Жас ұрпақты жан-жақты қолдау мақсатында елімізде 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланған-ды. Жастар жылына орай дайындалған Жол картасында жастарды қолжетімді баспанамен, жұмыспен қамтамасыз ету, білім беру, кәсіпкерлікті дамыту, жас отбасын қолдау сияқты шаралар қарастырылған. Енді сол шаралардың орындалуына көз жіберіп көрелік.
172 мың жас жұмысқа тұрды
Соңғы деректерге сәйкес, республикамызда 14 пен 29 жас аралығындағы 3,8 млн жас азамат бар. 2019 жылдың ІІІ тоқсанында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8% немесе 84,7 мың адамды құрады. Білім деңгейі бойынша жұмыспен қамтылған жастардың 44,2%-ның (936,7 мың адам) жоғары немесе аяқталмаған жоғары білімі бар. Жұмыспен қамту бойынша көптеген шара қолға алынып, бірнеше бағдарлама жүзеге асты. Атап айтар болсақ, «Еңбек» бағдарламасы аясында 172 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты. Еңбек нарығын дамыту жəне жастардың тұрмыс деңгейін жақсартуға негізделген бағдарламадағы жастардың үлесі 34,3%-ды құрады, бұл – 213,5 мыңнан астам азамат.
«Жас маман» жобасы еліміздің барлық аймақтарында үш жыл ішінде 200 мыңға жуық жас азаматты қамти отырып, 200 жаңартылған білім беру ұйымдарының (20 алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны мен 180 озық колледж) базасында 100 аса сұранысқа ие индустриялық жəне қызмет көрсету кəсіптері бойынша мамандар даярлауды көздейді.
9,5 мың жас грант алды
«Жас кəсіпкер» жобасы – бұл республика бойынша, соның ішінде NEET санатындағы жастардың кəсіпкерлік қырын дамытуға арналған іс-шаралар кешені, оның аясында бизнес жүргізу дағдыларын үйрету жəне стартап жобаларды іске асыруда көмек көрсету бойынша шараларды кеңейту жоспарлануда. Бұл жоба 20 мың адамның кəсіп бастау негіздерін үйренуге мүмкіндік ашты.
2019 жылы 9,5 мың жас жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болып, гранттар алды. Бұдан былай жыл сайын 10 мың жасқа грант беру қарастырылған. Сонымен қатар 2,5 мың жас кəсіпкер өз бизнестерін дамыту үшін микро несие алды, тағы 15 мың адам кезекте.
«Жасыл ел» жобасы аясында 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. 2019 жылы жастар практикасына 33 мыңға жуық жас азамат жіберілді. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша біржолғы жəрдемақы мөлшері 70 АЕК-тен (176 750 теңге) 100 АЕК-ке (252 500 теңге) дейін ұлғайтылды. 6 мыңға жуық жас маман 1,2 млрд теңге көлемінде көтермелеу жəрдемақысын алды.
Айта кету керек, бағдарламаның екінші бағыты «Атамекен» ҰКП-ның «Бастау бизнес» жобасы бойынша 20 мың адам кəсіпкерлік негіздерін оқыды, оның ішінде 2,8 мың адам шағын несие алса, 15 мың адам грантқа қол жеткізді. Сонымен қатар жаңа бизнес идеяларды дамытуға 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде өтеусіз мемлекеттік грант қарастырылып жатыр.
Өңірлердегі кадрлар тапшылығын азайту мақсатында 2019 жылдың 9 айында 353 еңбекке қабілетті отбасы мүшесі жұмыс күші мол өңірлерден көшірілді. Оның ішінде 310 адам жұмыспен қамтылды.
Бұған қоса, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өткен жылдан бастап еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасын – Электрондық еңбек биржасын іске қосты. Биржа – жұмыспен қамту орталықтарына бармай бос жұмыс орындары мен түйіндемелерді жариялау мүмкіндігін қамтамасыз ететін бірыңғай цифрлық алаң.
Биржаға 2019 жылдың желтоқсанына дейін 36,4 мыңға жуық бос жұмыс орны жайлы ақпарат жəне 161,5 мың түйіндеме келіп түскен. Бұл қызметті 182,5 мың жұмыс беруші жəне 858,7 мың жұмыс іздеуші қолданған. ЭЕБ арқылы 476 мың жұмыс іздеуші еңбекпен қамтылды.
22 мың адам кәсіптік оқуға жіберілді
Жастар жылында «Тегін техникалық жəне кəсіптік білім беру» жобасы іске қосылды. Соның арқасында 9 немесе 11-сыныптан кейін оқуын жалғастыра алмаған мектеп түлектері ақысыз оқуға мүмкіндік алды. Осылайша бір жылда 22 мың адам кəсіптік оқуға, 20,2 мың адам қысқа мерзімді оқуға жіберілді. Сонымен қатар жастардың, оның ішінде NEET санатындағы жастардың біліктілігін арттыру жəне қайта даярлау үшін еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша кəсіптік оқытудың қысқа мерзімді курстары (6 айға дейін) ұйымдастырылды.
Жас ғалымдардың қолданбалы зерттеулерін гранттық қаржыландыруға 3 млрд теңге бөлінді. Білім және ғылым министрлігі Жастар жылында ҰБТ тапсыруға өтінім берген əрбір екінші талапкерге ЖОО-ға түсуге мүмкіндік берген 53 785 грант бөлді.
Сонымен қатар қазіргі кезде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа кəсіптер мен құзыреттер атласы» ақпараттық жүйесін əзірлеп жатыр, ол 2020 жылы наурыз айында дайын болады. Сонымен бірге еңбек нарығына қойылатын талаптарды өзара байланыстырып, ол дағдылардың білім беру жүйесі тарапынан ұсынылуына мүмкіндік жасайтын кəсіптік стандарттар негізінде білім бағдарламалары əзірленуде.
3000 жас баспаналы болды
2019 жыл бойына ел жастарын қолдауға бағытталған түрлі шаралардың маңыздысы – жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы баспана. 2019 жылы 3 мың жас Қазақстанның үш ірі қаласынан пәтер алды. Нұр-Сұлтан қаласында 1050 пəтер, Алматыда – 1050 жəне Шымкентте 900 пəтер берілді. Оған қоса 3 мыңнан астам жас маманға тұрғын үй алуға 13,5 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие берілді. «Дипломмен – ауылға!» жобасына қатысушыларға 1500 АЕК-тен аспайтын мөлшерде (3 787 500 теңге) бюджеттік несие берілуде.