• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Шілде, 2013

Апатты аймақты аралайды

326 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуника­ция­лар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаевтың қатысуымен журналистерге арналған кезекті брифинг өтті. Ресми өкіл өз сөзінде ағымдағы аптада өтетін маңызды іс-шаралармен таныстырды.

 

Кеше Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуника­ция­лар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаевтың қатысуымен журналистерге арналған кезекті брифинг өтті. Ресми өкіл өз сөзінде ағымдағы аптада өтетін маңызды іс-шаралармен таныстырды.

 

Алтай Әбибуллаев Иран басшы­лы­ғының шақыруы бойынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 4 тамызда Иран Ислам Республикасының жаңадан сайланған Президенті Хасан Роуханиді ұлықтау рәсіміне қатысатынын, салтанатты шараға басқа да шет мемлекеттердің басшылары, үкіметтер және парламенттер спикерлері шақырылып отырғанын, Теһеранда Нұрсұлтан Назарбаев Иранның жаңа Президенті Хасан Роуханимен екіжақты кездесу өткізетінін атады.

Қазақстан мен Иран Каспий жаға­лауындағы мемлекеттер ретінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анық­тау жөніндегі келіссөз процесіне қатысатыны белгілі. Бұл ретте, біздің еліміз өңірдің барлық елдерімен достық және әріптестік қарым-қатынаста және сауда-экономикалық байланыстарды әрі қарай кеңейтуді қолдайтыны да аян. «Біз Иран ядролық бағдарламасының төңірегіндегі мәселелерді бейбіт және дипломатиялық жолмен реттеудің маңыздылығын о бастан айтып келеміз. Қазақстанның шақыруы бойынша ағымдағы жылдың ақпан және сәуір айларында Алматыда Иран ядролық бағдарламасы бойынша «5+1» піші­нін­дегі келіссөздердің екі кезеңі өтті», деді ресми өкіл.

Үкімет желісі бойынша өтетін іс-шараларға тоқталған Алтай Әбибул­лаев Қызылорда облысының даму жағдайымен танысу мақсатында 1 тамыз күні Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаевтың аталмыш өңірге жұмыс сапары жоспарланып отырғанын айтты. Вице-премьер сапар аясында Көкарал бөгетін, Арал балық өңдеу зауытын, өңірдің басқа да әлеуметтік маңызды шаруашылық нысандарын араламақ. Сондай-ақ Премьер-Министрдің бірінші орын­ба­сары Бақытжан Сағынтаев, Қорша­ған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров, Ұлттық ғарыш агенттігінің төр­ағасы Талғат Мұсабаев және басқалар «Протон-М» зымыран тасығышы құлаған жерде болып, ондағы жағдайды өз көздерімен көріп қайтады. Байқоңыр қаласында осы апаттың салдарын жою жөніндегі комиссияның жұмыс қорытындысына арналған кеңес өткізіледі деп жоспарлануда.

Брифинг барысында Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауыл­дық округтердің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдігіне кандидаттарды ұсыну аяқталғаннан кейін, 24 шілдеде кандидаттар үгіт-насихат шараларына кіріскені, Қазақстан бойынша барлығы 2 457 әкім сайланатыны, бұл еліміздегі барлық әкімдердің 91,5% құрайтыны айтылды. Орталық Коммуникациялар қызметі ресми өкілінің хабарлауынша, республика бойынша ұсынылған 7173 үміткерден әкімдікке кандидаттар ретінде 7018 адам тіркеліпті. Ал сайлау 5-9 тамыз аралағында өтеді.

Бұл күнгі жиынға «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының Ком­муникациялар және маркетинг де­партаментінің директоры Әсел Қожа­қо­ва да қатысып, EXPO-2017-нің жаңа логотипі үшін дауыс берудің нәти­же­лерін жариялады. Оның айтуына қарағанда, бұл ұлттық жоба болып табы­латындықтан, жаңа логотип таңдау құқы­ғын қазақстандықтардың өздеріне қал­дыруға шешім қабылданған. «Бұдан бұрын белгілі болғанындай, 9 бен 22 шілде күндері аралығында «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ-тың сайтында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің жаңа логотипі үшін халықтық дауыс беруі өтті. Төрт ай бойы 18 елдің 27 дизайнерлері ЭКСПО-2017 көрмесінің жаңа бейнелемесін жасаған болатын, барлығы 56 логотип дайындалды. Оның ішінде ең үздік деген жетеуі іріктеліп, халық назарына ұсынылды. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындау мен өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның шешімімен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің жаңа фирмалық белгісі ретінде «Жел энергиясы» логотипі бекітілді», деді Әсел Қожақова.

Ал брифингке қатысқан «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдинг» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Мақажанов холдингтің агроөнеркәсіптік кешенді индустриялық дамытуды ынталандыру бағытындағы мемлекеттік саясатымен, несиелендіру, отандық өндіріске, ауылдағы шағын және орта бизнеске көрсетілетін қолдау шараларымен таныстырды.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».