• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Наурыз, 2010

БАСТЫ МАҚСАТ – САУДА ҚЫЗМЕТІН БАҚЫЛАУ ЕМЕС, ЭКСПОРТТЫ ЫНТАЛАНДЫРУ

1072 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Нұрсұл­тан На­зар­баев биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстаның жаңа мүм­кіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің 2020 жылға дейін­гі даму стратегиясын орын­дауға кірісетінімізді жария етті. Жолдаудың “2020 стратегиялық жоспары – көшбасшылыққа қазақ­стандық жол” бөлігінде Президент Қазақ­стан алдында эко­номиканы дағдарыстан кейінгі дамуға әзір­леу, жедел индустрия­ландыру және ин­фра­құрылымды дамыту есебінен эконо­миканың тұрақты өсуіне қол жеткізу міндеттері тұрғанын айтты. Сауатты сауда саясаты – ел эко­номи­касының бәсекеге қабілеттілігіне қолдау болып табылатынын мәлім еткен Мемлекет басшысы Қазақстанның сыртқы дүниемен қарым-қатынасын арттырудың маңызды­лы­ғы­на тоқталды. ТМД елдері ішіндегі бай­ланысты арттырып, сауда айналымын жаңа деңгейге көтеру міндеті тұр. Қазақстан, Ре­сей және Беларусь елдері арасындағы Кеден одағының құрылуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп күтілуде. Бұл Қазақстанның барлық интеграциялық баста­маларының жүзеге асуына серпін беретін еларалық байланыс екенін ұғынғанымыз жөн. Осы орайда Президент: “Үш ел интегра­ция­сының келесі кезеңі 2012 жылғы 1 қаң­тардан бастап Біртұтас экономикалық кеңіс­тіктің қалыптасты­рылуы болады. Бұл капи­тал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы қамтамасыз еті­летін интеграцияның әлде­қай­да жоғары деңгейі. ТМД-дағы өңірлік экономи­ка­лық бірлестіктерге қолдау білдіре отырып, Үкімет Қазақстанның экономи­ка­лық даму басымдықтарына сай келетін жағдайларда Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру үдерісін жандандыруы тиіс”, – деп бұл қадамның маңыздылығын ашып айтты. Сонымен қатар, қазірдің өзінде біздің кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктердің пайда болуын дұ­рыс бағалау, жаңа рыноктарға шығу жө­ніндегі тиімді стратегияларды әзір­леумен байыпты айналысу, бәсекелестік ар­тықшылықтарды өсіре түсу маңызды екенін жеткізді. Жолдауда отандық тауарлар – 2020 стра­тегиялық жоспарды жүзеге асырудың та­быс­тылық индикаторы болатыны жария етілді. Еліміздің өнімдерін шетелге шығару – көкейкесті мәселелердің бірі. Осы жөнінде тоқталғанда, Президент еліміздің шикізат­тық емес саласын экспорттаушы­ларды қолдау индустрияландырудың шешуші бағыты болуға тиіс екенін баса айтты. Мемлекет басшысы Қазақстан өнер­кә­сі­бі экспорттық рыноктарға отандық бренд­тердің кең ауқымды тізбегімен ұсынылуы керектігін, сондықтан Үкіметке экс­порт­тау­шы­ларға негізгі құралдарды сатып алуды қар­жыландыруды, экспортқа сер­вистік қол­дау көрсетуді, экспорттау­шы­ларға гранттар мен экспорттық саудалық қаржыландыруды қарастыратын біртұтас қолдау жүйесін жасауды міндеттеді. Президент осы Жолдауында Парла­мент­ке елді дамыту, жаңа экономикалық өрлеуге бастайтын заңдарды қабылдау туралы тап­сыр­ма берді. Мемлекетіміз үшін сауда қыз­меті са­ласын жаңа деңгейге көтеруге, өз өнім­дері­мізді экспортқа шығаруға ықпал ету үшін дайындалған “Қазақстан Республи­ка­сының кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өз­ге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасының маңызы зор. Мәжілісте таяуда осы заң жобасының таныстырылымы өткен болатын. Бұл заң жобасына Мәжіліс депутаттары ерекше қызығу­шы­лық танытып отыр. Оның та­ныс­тырылымына және жұмыс тобының отырысына бірқатар әріптестерім қатысып, өз ой­ла­рын ортаға салды, баяндама­шыға