Батыс Қазақстан облыстық Тілдерді дамыту басқармасы мұрындық болған «Туған өлке – тұнған тарих» атты ғылыми-зерттеу жобасы байқауы мәреге жетті. Білім мен ізденіс жарысына облыстың барлық аудандарынан 7-8 сынып оқушылары қатысқан болатын.
– Байқаудың басты мақсаты – Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақалалары аясында жас зерттеушілердің назарын өзінің туған өлкесіне, ауыл мен қала тарихына аудару болатын. Осылайша, өз өлкесін ерекше сүйетін, оның өткенімен мақтанатын патриоттарды тәрбиелеу, білім алушылардың ғылыми ойлау және зерттеу қабілеттерін дамыту да басты назарда болды. Байқауға мектеп оқушылары белсене қатысты. Сөйтіп қорытынды сынға облыстың 9 ауданы және Орал қаласының білім мекемелерінен 23 үміткер қатысты, – дейді осы байқауды ұйымдастырушы Тілдерді дамыту басқармасының жауапты қызметкері Зәмзәгүл Ғаббасова.
Орта буын мектеп оқушыларының балаң жұмыстары болса да байқауға Орал қаласындағы жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары қазылық етті. Тарих ғылымдарының кандидаттары, Бақтылы Боранбаева мен Альфия Байболсынова, филология ғылымдарынан PhD доктор Айдарбек Ақболатов жас зерттеушілердің анықтамалық әдебиеттерімен жұмыстанудағы білігі мен дағдысын, қорыту тәжірибесін, жазу шеберлігін, туған өлке тарихының ақпараттық-талдау материалдары жүйесін құру және жүргізудегі ізденісін лайықты бағала- ды.
– Оқушыларға олардың жетекшілері, ұстаздары барынша көмектескені байқалады. Байқауға келіп түскен жұмыстардың көпшілігі ономастика тақырыбына, жер атауларының тарихына арналған екен. Шипалы Әлжан сор туралы, көне құлпытастар тарихы хақында зерттеу жасаған оқушылар да бар. Әрине бұл балғын зерттеушілердің тырнақалды туындылары ғой. Оларға сәттілік тілейміз, – дейді Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Альфия Сабырғалиқызы.
Сонымен білім мен таным бәйгесінің бас жүлдесін Қаратөбе ауданындағы Алакөл негізгі мектебінің 8-сынып оқушысы Ұлпан Сұлтанғалиева жеңіп алды. Бірінші орын Теректі ауданындағы Долин жалпы орта білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы Саида Кабышеваға бұйырса, екі екінші орынды Бәйтерек ауданындағы Камен жалпы орта білім беретін мектептің 7-сынып оқушысы Дарья Стребкова мен Бөрлі ауданындағы Ақбұлақ мектеп-балабақша кешенінің 7-сынып оқушысы Даянна Тоқтасын иеленді. Үш үшінші жүлдені Ақжайық ауданындағы Ғабдолла Махамбетов атындағы орта жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы Диляра Сәрсенғалиева, Қазталов ауданындағы Ақпәтер орта жалпы білім беретін мектептің 7-сынып оқушысы Әдемі Айтқали және Орал қаласындағы №35 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Ксения Доля бөлісті. Ал Сырым ауданында В.И.Шубин атындағы орта мектебінің 8-сынып оқушысы Асылай Тұяқова мен Орал қаласындағы №42 «Ақниет» гимназиясының 8-сынып оқушысы Шалқыма Жүніс арнайы сыйлыққа ие болды.
Байқаудың барлық жеңімпазы арнайы дипломмен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Батыс Қазақстан облысы