• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
03 Тамыз, 2013

Темірбек нарком

680 рет
көрсетілді

Ілияс Омаров марқұм Қазақстанның Мәдениет министрі болып тағай­ындалған 1967 жылы кабинетіне Темірбек Жүргеновтің портретін іліп қойғанын оны құттықтауға барған адамдар мен қабылдауында болғандардың бәрі де көрген, риза болысқан. Ілекеңді аға тұтып, көп жылдар араласып жүрген мен оны құттықтауға ауылда болмай қалып, кешігіңкіреп бардым.

– Көрінбейсің ғой! – деді ол.

 

Ілияс Омаров марқұм Қазақстанның Мәдениет министрі болып тағай­ындалған 1967 жылы кабинетіне Темірбек Жүргеновтің портретін іліп қойғанын оны құттықтауға барған адамдар мен қабылдауында болғандардың бәрі де көрген, риза болысқан. Ілекеңді аға тұтып, көп жылдар араласып жүрген мен оны құттықтауға ауылда болмай қалып, кешігіңкіреп бардым.

– Көрінбейсің ғой! – деді ол.

– Ауылда болмай қалып, – деп бастап, жаңа қызметіне құтты болсын айттым. – Бұдан да үлкен қызмет атқарған адамсыз ғой. Адамды қызмет көркейтпейді, қызметті адам көркейтеді. Сіз қайда барсаңыз да, сол жерді ой-пікірдің, істің орталығы ғып жүрген адамсыз. Қазақтың ұлттық мәдениеті дәл өз мағынасын ала алмай жүрген заманда, бұл келісіңіз де орынды көрінеді маған. Еңбегіңіз жемісті болсын! – дедім.

Осылай сөзімді аяқтай бергенде, басымды көтеріп, Ілекеңнің бетіне қарап ем, көзім оның басынан аса, арқа тұсында ілулі тұрған бейтаныс адамның портретіне түсті. Үлкен кабинеттерде партия көсемдері мен ел басшыларының портреті ілінетін дәуірде, солардың орнында тұрған мына адамға таңырқай қарадым. Мұны Ілекең де аңғарып қалды.

– Сен бұл кісіні танисың ба? – деді ол мойнын артына қарай бұра.

– Жоқ.

Осыдан кейін Ілекең әңгімені өзі жалғастырып әкетіп, бұл кісінің – Темірбек Жүргенов екенін, оның кім болғанын баяндай жөнелді. Мен де бұл есімнен хабарсыз емес едім. 30-жылдардың әдебиеті тарихын зерттеп жүргенде, әдебиетпен тікелей байланыста дамитын мәдениет мәселелеріне назар аударғам. Жүргенов есімімен де талай кездескем. Қазақстандағы оқу жүйесі мен мәдениет саласына үлкен еңбек сіңірген, дәстүр мен мәдениеттің ұлттық сипатын жарқырата көрсетуге ұмтылған үлкен қайраткер екенін ұққам. Бірақ суретіне көз тоқтата қоймаған болуым керек. Менің білгендерімді толықтырып, Ілекең ол кісі жөнінде біраз әңгіме айтты. Мен олардан Ілекеңнің Темірбекке деген құрметін, оның жолын жалғастырушы болуға ұмтылысын байқадым. Кейін қазақ мәдениетінің тарихын, өсіп-өркендеу жолын сөз еткенде, алдыңғы кезекте Т.Жүргеновтің, сонсоң І.Омаровтың аттары аталатынын көріп те жүрміз. Сонда әлгі сәт, екеуміздің әңгімеміз еске түседі. Қазір осы қатарды Өзбекәлі Жәнібеков аты толықтырды. Олардың арасында рухани жалғастық болғаны талас та тудырмайды. Бұл азаматтар өз қызметтерінде ұлт тағдырын басты мұрат етіп ұстаған, заман ырқына қарай, өз мүмкіндіктері шеңберінде ұлттық мемлекет мүддесі үшін деп еңбек еткен, сөйтіп, қазақ жүрегіне жол тапқан қайраткерлер екені әркімге-ақ аян. Олар шығармашылық жұмысқа ұлттық сипат дарыта білді. Бергі заманның осы бір ұлы тұлғаларының өзінде алдында өткен ағаларының мұрат-мүддесі жатқанын түсінуге әбден болады. Мұның шындығын бүгін ұлттық мемлекет құру жолындағы талабымызға Алаш мұрасын пайдаланып жатқанда ғана түсінген сияқтымыз.

