қазақстанның заманауи дамуы, әлемдік бәсекелестікке ұмтылуы да осы тәуелсіздіктің нәтижесі, – деді өз сөзінде облыс әкімі Ғали Есқалиев.

«Жайықмұнай» ЖШС – мұнай және газ кен орындарын барлап, өндірумен және мұнай-газ конденсатын сатумен айналысатын компания. «Жайықмұнай» Чинарев кен орнында 1997 жылдан бері тұрақты өнім өндіріп, жүйелі дамып келеді. 22 жыл ішінде кеніш аумағында бұрғылау қондырғылары, жабық құбыр жүйесі, шикізатты жинау, мұнайды дайындау кешендері, №1/2 газды кешенді дайындау қондырғылары іске қосылды. Сұйытылған көмірсутегі газының қойма­лары, қысымды бірқалыпты сақтау жүйесі, Белес ауылын­дағы терминалға дейін магистралды мұнай құбыры салынды. Тауарлы газды магистралды жүйеге дейін жеткізетін құбыр жұмыс істеп тұр.

 

Батыс Қазақстан облысы