• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Желтоқсан, 2019

Көптен күткен тұрғын үй кешені берілді

363 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтанда проблемалы нысан саналатын «Комфорт De Luxe» тұрғын үй кешені қолданысқа берілді. 200-ден астам астаналық отбасыға пәтер кілті табысталды.

Тұрғын үй кешенінің ашы­луы­на Нұр-Сұлтан қаласы әкі­мі­нің орынбасары Алтынбек Қай­са­ға­ли­ев қатысты.

«Жаңа жыл қарсаңында көптен бері армандап күт­кен пәтер­ле­рі­ңізге қол жеткіз­гендеріңіз біз үшін үлкен қуа­ныш. Осыдан жеті жыл бұрын құрылысы басталған тұрғын үй кешеніне 200-ден астам отбасы қаржы салған. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен және Үкімет бас­шы­сының жетекшілігімен арна­йы қаражат бөлініп, соның нәти­же­сінде бұл үйдің құрылысы аяқтал­ды», деді ол.

Осыдан кейін салтанатты түр­де тұрғын үй кешенінің кілті та­быс етілді. Бұған қоса «Нұрлы жер» бағ­дарламасына қатысып, тұрғын үй кешенінің аяқталуына тікелей себепкер болған компания басшыларына қала әкі­мінің алғыс хаты табысталды. Жиында сөз алған құрылыс коопе­ративінің басшысы Гүлнәр Қасымова қала әкімінің құрылыс барысын әрдайым бақы­лау­да ұстағанын атап өтті.

«Біз 2012 жылы «Азбука жилья» компаниясына ақшамызды сал­ғаннан кейін 2013 жылы жаңа үйі­міз­ге көшуіміз керек болатын. Өкі­нішке қарай, компания басшылары өз міндеттерін орындамай, қалталарына ақша түскен соң шетел асып қашып кетті. Содан елорда әкімдігіне шағымданып барғанымызда қала басшылығы тұрғын үй кешенін «Орда инжинеринг» ұйымына тапсырды. Бірақ бұл компания сотпен жеңіп алған активтерімізді сатып, құрылысты аяқтамай кетті. Көп ұзамай мемлекет тарапынан «Нұрлы жер» бағдарламасы жарияланып, соның аясында проблемалы үйіміз «Елорда құрылыс компаниясына» бе­кітілді. Тендер жарияланып, баспанамызды «Меркурий және К» ұйымы аяқтады. Біздің жағ­дайымызды назардан тыс қалдырмаған Президентімізге, Нұр-Сұлтан қаласының әкім­дігіне алғысымыз шексіз», деді жаңа баспана иелері.

Айта кетейік, «Комфорт Де Люкс» тұрғын үй кешені өз мін­детін толық аяқтамаған құры­лыс­шылардың кесірінен 2015 жылы проблемалы тұрғын үй­ле­рдің қатарына енгізілген бола­тын. 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы тұр­ғын үй құрылысына үлестік қа­тысу мәселелері жөніндегі ве­дом­ствоаралық комиссия «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында құрылысты аяқтау үшін «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС уәкілетті ұйымына ұсынылған. Кешен 20 қабаттан тұрады.