Темірбектің қазақ мәдениеті мекемесінің басына келу кезеңі – Қазақ мемлекеттігі тарихының ең бір күрделі дәуірі еді. Революциялық аласапыран мен 20-жылдардағы тап арасының зобалаңдары, аштық пен адам құқына жасалған зорлық Қазақстанда қалай өткені елдің бәріне аян. Голощекин қазақ деген халықты да, елдің экономикасын да, ел мәдениетін де тұралатып кетіп еді. 1933 жылдан жаңа келген басшы Л.И.Мирзоян осы зобалаңды басынан өткерген халықтың көңіл-күйін көтеруге тырысты. Шаруашылықты жөндеуге, халықты аштықтан құтқаруға жаңа бастамалар жасады. Ол мәдениет мәселесіне де айрықша көңіл бөлді. Мәдениет пен оқу жүйесін көтере алатын адам іздеді. Сол кезде Өзбекстанда оқу-ағарту халық комиссары болып істеп жүрген Темірбек Жүргеновтің есімін атаған Ғабит Мүсірепов сияқты Жүргеновпен сөйлесуге Ташкентке Ғабиттің арнайы баруы осыны аңғартады. Ғабит ол кезде Қазақстан Ком партиясы өлкелік комитетінде Мәдениет бөлімін басқаратын.

Бұл жөніндегі мәліметтер Темірбектің жары Дәмеш Ермекова – Жүргенованың естеліктерінде келтіріледі. «Ташкентке Ғабит Мүсірепов келе қалды. Темірбек екеуі жұмысқа барып та, үйге келіп те сөйлеседі. Өздерінше бір сырды менен жасыратын сияқты. Өздері айтсын деп сұрамадым. «Дәметай, – деді Темірбек, – мына Ғабиттің неге келгенін білесің бе? Үлкен қуанышты хабар алып келді». «Қандай хабар?», – деймін. «Қазақстанға баратын болдық, Дәметай», – деді. «Өз республикамыздың мәдениетіне де тамшыдай болса да үлес қосқанымыз дұрыс шығар» – дейді. «Рас па?» – деймін. Көзімнен жас шығып кеткенін білмей қалыппын. «Неге жылайсың? Дәметай! Немене осы жерге бауыр басып қалдың ба?» – дейді. «Жоқ, неге?» – деппін. «Өзбекстан бізге білім берді. Екеумізге де. Оны ұмыта аламыз ба? Ұмытпаймыз. Бірақ туған жерге деген сағыныштан болар көңілімнің босап кеткені, деп жатырмын».

Л.И.Мирзоянның қабылдауында болған Темірбек Жүргенов Қазақстанда жұмыс істеуге келісе отырып, үш түрлі шарт қойыпты. Оның біріншісі – әкемнің малы тәркілеуге ұшырағанын бетіме басып, байдың баласы деп ешкім қудаламайтын болсын. Екіншісі – менің ұсынысыммен жергілікті ұйымдар санасуы үшін өлкелік комитеттің құрамына қосу, мүмкін болса бюроға сайлау, үшіншісі – Оқу-ағарту халық комиссариатына бөлінген бюджеттік қаржыға ешкім қол сұқпасын, мен оны еркін жұмыс істеуге пайдаланамын, – депті. Мирзоян бұл ұсыныстарға келісіпті. Және Темірбек Жүргеновті Оқу-ағарту халық комиссары етумен бірге мәдениет, көркем өнер істері жөніндегі комитеттің төрағасы қызметін қоса тапсырыпты. Сөйтіп, Темірбек Жүргенов Қазақстандағы оқу-ағарту саласымен қатар, бүкіл мәдениет, көркем өнер ұйымдарымен жұмыс істеу міндетін мойнына алады. Және өзі жұмыс істеген төрт жылдың ішінде айрықша жігермен табыс­ты қызмет атқарады. Өзі басқарған салаларда іргелі табыстарға қол жеткізеді.