сұрақтар қойды және осы саланы жетілдіруге бағытталған ұсы­ныс­тарын айтты. Және де өзге ко­ми­теттердің мүшелері де бел­сенді қатысты. Депутат­тар­дың бұл заң жобасына ерекше ынта білдіруіне үш ел ара­сын­дағы Кедендік одақ келісімі де әсер етіп отыр. Бұл тұста Пре­зи­денттің биылғы Жолдауын­дағы Кедендік одақ туралы ұтымды пікірі негізге алынуда. Жұмыс тобының отырысында салыс­тырма кесте бойынша өзгеріс­терді қарадық. Қоғамдық ұйымдар да, БАҚ өкілдері де бұл заң жобасының мақсаты туралы тереңірек білгісі келетіндерін мәлім етті. Бүгінгі таңда жұмыс тобына депутаттар­дан осы заң жобасына өзгерістер мен то­лықтырулар келіп түсуде. Қазірдің өзінде 50-ден астам ұсыныстар берілді. Оның барлығы арнайы жасалған салыстырма кестеге баптар бойынша енгізіліп жатыр. Және де ұсыныстардың өзге заңдарға қайшы келмеуі, қайталанбауы бірінші кезекте ескеріледі. Қазіргі уақытта Қазақстанда сауда алаң­дарының жетіспеушілік проблемалары бар. Бұл көп жағдайда базар және сауда нысан­дары иелерінің бәсекеге қарсы іс-әрекет­тері­не, жалдау төлемінің қымбаттауына алып келеді және сатылатын тауардың құнында көрініс табады. Статистика агенттігінің деректеріне сәй­кес тұрғындарды сауда алаңдарымен орташа қамтамасыз ету, оның ішінде сауда базар­ла­рында да, ел бойынша бір мың адамға 111,7 шаршы метрден келеді. Сауда алаң­дары­мен ең аз қамтамасыз ету жағдайы Қы­зылорда (48,8 шаршы метр), Оңтүстік Қа­зақ­стан (40 шаршы метр) және Жамбыл (59,3) облыстарында, ал ең жоғары Сол­түс­тік Қазақстан облысында (186,6 шаршы метр), Астана қаласында (198,7 шаршы метр) және Алматы қаласында (260 шаршы метр) байқалған. Салыстыру үшін айтсақ, Францияда 1 мың тұрғынға жаңа сауда алаңдарының аума­ғы – 450 шаршы метрден, Польшада – 350, Чехияда 200 шаршы метрден келеді. Бұдан басқа, әлемнің көп елдерінде сауда алаң­дарымен қамтамасыз ету бойынша норматив қабылданған. Осылайша, мысалы, Беларусьте ол 1 мың адамға 260 шаршы метр­ді құрайды, ал Ресейде қала тұрғындары үшін бұл норматив 230 шаршы метр деп бел­гіленген. Қазақстанда мұндай норматив жоқ. Осыған байланысты, тұрғындарды сауда алаңдарымен қамтамасыз ету есебінің әдістемесі мен ең аз нормативін заң тұрғысынан бекіту ұсынылып отыр. Мемлекеттік емес құрылымдарға функ­ция­ларды тапсыру шарасы әзірлеуші тара­пы­нан мемлекеттік органдарда орын алатын бюрократияны барынша азайту және әре­кет­терге кең ауқымды еркіндікті беруге негізделген. Сауда қызметіне қатысты түйінді мәсе­ле­лер өте көп екенін байқап отырмыз. Ай­та­лық, “сауда нысаны” деген түсінік ен­гі­зілу­де. Сол секілді “сауда субъектісінің реес­трі” деген ұғым бар. Мысалы, “Бау-бақ­ша­сын­да өсірген аздаған өз өнімін екі-үш күн бойы ғана сататын зейнет жасындағы әжей­лер қалай әрекет жасауы керек? Олар да кә­сіпкер секілді құжаттар толтырып, саудамен тұрақты айналысатындардың тізіміне тұруы қажет пе?” деген сұрақтар туындап жатыр. Салық кодексіне сәйкес, бір жолғы берілетін талон 2011 жылдан бастап болмайды. Парламентшілер алдында осының бәрін заң жобасымен реттеу міндеті тұр. Дүкендер жоғары сұранысқа ие болуы үшін адамдар көбірек өтетін көшелерде бо­луы керек деген норма да бар. Тұтыну­шы­ларға белгілі бір өнімдерді ұсынатын дүкендер желісі болуы тиіс. Осыларға қатысты мәселелер де реттеуді қажет етеді. Сонымен қатар, уәкілетті мемлекеттік орган мен жергілікті атқарушы биліктің сауда қызметіне қатысты бөлігінде атқара­тын қызметтерінің аражігін ажыратып алуы­мыз керек. Мәселен, жәрмеңке өткізу қажет болды. Заңда уәкілетті мемлекеттік орган барлық жәрмеңке өткізу шарасының орын­далуын үйлестіретіні