• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Қаңтар, 2020

Қызылорда облысында қылмыс деңгейі 18% төмендеді

386 рет
көрсетілді

2019 жылы Қызылорда облыстық прокуратурасымен басымдық берілген негізгі жұмыс – қылмыспен күрес. Құқық бұзушылықты азайту және олардың алдын-алу. Осы мақсатта облыста бірқатар нақты жұмыстар атқарылды.

Ең әуелі қылмысқа бейім 3 мыңнан астам адамның тізімі дайындалды. Олар бұрын сотталғандар, маскүнемдер, нашақорлар және отбасының жиі шырқын бұзатындар. Осыларды бақылауға алу нәтижесінде өңірдегі қылмыстылық жыл қорытындысымен 18% төмендеді. Оның ішінде кісі өлтіру 28%, тонау 43%, ұрлық 22%.     

Әлеуметтік, әкімшілік бағыттағы жұмыстар бойынша да бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Нәтижесінде 1075 тұлға түрлі жауаптылыққа тартылып,  мемлекетке 2,4 млрд теңге өндірілді.

Соның ішінде ең қомақтысы ретінде Жаңақорған аудандық амбулаториялық емхананың бас есепшісімен талан-таражға түскен 19,6 млн тг және 615 млн теңгеге салық мөлшерін азайтып көрсеткен Қызылорда қаласындағы екі коммуналдық мекемені атап өтуге болады.  

Облыста мүгедектердің құқықтары бойынша да бірақатар заң бұзушылықтардың орын алғаны белгілі болды.  Мәселен, сотпен әрекетке қабілетсіз деп танылған 300 мүгедектің есепшотындағы қаржылары тегін берілетін дәрі-дәрмек алуға негізсіз жұмсалған. Қадағалау актісімен олардың бақылау шоттарына 92 мың теңге кері қайтарылды.  

Аймағымызда еліміздің көші-қон заңын бұзған және жалған құжаттармен жұмысқа орналасқан шетел азаматтары анықталды.

Жұмыс күшін тартуға заңсыз рұқсат алған шетелдік компания 120 қытай азаматының жалған дипломмен жұмыс істеуіне жол берген.

Тексеру қорытындысымен олардың барлығы республика аумағынан шығарылды.  

Ал заңды жолмен жұмысын істеп, маңдай терін төгіп соңында жалақысын ала алмай жүрген жерлестеріміздің мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.

Жыл басындағы есеп бойынша түрлі мекемелермен жұмысшыларға 150 млн теңге қарыз қалыптасқан. Прокурорлардың араласуынан кейін мыңдаған азаматтың жалақысы өндірілді. Осы күні берешек қарыз он есеге төмендеді.  

Алимент бойынша жыл бойы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 12 мың балаға қатысты 407 млн теңге берешек қарыз өтелді.

Елбасымыздың және Президентіміздің тапсырмасына сәйкес игерусіз қалған жерлерді анықтау және оларды айналымға енгізу мақсатында нақты жұмыстар атқарылды. Жалпы құны 2,5 миллиард теңгенің 84 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды.

Жыл бойы әкімшілік айыппұлдарды өндіру жұмысы қарқын алып, 72%-ға артып, республикада алғашқы орындардың біріне шықты.

Қызылорда облысының прокуратурасымен 2019 жылдың тамыз айынан бастап «Заң керуені» акциясы басталып, облыстағы барлық  елді мекенге барып, халықпен кездесіп, сауалдарын тыңдады. Акция аясында облыс көлеміндегі 135 елді мекен мен аудан орталықтары қамтылды.

Нәтижесінде әрбір ауыл аймақтың тұрғындары тарапынан көтерілген ең өзекті мәселелер бойынша арыз-шағымдары қабылданды. Шара барысындағы кездесулермен барлығы 6027 адам қамтылып, онда барлығы 556 проблемалық мәселе көтерілген.

Халық ортасында көтерілген негізгі проблемалар: ауыз су, мал ұрлығы, жарамсыз жолдар, аудан орталығына қатынайтын қоғамдық көлік, интернет, жол белгілерін қою, дәрігерлердің жетіспеуі, жедел жәрдем көлігінің болмауы және тағы басқалар.

«Заң керуені» акциясы кезінде қалыптасқан барлық проблемалық мәселелер тізімі жасақталып, тиісті жұмыстар жүргізу үшін облыс әкімдігіне және тиісті департаменттерге хат жолданып, бақылауға алынды.

Бұдан бөлек Қызылорда облыстық прокуратурасының бастамасымен «NurOtan» партиясы филиалы және кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп   «Кәсіпкерге қызмет» акциясы басталды.

Аталған акцияға «Даму қоры», «КазАгрофинанс», «Аграрлы несие корпорациясы», «Байқоңыр ӘКК» және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» ұйымдарының өкілдері қатысып, қаржылық қолдау түрлері мен шарттары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Игі шараға қатысқан барлық кәсіпкерлер немесе осы бағытқа қызығушылық танытушылар сала мамандарынан өздерін алаңдатқан сауалдар бойынша жауаптарын алып, қаржыландыру және құқықтық сипаттағы жағдайлар бойынша жан-жақты ақпаратпен қамтылды.  Акция бүгінгі күнге дейін Жаңақорған, Шиелі ауданында өткізілді алдағы уақытта облыс прокурорының ұйымдастыруымен басқа аудандарда да ұйымдастырылады.

Қызылорда облыстық прокуратурасымен қылмыстың алдын-алу, азаматтардың арыз шағымдарын қарау жұмыстары тиісті деңгейде орындалуда.