Ел аралап оқу орындарының жағдайын өз көзі­мен көрген Т.Жүргенов мектеп жүйе­сін кеңейту, оқуға қажет құралдарды шығарып пайдалану, мұғалімдердің білімін жетілдіру, оны дайындау мә­селелерін шұғыл жақсартуға кіріскен. Аз жылдың ішінде бұл бастама нәтижесін бере бастады. Ұлт тілінде оқытатын мектептер көптеп ашылды. Шын мәнінде, ұлттық орта мектеп жүйесі Қазақстанда осы тұста қалыптасты. Ұлт тілі, әдебиеті, тарихы сол кезден бастап мектепте оқылатын пәндер қатарына кірді.

Қазақстан жоғарғы мектебі туып қалыптасты. 1928 жылы ашылған Қазақ университеті (кейін Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институты) қатарына ауыл шаруашылығы, медициналық, тау-кен институттары қосылды. 1934 жылы Қазақ университеті ашылды. 1937 жылғы мәлімет бойынша, республикада 22 жоғары оқу орны, 85 техникум жұмыс істеді. Оларда 7369 студент, 23517 техникум оқушылары білім алды. Олардың 3971 және 11355-і қазақтар болды. Мектепте 1,5 млн. бала оқыды.

Ғылым жолына ұмтылған жастарды қолдау ісі де жүзеге асты. 1933 жылы Т.Жүргеновтің тікелей қолдауымен М.Қаратаев, Б.Шалабаев, Т.Жароков, Х.Есенжанов, Ә.Бектұров сияқты сол жылы институт бітірген бір топ жас Ленинградқа аспирантураға аттанды. Оларға көмек ретінде наркомның өзі қосымша стипендия төлеген.

30-жылдар – қазақ мәдениетінің жаңа сапаға көтеріліп өркендеген мезгіліне айналды. 1933 жылы Т.Жүргеновтің ұсынысы бойынша өлкелік комитет «Ұлттық өнерді дамыту туралы» қаулы қабылдады. Көркем өнердің жаңа ошақтары ашылды. Республикалық драма театрынан Қазақ музыкалы театры бөлініп шықты. Филармония, ұлт аспаптар оркестрі, хореографиялық училище, ұйғыр театры ұйымдасты. 1934 жылы Қазақстан жазушыларының бірінші съезі, халық өнерпаздарының слеті өтті. Онда таланты танылып, мойындалған ақындар мен өнерпаздар астана өнер мекемелерінде қызметке қалдырылды. Ғарифолла Құрманғалиев музыкалық театрда, Дина Нұрпейісова, Қали Жантілеуов, Науша Бөкейханов, Лұқпан Мұхитов филармония мен ұлт аспаптар оркестрінде жұмыс істей бастады. Жамбылдың таланты да осы слетте айрықша көзге түсті. Оған қоса Нұрпейіс Байғанин, Кенен Әзірбаев, Шашубай Қошқарбаев, Доскей Әлімбаев, Нартай Бекежанов сияқты халық ақындары қатарға кірді. Суретші Әбілхан Қастеев салған суреттер слетте зор бағаланып, ол Н.Хлудов шеберханасында өнерін жалғастыруға мүмкіндік алды. Кейін Мәскеуге оқуға жіберілді. Домбыра жасаушы шебер Қамар Қасымов үшін арнайы шеберхана ашылды.