жазылған. Ал атқарушы билік жергілікті деңгейдегі жәрмеңкелерді өт­кізетіні белгіленген. Ал уәкілетті мем­ле­кет­тік орган халықаралық және респуб­ликалық деңгейдегі жәрмеңкелерді өткізуді үйлестіреді. Осы заңдық нормаларды да ретке келтіру – күн тәртібіндегі мәселе. Қысқаша заң актісіне енгізілетін толық­тыруларға тоқтала кетсем, заң жобасының 15-бабында сыртқы сауда қызметін дамыту жөніндегі негізгі мемлекеттік шаралар анық­талған. Атап айтқанда, экспорттық кредит­тердің кепілдіктері мен оларды сақтандыру жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету, сыртқы сауда қызметін дамытуға ықпал ететін сауда көрмелерін, жәрмеңкелер мен өзге де іс-шараларды ұйымдастыру, экс­порт­ты дамыту мен жылжытуды сервистік қолдаудың институттық жүйесін құру және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету болып табылады. Сондай-ақ өз өнімін экспортқа шығару бойынша отандық тауар өндіруші­лер­дің шығындарын өтеу түрінде экономи­калық ынталандыру құралдары болуы тиіс. Осы бапта отандық тауар өндірушілердің тауар белгілерін жылжыту жүйесін құру үшін экспортты дамыту және жылжыту жөніндегі ұлттық ұйымның негізгі міндеттері бел­гі­ленген. Олар экспортты дамыту мен жыл­жы­тудың инфрақұрылымын құру, отандық тауар өндірушілердің экспортқа бағдар­лануын дамыту мақсатын көздейді. Ал 16-бапта сыртқы сауда қызметін ке­ден­дік-тарифтік реттеу шараларына кедендік әкелу мен әкету баждарын және тарифтік жеңілдіктер мен квоталарды қолдану, та­риф­тік преференциялар жататыны атап көр­сетілген. Сыртқы сауда қызметін кедендік-тарифтік реттеудің негізгі мақсаттары ретінде тауарларды Қазақстанның кедендік аума­ғына әкелудің тауарлық құрылымын ұтымды ету қажеттігі белгіленген. Сол секілді заң жобасында жаңадан ен­гізілетін ұғымдарға түсінік берілген. Мә­селен, отандық тауар брендингі – ұқсас шет­елдік тауарлармен салыстырғанда отандық тауарлардың неғұрлым жоғары тұтыну­шы­лық сапасына әлеуетті тұтынушының сенім­ділігін қалыптастыруға бағытталған шаралар кешені. Экспортты дамыту – Қазақстандағы мемлекеттік саясат шеңберінде жүзеге асырылатын, өндірушілердің экспорттау қабілетін дамытуды ынталандыратын және экспортқа жәрдемдесу қызметтерін дамы­туды көтермелейтін жағдайларды жасауға бағытталған іс-шаралар кешені. Экспортты дамыту және жылжыту жөніндегі ұлттық ұйым – Ұлттық даму институты. Экспортты да­мытудың және ынталандырудың институт­тық сервистік қолдау жүйесі – отандық өнімді сыртқы рыноктарға жылжытуға ба­ғыт­талған шаралар кешені. Экспортты жыл­жыту – Қазақстаннан тысқары жерлерде мемлекеттік саясат шеңберінде жүзеге асы­рылатын, Қазақстан экспорттаушыларының сыртқы рыноктарға кіруіне жәрдемдесуге бағытталған іс-шаралар кешені. Жаңа заң­дық нормалар экспортты ынталандырудың және қолдаудың экономикалық құралдарын қолдану ережесін бекітеді. Осы заң жобасына “Құқықтық зерт­теу­лер және талдау институты” ЖШС мен “Құқықтық мониторинг, сараптама және талдау ғылыми-зерттеу институты” ЖШС ғы­лыми сараптамасын берген. Сарапшы­лар­дың айтуынша, экспортты реттеу мәселелері маңызды әрі өзекті болып табылады. Өйт­кені, экспорт мемлекеттің экономикалық дамуында айтарлықтай үлкен рөл атқарады. Жаһандану кезеңінде тек сыртқы эконо­ми­калық саясатты белсенді түрде жүргізетін мем­лекеттер ғана қарқынды дамиды. Атал­мыш саясаттың мәні халықаралық капитал рыноктары арқылы қаражат тарту және қауіптерді төмендету үшін мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық мүдделеріне сәйкес түрде тауар мен қызметтерді дамы­тып, басқа мемлекеттердің рыноктарына шығаруда болып отыр. Экономикада