..мұңын шағады
Ауыз суға жарымай отырмыз
Есіл ауданындағы Новоузенка ауылы көп жылдан бері сапалы тіршілік нәрінің зарын тартып келеді. Ана бір жылдары тұрғындарды таза ауыз сумен қамту үшін 7 миллион теңгенің су қондырғысы орнатылған еді. Бірақ жиі істен шығып, ақыры жұмысын тоқтатты. Содан бері сапалы суға зәруміз. 18 шақырым жердегі Корнеевка ауылынан тасуға мәжбүрміз. Оған қолы жетпегендері амал жоқтығынан ескі құдықтың суын пайдаланады.
Әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан мәселе ауылдық округ әкімінің есеп беру кездесулерінде талай рет айтылғанымен, сөз жүзінде қалып келеді. Құзырлы органдар араласқаннан кейін істен шыққан қондырғы қайта қалпына келтірілгенімен, қуанышымыз ұзаққа созылмады. «Қамқор Есіл» ЖШС-нің өкілдері орнатқан сүзгі тағы жарамсыз болып қалды. Серіктестік басшылығымен хабарласқанымызда «ертең ауыстырамыз» деген құрғақ уәдемен шығарып салады. Жаз, күз өтіп, міне қылышын сүйретіп қыс келсе де ауыл тұрғындарының жағдайы ешкімді толғандырар емес. Көрші ауылдардан су тасып жүрген жанайқайымызды естір құлақ табылар ма екен?
Бұл көптеген елді мекенге тән көрініс. Тауағаштықтар да таза ауыз суға жарымай отыр. Әбден тозығы жеткен фильтрлер мен сорғы жиі істен шығатындықтан тазаланбаған су ішуге мәжбүр. Сапасыз су тұтынғандықтан қандай дертке шалдығып жатқанымызды өзіміз де білмейміз.
Алма НҰРЫШЕВА
Солтүстік Қазақстан облысы,
Есіл ауданы
...өтініш айтады
Жұматай әулие зерттелсе дейміз
Біздің Үміткер ауылы – Павлодар облысы, Баянауыл ауданындағы Қаныш және Мұса Шорман ауылдарымен шекаралас орналасқан. Биыл Мұса Шорман ауылында осы жердің тумасы Жұматай әулиеге (Әбжалап) Құран оқылып, ас берілді.
Әбжалап әулие тіршілігінде дүниеге мойын бұрмаған жан. Жаңбырдың жауатын күнін, қыста аяз бен боран болатын күндерді дәл айтып береді екен. Қазақ байларын конфискациялауды да бұрын болжап: «Малдарыңнан айырыласыңдар, бәрін сатыңдар немесе бөліп беріңдер», депті. Бірде әулиенің түйелерді құшақтап: «Түйені сойып, темір мінер заман келер» деп кейіген кездері де болыпты. Әбжалап әулие Бейсенбайұлы қақаған аязда да, жаздың аптап ыстығында да бір қабат киіммен, жалаң аяқ, жалаң бас жүре береді екен.
Ел ішінде Жұматай әулие туралы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, айтылып жүрген адам сенгісіз қасиеттері көптеп сақталған. Қазіргі кезде Әбжалап әулие зиратына тәу етіп, зиярат етушілер көптеп кездеседі. Ауырған адамдар басына түнеп, дертіне шипа іздеп, сауығып қайтқандар да болған.
Әбжалап әулиені Мәшһүр Жүсіп Көпеев өте құрметтеген.
Әулие туралы ақпарат құралдарынан ешбір хабарларды оқымадық. Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылғандай, ұлы бабаларды, үлкен тұлғаларды ұлықтау, ардақтау, олардың есімдерін келер ұрпаққа жеткізу бүгінгі және келер ұрпаққа аса қажет дейміз. Сондықтан осы мәселеге қатысты министрліктер, тарихшылар арнайы зерттеулер жүргізуі керек шығар. Оның зират басы темір шарбақпен ғана қоршалған, кесене немесе әулие атына сай көрнекті зират салынса деген өтінішімізді Баянауыл ауданының әкімдігі мен аудандық мәслихатына құлаққағыс етеміз.
Жеңіс ШАДЕТОВ
Қарағанды облысы,
Бұқар жырау ауданы,
Үміткер ауылы
...жаңалығын жеткізеді
Ардагерлер бөлмесі ашылды
Көктемде ауданымызға әкім болып тағайындалған Д.Оразбаев мамыр айында Мамырсу ауылының тұрғындарымен кездескенде: «Ауылдарыңызда ардагерлер бас қосып отыратын бөлме бар ма?» деген сауал қойды. Ондай бөлме бізде жоқ болатын. Екі күннен кейін аудан әкімінің өкімімен ауыл әкімшілігі ғимараты ішінен бізге үлкен бөлме беріліп, оны жабдықтау жұмыстарын бастап кеттік. Бөлмеге Мамырсу ауылының іргетасын қалаған, ашаршылықты да, соғысты да көрген, тылда да аянбай еңбек еткен ардагерлердің суреттерін қойсақ деген шешімге келдік. Сол күннен бастап ауылымыздың ардагерлерінің суреттерін жинақтай бастадық. Осы жұмыстың өзіне жеті айдай уақыт кетті. Содан не керек, 25 қарашада ардагерлер бөлмесі салтанатты түрде ашылды. Бөлмені өзімізше үш бөлімге бөліп, ауылымыздың екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан және Ауған соғысына барып, оралмаған азаматтардың, совхоз кезінде еңбегімен ел құрметіне бөленген аға буын өкілдерінің, совхоз, мектеп басқарған жандардың, Батыр ана, Алтын алқа, Күміс алқа иегерлері атанған ардақты аналардың суреттерін ілдік. Осы ретте ардагерлер бөлмесінің ашылуына мұрындық болған аудан әкіміне, осы істің басы-қасында жүрген ауыл әкімі А.Ибрайшинге, қол ұшын берген ауыл азаматтарына алғысымыз шексіз.
Орынбек ТҰРЫСБЕКҰЛЫ,
Мамырсу ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Шығыс Қазақстан облысы,
Аягөз ауданы
...алғыс айтады
Шипагер шапағаты
Мен «Егемен Қазақстан» газетінің елу жылдан бергі оқырманымын.
Былтыр елордадағы №2 қалалық ауруханасына жедел түрде ес-түссіз түстім. Осындағы бар жігер-қабілетін, білімін аямайтын ақ желеңді азаматтарымыздың арқасында отадан кейін жағдайым жақсарды.
Өмірге қайта әкелген Ұлттық ғылыми Онкология орталығының кардиология бөлімінің меңгерушісі Талғат Қаркенұлына, қалалық ауруханада ота жасаған бөлім меңгерушісі Алексей Смоленскийге, кардиохирург Ислам Қалымханұлына, кардиореаниматолог Сәбит Қалдыбайұлына, кезекші дәрігер Берік мырзаға шексіз алғысымды білдіремін.
Шипагерлерге айтарым – алақандарыңыз жұмсақ болып, қолдарыңызға Алла дерт бермесін, зор денсаулық, жанұялық бақыт тілеймін.
Несібелді ОРАЛ
Нұр-Сұлтан