1935 жылы Қазақстан мәдениеті қыз­меткерлерінің тұңғыш съезі өтті. Онда жасаған Т.Жүргеновтің «Қазақстандағы мәдениет революциясы» атты баяндамасы сол кездегі қазақ мәдениетінің пр об­лемаларын кең көлемде көтеріп, оның өткені мен бүгінгі жағдайын, болашағын теориялық және практикалық бағытта түйіндеген құжат болған еді. Нарком «мәдениет» деген сөздің кең мағынасына тоқтала келіп, Қазақстандағы оқу-ағарту ісіне, мектептер мен мамандар дайындайтын оқу орындарының, жоғары мектептің жағдайына қазақ мәдениеті дамуының қайшылықты жолына, көпшілік арасындағы саяси-ағартушылық жұмыстарға, өнердің даму бағытына шолу жасады, жетістіктері мен кемшіліктеріне тоқталды. Ана тілі мен ұлттық әдебиетті, тарих пәнін оқытудың маңызын және оны жетілдіру шараларын атап айтты.

Бұл баяндама (тек бұл емес, жалпы, Т.Жүргеновтің сөйлеген сөзі мен жазған мақалаларына тән сипат) сөзден гөрі іске ерекше мән беруімен ерекшеленді. Т.Жүргеновтің сөзінің артында соны нақтылаған тиянақты ісі жататынын замандастары жақсы білді. «Сөз тірегі – іс. Бізге іс керек. Бұл үлгіні бізге Қазақстанның жаңа басшылығы көрсетіп отыр. Жатпай-тұрмай, іс істеуіміз керек. Құр іс емес, қалың бұқараның қамын ойлап, өсу, өркендеу жолына, қазақтың ұлт мәдениетін социализм заманының деңгейіне көтеру жолына кірпіш бола білетін іс керек», – деді ол баяндаманың қорытындысында.

Жаңа ұйымдар, мекемелер, әсіресе өнер ошақтарын ашу, оны ұйымдастыру, ұжым қалыптастыру, соған еңбек ететін таланттарды таңдап алып, өнер биігіне бағыттау – қиынның қиыны. Т.Жүргенов өмірін осындай ортада өткізген үлкен ұйымдастырушы болғаны оның замандастарының естеліктерінде де, сол кездегі баспасөз хабарларында да, тарихи құжаттарда да көп сақталған. Музыкалық театрдың Жүргеновсіз қаз тұрып кетуі тым қиын болған болар еді.

Т.Жүргенов жаңа ашылатын театр­дың репертуары жайын алдын-ала ойластырды. Мұхтарды «Айман-Шолпан», Ғабитті «Қыз Жібек», Бейімбетті «Шұға» атты музыкалық пьесалар жазуға көндірді. Бейімбетке «Жалбыр», Сағыр Камаловқа «Ер Тарғын» атты болашақ опералардың либероттасын жазуды тапсырды. «Айман-Шолпанмен» музыкалық театрдың сахнасын ашты. «Қыз Жібек» дайын болған кезде, оның музыкалық драма емес, операға жақын жанрда орындалғанын көріп, оған музыка жазатын композитор іздеді. Есіне кеше ғана өзі Ленинградтан алдырған жас композитор Евгений Григорьевич Брусиловский түсті. Оны бір жағынан музыка училищесінде сабақ беруге жіберіп, екінші жағынан көркем өнер комитетінің музыка кабинетін басқаруға қалдырған болатын.

– Сен операға музыка жазасың ба? Материалы қазақ өмірінен. Қазақ эпосының сюжетіне құрылған. Оның музыкасы да қазақ әндерінің негізінде жазылуы керек, – деді ол Брусиловскийге.

Ол әуелде «жазам» деп қалды да артынша кібіртіктеп, – Мен қазақ музыкасын жетік біл­мей­мін ғой. Тек қазір Затаевичтің кіта­бын алып, зерттеп жатырмын, – деді.

– Онда сол кітаппен таныса бер. Опера таза қазақ музыкасынан құры­луы керек. Арияларына қандай ән қолайлы екенін бірге шешуге, таңдауға қасыңа Құрманбек Жандарбеков пен Қанабек Байсейітовті қосам. Олар сол әндерді орындап беріп отырады. Сен тыңдап, нотаға түсіресің, арияға айналдырасың. Көмекке қосымша Күләш Байсейітованы, Жүсіпбек Елебековті, Манарбек Ержановты, Иса Байзақовты пайдалануға болады. Керек кезінде оларды Құрманбек шақырып беріп отырады. Ал, онда кіріс, ісіңе табыс тілеймін!

