• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 17 Қаңтар, 2020

Қазақ тіліндегі алғашқы «Қазақстандағы цирк өнерінің бастаулары мен дамуы» кітабы шықты

586 рет
көрсетілді

Бүгін Алматының мәдени өмірінде айтулы оқиға болды. Тұңғыш рет қазақ тілінде жазылған Нұрбақыт Бөкебаевтың «Қазақстандағы цирк өнерінің бастаулары мен дамуы» атты кітабының тұсаукесері өтті. Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткен тұсаукесерге өнердегі танымал тұлғалар мен БАҚ өкілдері көптеп жиналды. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркінің артистері салтанатты шараның сәнін асырды.

Қазақ мемлекеттік циркінің директоры, Мәдениет қайраткері, мәдениеттанушы, театртанушы-сыншы Нұрбақыт Бөкебаевтың «Қазақстандағы цирк өнерінің бастаулары мен дамуы» атты ғылыми монографиясы – автордың іргелі ізденістерінің жемісі. Әрі бұл кітап – соңғы 50 жылда цирк тақырыбына жазылған үшінші және қазақ тіліндегі алғашқы монография. Кітапта тосын да қызықты деректер жеткілікті.

Ал кітаптың тұсаукесеріне жиналған мәдениеттанушы-мамандар қазақ циркінің тарихы мен мәдени өмірі бірде-бір гуманитарлық ғылым саласында әлі күнге дейін жүйелі әрі ғылыми негізде зерттелмей келгендігін, көп этносты Қазақстанның мәдени жетістіктерінде цирк өнерінің айтарлықтай үлесі болғанына қарамастан, оны індете зерделеген іргелі зерттеулер тапшы екендігін айтады.

Ал Алматы шаһарының қайталанбас көрнекті өнер ордасы, ақшаңқай күзбезімен сәулеті жарасқан, ұлттық цирк өнерінің қарашаңырағы – Қазақ мемлекеттік циркінің 50 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көріп, оқырманға ұсынылып отырған бұл монография жоғарыдағы олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған игі қадамның бірі. Бекзат өнерге деген жанашырлықтың жарқын үлгісі, ұлт мәдениетінің кемелденуіне қосылған үлестің кішкентай бөлігі десек те болар. Кітапта ежелгі цирк өнері алғашында культтік, бақсылық дәстүр, діни жоралғы, спорттық жарыстар мен жәрмеңкелік сауық-сайран сияқты мәдени қайнардан бастау алғаны айтылады. Тылсым күштерді шақырып, тотемдік акробатиканы меңгерген алғашқы қауымдық дәуірдегі бақсылардың жаңа әлемдік діндердің пайда болуына байланысты бұрынғы асқақ әлеуметтік мәртебесінен айырылып, кейін кезбе сиқыршы, секіргіш адамға, жонглерге, мимге, аң үйретушіге, атбегіге, күлдіргішке, ертедегі культтік әрекеттердің жаппай ойын-сауық пен драмалық көріністерге айналу үдерісі – әлемдік мәдениет тарихындағы кең таралған құбылыс болғаны, цирк өнері мистикалық сипаттан мәдени құндылыққа ұласқаны жан-жақты көрсетілген.

Қазақтың атбегілік өнері, саятшылық салты мен құсбегілік дәстүрінде де цирктің бастаулары жатыр. Қазақ халқының ежелден бүгінге жеткен «Аударыспақ», «Теңге ілу», «Көкпар»  сынды ат үстінде ойналатын ұлттық ойындары жаттығумен қатар көшпелі мәдениеттің айшықты өнімі түрінде цирк трюктарына айналды. Сондықтан да сиқырлы цирк өнері қазақтың қанында бағзыдан бар, ата салтымен дарыған қасиет.

Ұлы дала – ежелден көшпенді халық мекендеген, ұрпақтарына өздерінің қайталанбас дәстүрлі және синкреттік (тұтас) мәдениетін мұраға қалдырған. Автор өз еңбегінде далалық цирк өнернамасы – қазақ мәдениетінің алтын діңгегі, күнделікті тұрмыс-салттың даму барысында шыңдалған мәдени құрылымы деген тұжырым жасайды. Монография мазмұнында бірқатар тұжырым назар аудартады.

Біріншіден, палеолит дәуірінен бүгінгі күнге дейін далалық цирк өнерінің бастаулары мен қалыптасу кезеңдері көрсетілді. Энеолит дәуірінде көшпенді бабаларымыздың жабайы жылқыны алғаш қолға үйретуінен бастап арғымақтық цирк өнерінің культурогенезі басталды деген түйін жасалды.

Екіншіден, Ұлы даланың көшпелі мәдени өмір салты әр қазақ баласын цирк трюктарын еркін шабандоз ретінде қалыптастырды.

Үшіншіден, далалық цирк өнерінің жарқын өкілдері – сал-серілер екені, олардың шығармашылығы синкретизмнің үлгісі екені дәлелденді.

Төртіншіден, сал-серілердің арасында цирк трюктарын кәсіби түрде орындайтын «ағашаяқ» атанған өкілдері болғаны анықталды.

Бесіншіден, қазақтың цирк өнері мен күлкі мәдениетінде трикстерлер образы Алдар Көсе, Қожанасыр, Құлақай қу, Шаншардың қулары ретінде көрініс тапқаны айқындалды. Бұл монография цирк өнерінің тарихы мен қалыптасуы, жаһандану жағдайындағы заманауи бұқаралық мәдениет құрылымындағы рөлі тұрғысынан алғанда, Қазақстандағы осы өнер түріне өзінше мәдениеттанулық зерттеу жасаған ең алғашқы жұмыс.         

Нұрбақыт Бөкебаевтың зерттеу еңбегі цирк өнерін, оның ішінде қазіргі заманғы қазақстандық циркті зерттеушілерге, гуманитарлық жоғары оқу орындары мен мәдени білім беру мекемелерінің педагогтары мен студенттеріне, сонымен қатар, цирк жетекшілері мен менеджерлеріне ғылыми, ақпараттық, әдістемелік құрал ретінде пайдасын тигізе алады.

Монография авторы Н.Бөкебаев 17 мүшеден тұратын халықаралық цирк қауымдастығының қазылар алқасының Орталық Азия бойынша бірден бір өкілі, бұл автордың ғана емес, Қазақстан циркінің әлемдік цирк саласында абырой-беделінің жоғары екенін көрсетеді.

 

АЛМАТЫ