Павлодар ауданы, Розовка ауылындағы «Киров» атындағы серіктестікке сүт өнімдерін дайындайтын «ФудМастер» компаниясының өкілдері келіп қайтты. Мақсат – осы серіктестікке қарасты егістік алқаптарын суару бойынша жүзеге асырылып жатқан жоба жұмысын бақылап, заманауи техникаларды іске қосу, тұтынушыларын тұрақты түрде сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған алып компания жұмысының жоғары нәтижесіне көз жеткізу. Жалпы, «ФудМастер» компаниясы алғашқы өнімдерін 1995 жылы шығара бастады.
Павлодар ауданы, Розовка ауылындағы «Киров» атындағы серіктестікке сүт өнімдерін дайындайтын «ФудМастер» компаниясының өкілдері келіп қайтты. Мақсат – осы серіктестікке қарасты егістік алқаптарын суару бойынша жүзеге асырылып жатқан жоба жұмысын бақылап, заманауи техникаларды іске қосу, тұтынушыларын тұрақты түрде сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған алып компания жұмысының жоғары нәтижесіне көз жеткізу. Жалпы, «ФудМастер» компаниясы алғашқы өнімдерін 1995 жылы шығара бастады. Алматы облысына қарасты Есік қаласындағы сүт зауытының цехын жалға алып, дәмі тіл үйірер йогурт сусынын елімізде бірінші болып өндірді. Компанияның өнімдері бүгінде еліміздің барлық қалаларына жеткізілуде. Отандық нарықта өз орнын алды. Компанияның өндірістік кешендері Алматы, Шымкент және Павлодар қалаларында жұмыс жасайды. Соңғы жылдары еліміздің әр түкпіріне өз өнімдерін тарату мақсатында жұмсаған инвестициясы 3,5 млрд. теңгені құрап отырса, Павлодар облысына құйған қаржы көлемі 382 миллион теңге көлемінде болып отыр.
Облыста жылына 5 мың литр сүт өндіріледі. Инвестициялар өңір экономикасы мен ауыл тұрғындарына көмек деген сөз. Компанияның директоры Арман Алдабергеновтің айтуынша, кәсіпорын соңғы бір жылдың ішінде мемлекет тарапынан 40 миллион теңге субсидия алыпты. 2006 жылы Розовка ауылындағы «Киров» атындағы серіктестіктің өндірістік кешенін сатып алып, іске қосқан. Қазір серіктестіктен облыс орталығындағы сүт зауыты күніне 150 тонна шикізат қабылдайды. Кәсіпорын енді салқындатқыш құралдарының көмегімен жаз мезгілінде шығаратын сүт өнімдерінің мөлшерін көбейтуді қолға алуда. Ал, «Киров» ЖШС алдағы уақытта өндірілетін сүттің жылдық көлемін 5,2 миллион литрге жеткізбекші. Сауын сиырлардың санын 1000 басқа, ал, малдың қыстық жемшөбін әзірлеу үшін суармалы жер көлемін 1000 гектарға жеткізіп, одан 20500 тонна жемшөп жинауды жоспарлап отыр. Бұл күндері облыс орталығындағы «ФудМастер» компаниясының фермаларында дайындалған сүт өнімдері еліміздің солтүстік, орталық және батыс өңірлеріне жіберіледі.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.