Ол Брусиловскийдің қолына Ғабит жазған «Қыз Жібектің» либреттосын ұсынды.

«Жүргенов халық әнінің шеңберінен мүлде ауытқып кетуге тыйым салды, – дейді өз естелігінде Е.Г.Брусиловский. – Оның өзі қазақтың халық әндерін жақсы білетін. Және біз іріктеп алған әндерді қатаң түрде тексеріп отырды. Қажет болған жағдайда қайдан алынғанын, кім орындап бергенін, нотаға кім түсіргенін айтып есеп беріп тұратынмын. Ол күні-түні біздің қасымызда болып, театрдағы репетицияны қарады. Костюм, декорация эксиздерін көрді. Қазақ биі жөнінде балетмейстер Александровпен сөйлесіп, билерді таңдауға қатысты».

«Қыз Жібек» осылай туды. Ол және «Шұға» сахнаға шықты. Оның артынан осы жолмен Брусиловский «Жалбыр» атты опера жазды.

Репертуар мәселесіне қоса сол тұста Темірбек артистер құрамын іріктеуге, толықтыруға айрықша көңіл бөлген еді. Ол музыкалық театрдың көркемдік жетекшісі етіп Жұмат Шанинді алдырды. Қазақ театрының негізін салған осы үздік талант кешегі бір аласапыран тұста Қазақстаннан пана таба алмай, Қырғызстан асып кеткен еді. Ол да ризалықпен елге оралып, жұмысқа кірісті. Театр директоры қызметін Қанабекке тапсырды. Енді ол театрдың бағыт-бағдарын айқындайтын, басты рөлдерді ойнайтын адамдарды іріктеді. Алдымен Қанабек пен Құрманбекті жаңа театрға ауыстырды. Олар ба сты қаһарман жігіттер рөлін ойнайтын болды. Күләш пен Шара соның алдында ғана драма театрына қызметке алынып, негізгі қыздар рөлдерінде көріне бастаған. Оларды да жаңа театрға жіберу мәселесі шешілді. Алматының көркемөнер үйірмелері сахнасында жаңа көріне бастаған екі қызды жолықтырып, оларға қамқор болған Қанабек пен Құрманбек екеуін театрға орналастырып, өсуіне бағыт сілтеп қана қоймай, отбасына серік етіп алуды шешіп қойған-ды.

Бір күні Т.Жүргенов төртеуін шақырып отырып, олармен театрдың және жеке артистердің келешегі туралы әңгіме қозғады.

– Адамда, әсіресе, бір ұжымда істеп, бір рөлді кезектесіп ойнаған артис­терде бақталастық деген болады. Ол мінез біраздан кейін қызғаншақтыққа, араздыққа дейін жетуі мүмкін. Бізде өлең айтушылар бар да, бишілер жетіспейді. Өлең айтуды Күләшқа беріп, Шара, сенің ебің бар, бишілікке ауысуыңды қалар едім. Сонда жарыспай, бәсекелеспей, екеуің екі салада жетекші қызмет атқарар едіңдер. Қалай қарайсыңдар осыған?

Ақкөңіл, қалтқысы жоқ Құрманбек бірден қолдады. Қалғандары үндей алмай, аңырып қалды. Күләш пен Қанабек Шараның көңіліне қарады ма, бірден шешіле қоймады. Әуелде ойланып қалған Шара Құрманбектің сөзінен кейін есін жиып, келісетінін білдірді. Томсырайып қалғандар бірден күлкіге ауысып, мәз-мейрам боп тарады.

