Қоғамда Ауған соғысына, сол қанды қасапқа «Интернационалдық борыш» деген желеумен жөнелтілген жауынгерлерге деген көзқарас уақыт өткен сайын құбыла түсіп, күрделеніп келеді. Бір тарап бұл қантөгісті сол кездегі ортақ Отанның алдындағы қасиетті борышты өтеу деп таныса, бәзбіреулер мұны бейбіт жатқан мұсылман еліне жасалған басқыншылық деген біржақты баға береді. Қалай дегенмен, тарихта «Ауған соғысы» деген атпен қалған бұл қанды оқиғаның шындығы егжей-тегжейлі айтылуы тиіс және ол айтыла береді де...
Осы айтылғанның жарқын көрінісіндей, таяуда кеншілер астанасындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жеріне енуіне 40 жыл және шығарылғанына 30 жыл толуына арналған көрме ұйымдастырылды.
«Ардагер» ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Хасенов көрмеге қойылған жүзге тарта жәдігерді екі айға жуық уақыт жинағандарын айтады. Сөреге қойылған экспонаттар арасында әскери киім-кешек, жарылғыш заттар, оқ-дәрі сияқты жәдігерлер, тіпті парашютке дейін қойылған.
– Бұл экспонаттардың бәрі шынайы, жауынгерлер қолданған заттар. Осының бәрін біз бүгінгі жастар мен болашақ ұрпақ өз батырларын біліп жүруі және ұмытпауы үшін облыстық мұражайға табыстадық, – дейді Т.Хасенов.
Көрме сөрелеріндегі Ауған соғысының алуан сипатынан сыр шертетін жәдігерлерді қаладағы Т.Бигелдинов атындағы «Жас Ұлан» мектебінің тәрбиеленушілері, студенттер мен мектеп оқушылары қызыға тамашалады.
Аталған мұражай директоры Ержан Нұрмағанбетовтің айтуынша, атаулы даталар қарсаңында музей қызметкерлері ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген. Соның нәтижесінде көрме қоры Ауған соғысына қатысты фотоматериалдармен, сирек кездесетін құжаттармен және құнды экспонаттармен толыға түсіпті.
– Бүгінде көптеген адам «Бұл – біздің соғыс емес» дегенді жиі айта бастады. Бірақ ол соғыста жігіттер өздерінің интернационалдық борышын өтеді ғой. Олар өз жастығын тәрк етті, біреу өмірін қиды, олардың көбі қазір біздің батырларымыз. Мұны естен шығармауымыз керек, – дейді мұражай директоры.
Экспозиция барысында қарағандылық фотосуретші және режиссер Дәулет Әбдірахмановтың «Қызыл із» атты фотоальбомының таныстырылымы өтті. Сондай-ақ ауған жерінде оққа ұшқан жауынгерлердің аналарына мерейтойлық медальдар табыс етілді.
Жалпы, Қарағанды облысынан үш мың жауынгер Ауғанстанда өздерінің интернационалдық борышын өтеген. Олардың 81-і жат жерде қаза тапса, екеуі із-түзсіз жоғалып кетіпті. Қазіргі таңда облыста 1502 ардагер бар, оның 690-ы Қарағанды қаласында тұрады.
ҚАРАҒАНДЫ