• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Қаңтар, 2020

Бостандық деген ауыл бар

1496 рет
көрсетілді

Мамлют ауданында орналасқан екі қазақ елді мекенінің бірі –Бостандық. Қалған көршілес ауылдардың – Үшкөл, Андағұл, Жалтыр, тағы басқаларының орны үңірейіп, жұрты ғана қалған. Егер бостандықтықтар білек күшін біріктіріп, ортақ мақсат жолында бірлесіп жұмылмағанда солардың жолын құшар ма еді?!.

Айгүлдің ақырғы амалы

Бостандық – болашағы бұлыңғыр елді мекендер санатына енгізіліп, тарап кету қаупі туған ауыл. Он бір жыл­дық мектепте болуға тиіс 81 оқу­шының саны екі есеге дейін азайып, отбасылар басқа жаққа көшудің қам-қарекетіне кіріскен. Не істемек ке­­рек? Жауабы қиын жалғыз сауал білім үйінің директоры Айгүл Сар­басо­ваны да қатты ойландырды. Ұжы­м­­мен ақылдаса келіп, тосын шешім қабылданды. Әр мұғалім жа­қын маңайда тұратын туған-туыс­тары­ның, дос-жарандарының, құда-құда­ғи­ларының балаларын тартуға барын­ша күш салу керек деген пәтуаға кел­ді. Содан жазғы демалыс кезінде ел-елді аралау, жа­ғдайды түсіндіру, үгіт­теу, сөйтіп «оқу­шы жинау нау­қа­ны» басталып кетті. Бір қызығы, амал­­сыздықтан, мәжбүрліктен туған игі қадам өз жемісін береді деп ешкім күт­пеген болу керек. Кейін бұл бас­тама жыл сайынғы дәстүр ретінде орнықты.

– Бірде маған астаналық кәсіпкер әйел хабарласып, жалғыз ұлын бізде оқытқысы келетінін айтты. Шыны керек, төбемнен жай түскендей бол­ды. Сенер-сенбесімді білмедім. Келі­сілген уақытта баласын алып келді. Жігер Ғалымов деген. Сабаққа өте алғыр, зерек болды. Оқуды осында тәмамдады. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында медколледждің студенті. Павлодардан Айгүл Халықова оқы­ды. 6-сыныптан кейін Назарбаев зият­керлік мектебіне түсті. Айта бер­се, мұндай мысалдар аз емес. Ти­­ми­­рязев, Мамлют, Жамбыл аудан­дарынан да келіп оқиды. Былтыр «Уақытша баспана» бағдарламасы енгізілгелі жағдайымыз тіпті түзел­ді. 12 отбасына ай сайын субсидия түрінде жәрдемақы төленеді, – де­ді әңгіме барысында Айгүл Сарбасова.

Біз облыста бірінші болып қолға алынған іс-тәжірибемен танысуға кел­генде ұлағатты ұстаз Мәжит Мүр­сәлімовтің 100 жылдық мерейтойы аталып, ескерткіш-тақта орнатылып жатыр екен. Облыстың құрметті аза­маттары Болат Сағындықов, Ғазез Есмұқанов, Республиканың еңбек сіңірген әртісі Асылболат Ыс­­мағұлов, самбо күресінен әлем, Еу­ропа чемпионы Мақсат Нүсіпов – осы мектеп түлектері. 2004-2019 оқу жылдарында 4 алтын белгі, 10 үз­дік аттестат иегері шыққан. Олар­­дың 9-ы жоғары оқу орындарын қызыл дипломмен аяқтап, «Бо­ла­шақ» бағдарламасы арқылы оқу­ларын жалғастырған. «Серпін» бағдар­ламасы аясында білім алған Гүлжайна Пірімбетова мен Ма­хам­бет Алдаберген «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша осында келген. Түбі қызылордалық Гүлжайна республикалық «Үздік педагог» онлайн олимпиадасына қатысып, екінші дәрежелі дипломмен марапатталған. Болгарияда өткен халықаралық ғы­лыми конференцияға ұсынған «Үш­тілді білім беру» атты әдістемелік мақаласы топтама жи­наққа еніп, арнайы сертификатқа қол жеткізген. Мектепте «Толқын» вокалды тобы, тоғызқұмалақ, бесасық, шахмат, күрес үйірмелері жұмыс істейді.

Қазір мұнда өзге ұлттың балалары да мемлекеттік тілде білім ала­­ды. Соңғы үш жылда 9 отбасы басқа жақтан қоныс аударған. Бұл отбасылардағы 40-тан астам бала шағын орталыққа, даярлық тобына, 12 адам мектепке тұрақты жұмысқа орналасты. Осылайша сырттан к­өшіп келген ағайындар арқылы да оқу­шылар саны едәуір көбейді.

