VR және AR – жоғары технологиялық дамуы бар елдерде трендке айналғалы біраз болды. Ал Қазақстанда бұл технологияларға деген сұраныс соңғы жылдары ғана өсіп келеді. Отандастарымыздың виртуалды өнімдері мен жобаларын ұсынып, елде отандық жаңа технология дәуірін бастауға мүмкіндік беруі өте қуантарлық жағдай болып есептеледі.
Мәселен, Сүлеймен Демирел университеті түлектері бірігіп 2017 жылдың желтоқсанында AR 1 жұмысын жасай бастады. Команда бірнеше мамандардан құралады. Олар – Арман Усупов, 2D және 3D аниматор; Бақытжан Шабдукаримов, 3D-модельер; IT әзірлеушісі Нұрбек Молдағалиев және өнім менеджері Нұрсұлтан Әжімұратов. Талмай еңбек ету мен білімге деген құштарлықтың нәтижесінде Sana Cards атты карталар дүниеге келді.
Sana Cards – бұл смартфондар үшін кеңейтілген қосымша, оның негізгі міндеті балаларға ойын үйрету. Жоба екі кезеңде жүзеге асырылды: физикалық карталарды дайындау және Android және iOS үшін қосымшалар әзірлеу. Осылайша осы қосымшалардың көмегімен бала жануарлар мен өсімдіктердің анимациялық және дауысты 3D модельдерін көре алады және олар туралы қызықты фактілерді аудио баяндау арқылы біле алады.
Sana Cards жобасының мақсаты – ата-аналарға, балаларға жаңа тілдерді және жалпы білімді ыңғайлы түрде үйрету. Қазіргі таңда, балалардың оқу процесі, білімді қабылдау мәдениеті жаңаша және 10 жыл бұрынғы буынмен салыстыруға келмейді. Сондықтан технологиядағы жаңашылдықтарды пайдалану, оларды қызықтырудың басты қозғаушысы десе де болады. Сенсорлық жаттығулар мен қол жаттығулары оқуда феноменальды жетістіктерге жетуге ықпал етеді.
Жануар 4D – «Қазақстанда жасалған» сауда маркасымен шығатын 100% отандық өнім. Бұл кеңейтілген қосымшаны пайдаланатын балаларға арналған білім карталары. AR технологиясының көмегімен қызықсыз парақтар жаңаша келбетке ие болып, ондағы жануарлар тіріледі, балалар жануарлармен тіпті диалогқа да түсе алады және материалдың мәнін түсіну оңайға соғады. Дайындаушылардың пікірінше, Augmented Reality әсерінен (бейнеге нақты уақыт режімінде 3D графикасын енгізу) оқу процесі өте қызықты жүреді.
– Ата-аналар Sana Card карталарын жергілікті ойыншықтар мен кітап дүкендерінен сатып ала алады. Қорап өсімдіктер мен жануарлары бар 40 карточканың жиынтығынан тұрады. Сонымен қатар қораптың ішінде қосымшаны орнатуға арналған нұсқаулық бар. Қосымша 3 тілде қазақша, орысша, ағылшынша жұмыс істейді. Ата-аналардың пікірлерінше, балалардың жануарларды зерттеудегі қызығушылығы арта түскен және тіл үйренудегі жетістіктері де көз қуантарлық. Бұл нәтижелер бізді осы жобаны қолдауға және оны одан әрі дамытуға шабыттандырады, дейді Арман Усупов.
Интеллектуалды жобаны толығымен дамыту үшін стартап мүшелері Жануар 4D жобасын алты айда, ал Baqsha 4D қосымшасын үш айда жасап шықты. Бұл жұмыстарға, Нұрсұлтан Әжімұратовтың айтуынша, 3 миллион теңге жеке қаражат жұмсалды.
Сондай-ақ 2017 жылдың ақпан айында жобаның негізін қалаушылар Нұрсұлтан Әжімұратов пен Азамат Төлегенов 8-14 жас аралығындағы балаларға арналған алғашқы ІТ академиясын ашқан болатын, оның негізінде балалар роботтехника, бағдарламалау, графикалық дизайн, бейнені өңдеу, анимация жасау бағыттары бойынша жан-жақты компьютерлік білім алады. IT-академиясының жас зерттеушілері роботтардың 12 түрін, 30 ерекше ойын түрлерін ойлап тапты, 600-ден астам бейнероликтерді өңдеді.
Команданың жақын уақыттағы жоспары балалардың зейінін дамыту үшін үш тілде түрлі тақырыптағы «Жемістер мен көкөністер», «Космос», «Қазақ салт-дәстүрлері» атты бірнеше мобильді қосымша құру. Сонымен қатар ішкі туризмді насихаттау мақсатында «Виртуалды киіз үй» жобасын іске қосуды жоспарлап отыр. Жобаның тұжырымдамасы бойынша кез келген адам бөлмеге кіріп, арнайы VR көзілдірігін киіп, өздерін XVII-XVIII ғасырлардағы қазақтың киіз үйінде жүргендей сезіне алады.