Әрбір азаматтың өз елі, Отаны алдында міндеті, парызы, жауапкершілігі бар. Сол сияқты мемлекеттің де өз азаматтары үшін атқаруы тиіс ауқымды міндеттері болады. Олардың ішінде, әсіресе халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қатысты мәселелерді оңтайлы шешу өте маңызды. Өйткені мемлекеттің шынайы қолдауын сезінген халық өз елінің ынтымағы мен бірлігін сақтап, оны қызғыштай қорғаудан өзге ниеті болмайды. Ал татулық пен тыныштықтан өзге тілегі жоқ жұрты бар мемлекет қашанда алдыңғы қатардан көрінері анық.
Қазіргі таңда Қазақстан өз азаматтарын уақыт талабына сай әлеуметтік тұрғыда қолдаудың жаңа бағыттарын қолға алып, оны жүйелі түрде іске асыра бастады. Бұл қадамдар қазақстандық қоғам тарапынан кеңінен қолдау тауып отыр. Нақтылай айтқанда, жастарды жан-жақты қолдау, аз қамтамасыз етілген отбасылар мен көп балалы шаңырақтарды материалдық жағынан көтермелеу және басқа да санаттағы отандастарымызды толғандырып жүрген мәселелерді оңтайлы шешу мақсатында жүзеге асырылып жатқан шаралар көңілге қуаныш ұялатады. Айналып келгенде мұның барлығы еліміздің демографиялық ахуалын жақсартуға, адам капиталын дамытуға тікелей әсер ететін игіліктер.
Мәселен, мен көп балалы ана, «Күміс алқа» иегері ретінде өз мемлекетімнің қамқорлығын сезініп жүрген жандардың бірімін. Мен үшін бірінші кезекте елімдегі бейбіт өмір, тыныштық – басты игілік. Сондай-ақ көп балалы ана ретінде бірқатар мемлекеттік қызметті тұтынуда жеңілдіктер алып отырмын. Баламды балабақшаға орналастыруда, Нұр-Сұлтан қаласындағы қоғамдық көліктерді пайдалануда және мемлекеттік мекемелердің бірқатар қызметін қажетсінген кезде, басқа да мәселелерімді шешу барысында әлгі жеңілдіктер алдымнан шығады. Осы арада ерекше тоқтала кететін жайт, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар қатарына жатпаса да, әрбір шаңыраққа келетін кірісті есепке алмай-ақ әлеуметтік жәрдемақы төлеу жолға қойылды. Осы жылдың қаңтар айынан бастап әр балама он мың теңгеден астам қаржы төлене бастады. Бұрын көп балалы ана ретінде балаларыма жалпы 10 500 теңге ғана алатынмын. Енді оның орнына 63 мың теңге берілуде. Бұл – түсіне білгенге әжептәуір қолдау.
Қалай десек те өз мемлекетіңнің жылуын сезіну, қамқорлығын көру адамға күш-жігер береді. Сен де сол қолдауға лайықты жауап беруге тырысасың. Бұл өз кезегінде мемлекет пен халықтың бір-біріне жақындап, ортақ мүддеге ұмтылуға жол ашады. Қоғамдық келісім нығаяды.
Әрине, мемлекет әлеуметтің барлық мәселесін бір сәтте шешіп тастай алмайды. Бәрі уақытымен, өз орайымен, өз кезегімен шешіледі. Осы арада бір айта кететін жайт, елімізде баспанамен қамтылмаған көп балалы отбасылардың қатары қалың. Осы жайтқа орталық және жергілікті атқарушы органдар жіті назар аударса, құба құп болар еді. Өйткені еліміздің демографиялық жағдайын жақсарту, мемлекетіміздің ертеңіне қызмет етер ұрпақ тәрбиелеу –Отанымыздың басты стратегиясы. Ал осы стратегияның табысты жүзеге асуы аналарға, оларға көрсетілер ерекше қамқорлыққа байланысты. Сондықтан ұл-қыз өсіріп отырған аналар ешкімнің есігінің алдында жаутаңдап жүрмеуі тиіс. Қазақстандық келешек аналар өзінің алдындағы буынның мемлекеттің қолдауын көріп отырғанын біліп жетілсе, елімізде нағыз демографиялық дүмпу болатыны сөзсіз.
Гүлбала ҚОШТАЙ,
«Күміс алқа» иегері