Жүргенов ендігі жерде Шараны бір айға Өзбекстандағы Тамара ханумның қарамағына жіберіп алуды шешті. Одан келгеннен кейін Мәскеуге, үлкен театрдың атақты бишісі Галина Уланованың мектебінен өткізіп алды. Сөйтіп, «Қыз Жібек» қойылғанда Күләш Жібек рөлінде, Шара бас биші болып шығып еді. Қазақ операларында қазақ биі содан бері көрнекті орынға ие болып келе жатыр. Шара көп бишілердің ішінде емес, би сахнасында бөлекше киініп, жетекші биші боп шықты. Би ұлттық спектакльдердің көркіне айналды. Біздің жас кезімізде жетекші бишілік бір еркек, бір әйелдің үлесіне тиіп, екеуі жарыса билейтін еді. Кейін екеуі топқа қосылатын. Алмас Бекбосынов пен Нұрсұлу Тапалованың биі біздің көз алдымызда. Өкінішке қарай, осы дәстүр ұмытылып бара жатқанға ұқсайды.

Осы төртеуі қойылған спектакль­дер­дің көркі болып, Темірбектің көңі­лін жайландырды. Бірақ ол еш уақытта жайланып, тыныштықпен отыра алмайтын адам еді. Спектакльдің Алматыда қойылуы өз алдына, оны Мәскеуге онкүндікке апару сапарының қиындықтары оның жанына тыныштық берген жоқ. Алматыда да, Мәскеуде онкүндік күндерінде де осы төртеуі ғана емес, бүкіл онкүндікке қатысушылардың бәрі оның тікелей бақылауында болды.

1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі 17 мамыр күні «Қыз Жібек» операсымен ашылды. Оған одақтық мемлекет басшылары қатысып, қазақ өнерін тамашалап қол соқты. Қыз Жібек рөліндегі Күләш Байсейітованың ғажайып дауысы тыңдаушыларды таңғалдырды. Сол күннен бастап әнші «қазақтың бұлбұлы» атанды. «Қыз Жібек» 19 мамырда қайта қойылды. 18-22 мамыр күндері мәскеуліктер «Жалбыр» операсын тыңдады. 23 мамырда екі бөлімнен тұратын концерттік бағдарлама көрсетілді. Бірінші бөлімде ұлт аспаптары оркестрінің концерті (жетекшісі А.Жұбанов) көрсетілді. Оркестрге қосылып Күләш, Жамал Омарова, Шара, хореографиялық училищенің балалары өнер көрсетті. Концерттің екінші бөлімінде сахнаға ұлттық ойындар мен Жамбыл бастаған халық ақындары шығып, қазақтың суырып салып айту өнерін жұрт назарына ұсынды.

Онкүндіктің табыстары қазақ ар­тис­терін де, Жүргеновті де жаңа жұмыстарға жігерлендірді. Ендігі кезекте олар музыка театрын опера және балет театрына айналдырудың қамына кірісті. 1937 жылы опера және балет театры ашылып, оның сахнасына «Ер Тарғын» операсы шықты. Тағы да қазақтың халық музыкасына негізделген операны Е.Г.Брусиловский жазып шықты. Ақжүністі Күләш, Тарғын рөлін Құрманбек орындады. Жүргенов тағы да өз биігінен көрінді. Сөйтіп, келесі жылы жаңа театр ұжымын «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғын» операларымен Ленинградқа аттандырудың жоспарын жасады.

Сол жылы опера театрына жаңа үй салу мәселесін көтеріп, Мирзоянның келісімін алды. Театр үйін салуға лайық жер іздеп, осы күнгі Абай атындағы опера және балет театры тұрған жерді таңдаған да өзі еді. Театр үйінің жобасын жасауға тапсырма берді.

1935 жылы «Казахстанская правда» газетінде (1 сәуір) Т.Жүргеновтің «Шахнаме» деген мақаласы басылды. Ол сол кезде жаңадан табылған парсы ақыны Фирдоусидің атақты шығармасының аударылған қолжазбасына арналып жазылған-ды. Мақала авторы қолжазбаның үш нұсқасын түпнұсқамен салыстыра отырып талдайды. Оның аударылуының маңызын, Молда Ораздың көп еңбектеніп шығарғанын атап

Соңғы жаңалықтар