• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Қаңтар, 2020

Суды үнемді пайдалануға жете көңіл бөлінбейді

309 рет
көрсетілді

Ерте көктемнен бастап ала жаздай еткен еңбек пен төккен тердің жемісін жинап, көңілін бір демдеп алған диқан қауым келер жылдың қамына кірісіп те кеткен. Жаздың қамын қыс ойла демекші, табысы мен шығынын есептей және ескере ендігі егістің жайын жос­парлап, керек-жарағын түгендеп жатқан шаруа үшін ылғалдың молдылығы да маңызды. Бұл орайда мамандардың берер кеңесі мен ұсынысы да ескеруді қажет етеді.

Мысалы, «Қазсушар» РМК Түркіс­тан филиалының басшысы Кеңес Әуенұлы құрғақшылық жылы суды аз қажет ететін дақылдар егілуі тиіс деп есептейді. «Мақтаарал, Сарыағаш, Қазығұрт және Шардара аудандарында суармалы жерді тиімді пайдалану мақсатында егістікті күзде айдау жолға қойылған. Күзде айдалған егіс алқаптарында күз-қыс айларында түс­кен жауын-шашыннан ылғал мол жиналады, көктемде ылғал жабу шараларын жүргізе отырып, ерте егіс егуге, суаруға дайындық жұмыстарын жүргізуге болады. Сондықтан, аталған агротехникалық шараларды жүзеге асыруды үрдіске айналдыру қажет. Нәти­жесінде су пайдаланушылар егістікті ерте егіп, күтіп-баптап, суара отырып мол өнім алуға алғышарт жасайды», дейді Кеңес Әуенұлы. Маманның айтуынша, кезекпен және түнде суару шараларын жүргізу де бұл бағыттағы жұмыстарды қысқа мерзімде аяқтауға мүмкіндік береді. Ауыспалы егісті пайдалану дақыл өнімділігін арттырумен қатар суды тиімді пайдалануға да әсер етеді. Үнемдеуші технологияларды, яғни жаңбырлатып, тамшылатып, жер асты құбырлары арқылы суару да ылғал тапшылығын азайтып, суды үнемді пайдалануға мүмкіндік береді.              

Шымкент қаласы (4,8 мың га) мен Түркістан облысында (394,8 мың га) барлығы 399,8 мың гектарға (70%) су жеткізу қызметін көрсететін «Қазсу­шар» РМК Түркістан филиа­лы да келесі науқанның қамына қы­зу кіріскен. Суару маусымына су жүйе­лерін, олардың бойындағы ги­дротехникалық құрылыстарды дайын­дау мақсатында науаларды тазалап, каналдарды бетондап, тиісті құ­рыл­ғыларын және су сорғыларды ағымдағы жөндеуден өткізген. «Суар­малы жер тиімділігін арттыру мақ­сатында «Ирригациялық-дренаж жүйе­лерін жетілдіру» жобасының 2-кезеңі бойынша Мақтаарал ауданында – 39757, Шардара ауданында – 20630, Кентау қаласында – 10000, барлығы 70387 гектар суармалы жерде су және коллектор-дрен жүйелерін қалпына келтіру белгіленген. Қазіргі уақытта Мақтаарал ауданында бірінші және екінші іске қосу кешендері, Кентау қаласында «Арыс-Түркістан-1» жобасы бойынша конкурс жарияланып, мердігерлер анықталды. Шардара ауданында «Қызылқұм» жобасын жүзеге асыру конкурсы жарияланған. «Ирригациялық-дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының 3-кезеңі бо­йын­ша Жетісай ауданында – 45786, Шардара ауданында – 41942 және Кентау қаласында 5305 гектар, барлығы 93033 гектар суармалы жерде су және коллектор-дрен жүйелерін қалпына келтіру белгіленген. Қазіргі уақытта коммуналдық, жеке меншіктегі су, коллектор жүйелері мен тік құбырлы ұңғымаларды республикалық меншікке қабылдау рәсімдері жүргізілуде. Сон­дай-ақ 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мем­лекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында барлығы 95,4 мың гектар, оның ішінде 69,7 мың гектар сұранысқа ие суармалы жерді қалпына келтіру белгіленген. Ал Ордабасы ауданында шаруашылық аралық Р-5 каналы мен 1,5 мың гектар алқапта суару жүйелерін қайта құру жұмыстары жүргізілуде», дейді Кеңес Әуенұлы.

Шаруаларды қажетті ағын сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Дегенмен ма­ман­дардың да шаруа қауымның атына айтар сыны жетерлік. «Өкінішке қарай, шаруалар тарапынан суды үнем­ді, әрі ысырапсыз пайдалануға жете көңіл бөлінбейді. Су пайдаланушының тікелей міндеті болғанымен суару мәліметін зерттеп, тиімді пайдалануға талдау жасала бермейді», дейді филиал басшысы. Бұл орайда жергілікті атқарушы органдар суармалы жердің қайтарымын молайту мақсатында құ­нарлылығын арттыру, ауыспалы егіс­ті пайдалану, агротехникалық ша­ра­лардың дер кезінде және сапалы орындалуын ұйымдастыру, суарудың әр аудан бойынша белгіленген үлестік нормасының сақталуын қамтамасыз ету бойынша қатысты мекемелермен бірлесе шаралар жүргізуі қажет.

 

Түркістан облысы