• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 07 Қаңтар, 2020

Жаңа жылдағы жаңа леп

552 рет
көрсетілді

Әдетте біз: «Уақыт өтіп ба­ра­­ды!» деуге әуеспіз. Ал шын­­ды­ғында... Жылы жаққа бет ал­­ған тырналар секілді бірі­нен соң бірі  тізбектеліп, алысқа ұзап ба­ра жатқан күндер­мен бірге Өмір де өтіп бара­ды емес пе?!

Ойла-а-ап қарасаңыз, ол да бір ұзақ сапар. Және сол сапарда әркімнің-ақ өзіне тән көрер қызығы, тартар тауқыметі бар. Оны біз – Тағдыр дейміз...

Әсілі, қуанышты күндердің салмағы болмайды. Олар зымырап, көзді ашып-жұмғанша-ақ ғайып болады. Ал қиындықпен, уайыммен өтетін күндер жаралы құс сияқты. Қанатын ауырсына қағып, әупіріммен әзер ұшады. Бірақ ол да алыстап, көңіліңізде терең із қалдырып кетеді...

Пендешілікпен күнделікті тір­ліктің ыңғайына қарайсыз, әри­не. Бірде күліп, қуанып, тағы бір­де өкініп, өкпелеп жүресіз. Әйт­­се де, ұлы мәртебелі Уақыт­тың көңіл күйге қарап, бір сәтке аял­дап, пенде шіркінге мұрсат бе­ріп, иілген кезін көрмейсіз. Қолы­­ңыздағы сағат тілі сыртыл­дап, сол баяғы жүрісінен жаңыл­май­ды...

Шынын айтқанда, кейде сіздің де осы Уақытты бірер ми­нутқа тоқтатып, ес жиып, алдағы күндерге асықпай жоспар құрып алғыңыз келетіні рас. Ендеше, оны ептеп алаңдатып, аз да болса көңілін алдандыратын шақты күтпейміз бе?..

Әне, қараңызшы, Ескі жыл қолын бұлғап, қоштасып барады. Ал Жаңа жыл болса, жан-жағына қарап, дүркін-дүркін атылып жатқан отшашуларды көріп, таңырқап келеді.

Демек, тың жоспарлар құ­рып, күш жинап, алдағы биік­терге көтерілуге әзірлік жасайтын ең қолайлы сәт те осы-дағы.

Олай болса, бір-біріміздің қо­лы­мызды қысып: «Іске сәт!» дейік!

Мұның қызығы, күнтізбенің бетінде екі сандық белгі ғана өзгеріп, 2019-дың орнына 2020 деп жазылуына қарай қаншама жаңа бастамалардың өмірге келіп, жарқын үміттердің оянып жататындығында емес пе.

 

АЛМАТЫ