тиімді құрылымдық өз­ге­ріс­тер жасау саласының әлемдік тәжірибесі көр­сеткендей, құрылымдық қайта құрас­ты­ру­дың басты аспектісі ретінде экспортқа ба­ғытталған экономикалық дамуды мемлекет­тік қолдау болып табылады. Соның шең­бе­рінде ұлттық экпорттаушылар үшін тиімді құ­қықтық механизмді, сондай-ақ, тиісті қар­жылық және ақпараттық құрылымды, сырт­қы экономи­калық әрекеттерді қарқындату үшін тиімді шарттарды қалыптастыру көзделеді. Көптеген мемлекеттерде, соның ішінде ТМД елдерінде сауда қызметін заңды реттеу ісі ұлттық заңдар бойынша жүргізіледі және оларда да Қазақстандағыдай субъектілердің тиімділік деңгейін анықтайтын сауданы қалыптастыру моделінің ең тиімді түрін табу жұмысы жүзеге асырылуда. Заң жобасының тұжырымдамасында көптеген мемлекеттердің үкіметтері экспорт­ты дамытатын құрылымдарды құрайтыны белгіленген. Сондай-ақ олардың қызметіне коммерциялық тәртіпті енгізу, жеке меншік секторынан қызметкерлерді тарту, бизнес көшбасшыларының үлесін барынша ұлғайту және түрлі қызметтерді көрсету үшін жекe ұйымдарды қолдану арқылы аталмыш құрылымдарға жоғары деңгейдегі егемендікті ұсыну жатады. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, осындай құрылымдардың тиімді қызметінің үлгісі ретінде бірқатар ұйымдарды мысалға кел­тіруге болады. Айталық, KOTRA (Оңтүстік Корея), JETRO (Жапония), MATRADE (Малайзия), ІE Sіngapore (Сингапур), Austrade (Австралия), UK Trade and Іnves­tment (Ұлы Британия), Bankomext (Мек­сика), BRAZІLAPEX (Бразилия) деген ұйымдар бар. Мәселен, KOTRA – Кореяның ком­мерциялық емес үкіметтік ұйымы, бастап­қы­да “Кореялық сауданы қолдау корпора­ция­сы” деген атаумен 1962 жылы құрылған. Сол кезден бері аталған ұйым шетел ры­ноктарын зерттеу және іскерлік қатынас­тар­ды құру жолымен жасалатын әр түрлі әре­кеттер арқылы Кореяның экспортқа бағыт­талған экономикасының қарқынды дамуына үлес қосып келеді. Заң жобасын Мәжілістің жалпы отыры­сы­на шығару үстіміздегі жылғы 10 қыр­күйекке дейін белгіленген болатын. Алайда, бұл заңның қоғам дамуына қажеттігін ескере келіп, біздің комитет мамыр-маусым ай­ла­рына дейін жан-жақты дайындап, қоры­тынды шығарып, палатаның талқысына ұсы­нады деген ойдамын. Өйткені, қазір заң жобасымен қарқынды жұмыс жүргізілуде. Ең бастысы, біз үшін сапалы заң қабылданып, оның қоғам дамуына қызмет жасағаны керек. Бұл заңды қабылдаудағы біздің алды­мыз­да тұрған басты мақсат – сауда қыз­ме­тін бақылау емес, экспортты ынталандыру. Бізде “KAZNEX” компаниясы бар, ол бірінші кезекте шикізаттық емес тауарларды экспорттаумен айналысуы керек. Бүгінгі таңда шикізаттық емес өнімнің экспорт көлемі өте төмен. Айталық, “Рахат” конфеті экспортқа шығады. Ел Президентінің Қа­зақстан халқына 2007 жылғы 28 ақпандағы Жолдауында қазақстандық бизнесті сыртқы рынокқа шығару бойынша міндет қойылған болатын. Отандық өнімді сапалы түрде өңдеп, экспортқа шығаруды жүйелі жолға қою мәселесіне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында да арнайы тоқталды. Біздің елде ендігі жерде өнімін экспортқа шығарушыларды ынталандырудың нақты критерийлері, іске асыру механизмдері болуы керек. Соның бәрі заңға енгізілуі тиіс. Бұған дейін сауда қызметін ішінара үйлес­тіру мәселелері мен бақылау жасаудың заң­намалық нормалары болды. Ал экспортты ынталандыру ісі енді қолға алынып жатыр. Соның заңдық негіздерін қалап берсек, біздің экспорттаушыларымызға өнімдерін шетелге шығаруға өте тиімді болар еді. Бұл заң экспортты дамытуға жол ашса, біздің де мақсатымыздың орындалғаны. Егор КАППЕЛЬ, Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі.