Актер, әнші, сазгер Құмарбек Қалқатаев туралы бір үзік сыр
Сынаптай сырғыған, сағымдай жылжыған дәл осынау рухани қысыр уақыттың жетегінде жүріп санаңдағының сарқылып, көкірегіңдегінің күбілтеленіп қалғанын сезбей де қалуың бек мүмкін-ау. Ақшадан басқаны құндылық санамай бара жатқан арзан қоғамда жан дүниеңнің жарығына қуат, тамырына суат, жапырағына шуақ іздейтінің өтірік емес. Әмсе ондайда қол ұшын созатын құдіретті күш ол – қасиетті өнер екендігі даусыз. Рухани дәруіңді содан табасың. Ал театр дегенде біз ең алдымен, актер деген алай-дүлей мінездің, аласапыран әрекеттің, алмағайып сезімнің адамын еріксіз еске аламыз.
Актер, әнші, сазгер Құмарбек Қалқатаев туралы бір үзік сыр
Сынаптай сырғыған, сағымдай жылжыған дәл осынау рухани қысыр уақыттың жетегінде жүріп санаңдағының сарқылып, көкірегіңдегінің күбілтеленіп қалғанын сезбей де қалуың бек мүмкін-ау. Ақшадан басқаны құндылық санамай бара жатқан арзан қоғамда жан дүниеңнің жарығына қуат, тамырына суат, жапырағына шуақ іздейтінің өтірік емес. Әмсе ондайда қол ұшын созатын құдіретті күш ол – қасиетті өнер екендігі даусыз. Рухани дәруіңді содан табасың. Ал театр дегенде біз ең алдымен, актер деген алай-дүлей мінездің, аласапыран әрекеттің, алмағайып сезімнің адамын еріксіз еске аламыз. Өзіне берілген аз уақыттың межесінде сахнаның майталманына айналатын, былайғы жұртқа әнтек түсініксіздеу көрінетін осынау әпенділердің «өз әлегі» қашаннан өзінде екен. Онсыз да қым-қуыт мынау өмірдің арпалысында жүріп, сахнаға алып келетін кейіпкеріңнің кем-кетігін түгендеп, барынша ширатып шығару – табиғи талантпен бірге үздіксіз ізденісті қажет ететін жанқиярлық еңбектің арқасы екенін кім түп-түгел түсініп жатыр дейсіз?..
Өзінің жеке бенефисін өткізген Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрының актері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Құмарбек Қалқатаевтың кешінде осыны сезінгендей болдық. Сонау 1995 жылы Көкшетау қаласында ашылған қазақ драма театрының алғашқы қарлығаштарының бірі болып Алматыдан оралған бір топ өскелең жастың ортасындағы егделеу көрінгені осы Құмарбек Өкенұлы болатын. Айналасы 18 жылдың жүзінде ірлі-ұсақты қырықтан астам рөлдерді сәтті сомдап көрерменнің көзайымына айналған актердің жақсы қырлары, жарқын сәттері туралы білгіштердің де айтқандары, жазғандары аз емес. Ол бір бөлек әңгіме. Ал, бенефистің жөні тіптен бөлек.
Актердің толысуы оның толайым табыстарға жетіп, атақ-даңқтан кенде болмауымен ғана өлшенбесе керек. Әманда, «жеттім, жетілдім» деген тоқмейлсудің соңы тоқырауға әкелетінін жақсы білетін актер әрбір рөлге жаңаша қарап, шынайы кейіпкердің бар шындығын көрсетуге шын талпынса құба-құп. Өрлеу мен өсудің өзі тынымсыз ізденістен, тыңғылықты еңбектен тұратынын жақсы білген Құмарбек өз бенефисінде актерлік шеберлігін, шығармашылық қарым-қайратын көрсетуге лайықты таныған танымал жас драматург Қанат Жүнісовтің «Әншінің пірі – Әміре» атты моноспектаклін таңдағаны театр сахнасындағы елеулі оқиға болды. Моноспектаклде ойнау кәсіби шеберлігі зәу биікке шығандап шыққан, өзіне өзі сенімді актердің ғана қолынан келсе керек.
Талантты режиссер Ә.Оразбековтің сахналауымен қойылған моноспектакльдің өне бойындағы асқақ романтизм, адуынды драмалық шарпылыс, ащы жанайқайына құрылған трагедиялық хал, алақұйын заманалық зар, тепкіге түскен тектілік тағдыр – спектакльдегі Ақан сері мен әнші Әміренің тарихи тұлғасымен өріліп жатты. Өнерге жаңа қанат қаққалы отырған сарыауыз балапан әншінің балаң арманы, бастықпаған асау көңілі, алабұртқан арманшыл қиялы қай қиянға тартсадағы алдынан Ақан, Әміре бабалары шығып, арда өнердің оңайлықпен қонбайтынын, оның қысастыққа әдейі әкелетін бұралаң бұлтарыс жолдарының көп болатынын еске салады. Тамырынан суалып, талшынынан қуарып бара жатқан әншілік дәстүрлі өнердің бүгініне қапалы кейіп танытады, кейіс мінез көрсетеді. Осынау өркениеттер қақтығысында жетесіз ұл мен жеңілтек қыздың батысшыл аңсары бабадан жеткен бағзы өнердің бағын тайдырып, бағылан басын босағада қалдыра ма екен деп қауіптенеді.
Бірде жас әнші, енді, міне, әйгілі Әміре, енді бірде асқақ Ақан болып беймаза күй кешкен актердің ішкі толғанысы, жан күйзелісі, эмоциялық толқулары, дауыс ырғағы, қимыл қозғалысы түрліше құбылып, құлпырып отырады. Шаттанған бозбала, шамырқанған Әміре, шарасынан төгілген Ақан сері – бас-аяғы 45 минутқа созылған моноспектакльдегі өзара жымдасып, өзара үйлесіп жатқан бейнелер. Спектакльдің ұзын-ырғасы әншілік өнердің ортақ заңдылығына негізделгенімен, үш замандағы үш түрлі тағдырдың алуан сыр-сипаттары айтылып, өз трагедиялары ашыла түседі. Қашанда өнер жолы жеңіл болмаған.
Спектакльдің соңында Әміре аузымен айтылатын мына бір сөзде пәлсапалық терең шындық бар: «Ұлтыңды сүй! Одан артық махаббат жоқ. Ән – адам баласының көңіл-күйі, сезім пернесі. Әншінің үнін құбылтып, даусын асқақтататын да ұлтжандылық. Ән жүрегіңнен шықсын. Шіркін, ән, қазақтың әні! Ол тек жүрек қылын шерте білсең ғана әнге айналады».
Актер Ақан болып аңырады, Әміре болып дауысымен дауыл сапырды. Дәл осы арада актердің кәсіби шеберлігі, әншілік қарымы танылды. Тегінде Құмарбек Қалқатаевтың Әмірені таңдауы жайдан-жай емес. Түбіт мұрт бозбала шағында Алматыға арман қуып барып, дүлдүл әнші Жәнібек Кәрменовтің дәрісханасында оқығаны бар. Сондықтан да, дәстүрлі әнге, соның ішінде Арқаның арынды әндеріне деген құштарлық Құмарбекті әнші ретінде танытқан. Халық композиторларының әндерін орындаушылардың «Ата мұра» республикалық фестиваліне қатысып лауреат атанғаны бар-ды. Дәстүрлі әндердің иірімдеріне бойлап, иін қандыра, балбыратып баптап айтатындығымен ерекше. «Құмарбек, інім, сен «Гүлдариғаны» ерекше шабытпен орындадың, бұл ән Алтай-Тарбағатай өңірінде кең тарған еді... » – дей бергенімде. – Аға, мен сол өңірдің тумасымын ғой... – деп мақтаныш сезіммен таныстырғаны әлі есімде» – деп еске алады бенефиске арнайы келген ардақты азамат, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, атақты «Дос-Мұқасан» ансамблін құрушылардың бірі – Ұлықпан Сыдықов.
Актерлікпен қатар, әншілікті серік еткен Құмарбек Өкенұлы соңғы кездері өзінің тағы бір қырымен танылып, тыңдармандарын тәнті етіп жүр. Ол – оның сазгерлік қабілеті. Әзірше жиырмаға жуық ән жазыпты. Бенефистің екінші бөлімі «Өнерім – өрісім, бәрі де сен үшін» аталып, онда Құмарбектің әндері шырқалды. Дәстүрлі ырғақ пен қазақы қоңыр бояу бүгіннің эстрадалық еркін үнімен жымдасып, өзіндік мазмұн мен түр тапқан. Сазды элегияға, сабырлы вальске, салтанатты маршқа құрылған «Махаббатым сен» (сөзі Қ.Жүнісов), «Туған өлкем» (сөзі Е.Баят), «Көкшетауым»(сөзі А.Темірбай), «Айлы түнде» (сөзі М.Зукенов), «Алға, Қазақстан!» (сөзі Е.Баят) қатарлы әндер автордың өз орындауында және кеш қонақтары, танымал эстрада жұлдызы Ақылбек Жеменей, оралдық Күләш Қуанышқалиева, алматылық Болат Күлдірбаевтардың тамаша дауыстарымен әуелеп, тыңдарманын баурап әкетті. Сазгер ретінде де өзіндік қолтаңбасын танытып үлгерген оның әндері «Елім менің!» Республикалық патриоттық әндер қонкурсында, «Балбөбек» байқауында, «Шаттық», «Шаңырақ-2010 жыл әні» фестивальдерінде әлденеше рет жүлдегер атанды. Қ.Қалқатаевтың сөзіне жазылған «Ахау, елім» әні 2010 жылы халықаралық «Шабыт», «Жас қанат», «Славян базары» фестивальдерінде «Гран при» жүлдесін жеңіп алғандығын айтсақ та жеткілікті. Әрине, осының барлығы аз жеміс емес.
Ерболат БАЯТ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.
КӨКШЕТАУ.