Клим Ли – портрет жазудың хас шебері. Оның қаламынан тамған туындылар графикалық техникалары мен материалдарының түрліше композициялық алуандығымен ерекшеленеді. Әсіресе туындыгердің шығармашылығынан көрікті әйелдердің бейнесін жиі кездестіресіз. Ресей Көркемсурет академиясының академигі әрі орыс бейнелеу өнерінің белді өкілі саналатын айтулы шебердің «Айналар парадоксы» атты таңғажайып көрмесі Ә.Қастеев атындағы өнер музейіне келді.
Алматыға әйгілі қылқалам шеберінің шығармалары ғана емес, өзі де келді. Алатаудың асқақ шыңдарынан, тау баурайындағы ару қаланың әсем көркінен рухани қуат алатынын тілге тиек еткен Ли журналистермен шығармашылығындағы тың жаңалықтармен бөлісті. Пайымдағанымыздай, ол үшін бүкіл дүниенің болмысы буырқанған бояулардан тұрады.
Суретші бейнелеу өнерінің түрлі жанрында түпнұсқа және баспа графикасынан бірнеше жүз туынды жазды. Кітап иллюстраторы ретінде де көпшілікке жақсы танымал. Тіпті, оның бұл бағыттағы жұмыстарының кейбірі кітап графикасы тарихына кіріп үлгерген. Әсіресе Пушкиннің, Мопассанның, Набоковтың шығармаларына жасалған иллюстрациялары талант иесін шығармашылық биікке көтерді. Бұл тұрғыда оның Ресей тарихын пайымдауға жетелейтін бірқатар еңбегін де ерекше атай кеткен жөн. Алматылық көрерменнің назарына шебердің ең үздік картиналары ұсынылды.
– Клим Лидің қондырғылы композициялары мен кітап иллюстрациялары жоғары шеберлігімен, сызықтарының дәлдігімен және жеңілдігімен дараланады. Ішкі шиеленіс, рухани күш, ықшамдық – оның қолтаңбасының басты артықшылығы. Нақты көркемдік тәсілдер өзіне еріксіз баурап алады. Клим Лидің қазір петербургтік ең жоғары кәсіби график-суретшілердің бірі екенін ешбір қиналмай айта аламыз. Заманауи академиялық көркемдік білім әріптестерінің және оның есімімен де тығыз байланысты. Ол Өзбекстанның тумасы, ұлты – корей, орыс өнері дәстүрлерінің мұрагері. Өнер иесінің бойына түрлі мәдениеттің дәстүрлері генетикалық мұра болып сіңген. Дегенмен, ол өзін Петербург көркемсурет мектебінің дәстүрін ұстанушы ретінде есептеп, тек орыс мәдениетімен ғана салыстырады. Оның бойында Петербург көркемдік дәстүрлерінің негізінде қалыптасқан сызықтардың шығыстық жоғары графикалық мәдениеті, кеңістік пен уақытты шығысша ұғыну, форманы батысша сезіну өзара үйлесім тапқан, – дейді өнертанушы Светлана Грачева.
И.Е.Репин атындағы Санкт-Петербург Мемлекеттік академиялық кескіндеме, мүсін және сәулет институтының графика факультетін он жылдан астам басқарған суретші қазір осы жоғары оқу орнында өзінің жеке шеберханасына жетекшілік етеді.
АЛМАТЫ