«Сенім» ЖШС-нің директоры Зәпкен Шаяхин Арыс қаласынан көшіп келген Ержан Әбдиевті өз қамқорлығына алған. Әйелі мектепте, өзі шаруашылықта еңбек етеді. Үйелменді-сүйелменді 5 баласы бар. Біз осындай көп балалы отбасыларға, механизатор, тракторшы, жүргізуші мамандықтарына зәруміз, – дейді серіктестік жетекшісі.

Келесі жылы ауылға сапалы ауыз су жеткізіліп, әр үйге дейін тартылмақ. Тек кең жолақты интернеттің мектепте ғана қолданылатыны жақсы бастамаларға көлеңке түсіріп тұрған тәрізді.

 Ағайындылардың асқақ арманы

Ерлік – бірнеше озық жобалардың авторы. Алғаш өңір жұртшылығына ұлттық тілдегі «Жайдарман» көңілді тапқырлар клубы арқылы танылса, кейін «QymysFest» фестивалін ұйымдастырды. «Ботай» ұлттық ойынын заман ағымына орай өзгеше нақышта жаңғыртып, республикалық сайысқа айналдырды. Бір жағынан «Қызылжар» жастары» қоғамдық бірлестігіне жетекшілік етеді. Ізде­нім­паз жас бүгінде М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мем­ле­­кеттік университетінде оқыту­шы­лық қызмет атқарады. Былтыр Ерлік, Манарбек және Дидар Мұ­хамеджановтар «Ауылым – алтын бесігім» бағдарламасы аясында ту­ған алтын ұяларын сақтап қалу, отба­сы санын көбейту жөнінде бас­тама көтеріп, азаматтық борышын, перзенттік парызын өтеуге білек сыбана кірісті. Өздері құралыптас Мамлют ауданының әкімі Руслан Аңбаевпен бүкпесіз сырласып, бизнес-жоспарларымен бөлісті. Жаңа үйлер салу туралы ұсыныс жергілікті билік тарапынан қолдау тапқаннан кейін алғашқы үйдің қабырғасы қа­ланып, тұрғызылды. Екінші үй де дайын болды.

– Жақсы істің ұйытқысы да, бастамашысы да – Ерлік. Өзі Петропавлда, інілері Нұр-Сұлтанда тұрса да, ала жаз бойы ауылда еңбек етіп, құ­­ры­лыспен айналысты. Келесі жылғы жобалары тіпті ауқымды. «Оң­­­түс­тіктен – Солтүстікке!» бағ­­дар­­­ламасы шеңберінде 10 үй тұр­ғызбақ, – деді бізге аудан әкімінің орынбасары Алмагүл Рамазанова. Оның айтуынша, бұл баспаналар жергілікті биліктің есебіне алынып, оңтүстік өңірлерден келген қоныс­танушыларға беріледі. Ауыл әкімі Берік Есімұлы Түркістан облысынан 4 отбасыны күтіп отырғандарын, олар үшін жұмыс та, баспана да әзір екенін жеткізді.

Бүгінде Бостандық ауылында 73 отбасы түтін түтетіп отыр. Олардың арасында Жамбыл облысынан келген 8 дүнген отбасы бар. Енді бірі Арыс қаласынан ат басын бұрса, бірі Қытайдан келген Әният Садыржан. 2012 жылы Қазақстанға оралған ол Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында тұрды, соңғы аялдаған жері – Мағжан елі. Осында біржола орнығып қалмақ ниетін жасырмайды. Үймен, басқа да әлеуметтік көмектермен қамтамасыз етілген. Келіншегі Сәбира мектепте жұмыс істейді. Бес баланың төр­теуі мектепке барады. Біржолғы жәр­дем­ақыға 2 сиыр, 4 торпақ сатып алыпты. Екі гектар алқапқа картоп егіпті, келесі жылы қырыққабат өсір­мек ойы бар.

Әният бізбен қоштасарда өзінің шақыруымен қайынжұрты жағынан 4 отбасы көшіп келетінін көтеріңкі көңілмен айтып қалды. Көкейінде жүр­ген бір өтінішін де ортаға салуды ұмытпады. Сөйтсе нәтижелі жұ­мыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламаның екінші бағыты аясында «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасы бойынша қысқа мерзімді курсты бітіргенмен жеке ісін аша алмай жүрген көрінеді. Оны ауыл әкімі де растады. Жалпы құны 5,5 миллион теңге тұратын екі жылыжай сатып алмақ болғанымен, банктер 11 миллион теңгелік кепіл талап етіпті.

«Ата-баба жеріне не аламыз деп емес, не береміз деген үкілі үміт­ті желбіретіп келдік. Масылдық пиғыл­дан аулақпыз. Тек аяқтан тік тұрып кету үшін қолтықтан ептеп демеп жіберсе, қалғанына қамшы сал­дырт­пас едік», дейді жаңа жылда жа­ңаша қадам жасауды мақсат етіп отырған бауырымыз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы,

Мамлют ауданы