• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
03 Тамыз, 2013

Топырақ құнарлылығын арттыру – мол өнім кепілі

13148 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан -2050» Стратегиясының негізгі бағыттарының бірі – еліміздің аграрлық саласын өркендету. Осы жөніндегі Жолдауда республикамыздың агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың негізгі жолы ретінде еңбек өнімділігін арттыру қажеттігі айрықша атап өтілген.

Егін шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыруға топырақ құнарлылығын арттыру, өндірістің озық технологиясын енгізу, жерді химияландыру, яғни тыңайтқыштарды пайдалану, егістік жерлердің құрылымын жақсарту арқылы қол жеткізуге болады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан -2050» Стратегиясының негізгі бағыттарының бірі – еліміздің аграрлық саласын өркендету. Осы жөніндегі Жолдауда республикамыздың агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың негізгі жолы ретінде еңбек өнімділігін арттыру қажеттігі айрықша атап өтілген.

Егін шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыруға топырақ құнарлылығын арттыру, өндірістің озық технологиясын енгізу, жерді химияландыру, яғни тыңайтқыштарды пайдалану, егістік жерлердің құрылымын жақсарту арқылы қол жеткізуге болады.

Агроэкожүйенің негізгі базисі – топырақ және екпе дақылдар болып саналады. Өйткені, оларда күн сәулесі энергиясы трансформацияланады. Өсімдіктер фотосинтез арқылы күн сәулесі энергиясын пайдаланып, синтезделген органикалық заттардан топырақ көп мөлшерде энергия алып, жинақтайды. Сөйтіп, биологиялық айналым үдерісі тірі организмдерге қажетті көміртегі, сутегі, оттегі, азот, фосфор, калий, кальций, т.б. биофильді элементтерді шоғырландырады.

Сондықтан топырақты үнемі күтіп-баптап, оның құнарлылығын жылдан-жылға арттыру қажет. Бұл келешек ұрпақтар үшін де маңызды. Топырақтың экологиялық қасиеттері: қоректік заттарды жинау қабілеті, яғни құнарлылығы, су сыйымдылығы, кеуектілігі, ылғал өткізгіштігі, ауа және жылу режімдері оның механикалық құрамымен, физикалық-химиялық қасиеттерімен тығыз байланысты болып келеді. Топырақ құнарлығын арттыруда органикалық тыңайт­қыштардың рөлі өте зор.

Егіншілікте заттар айналымына ең күшті әсер ететін шара – органикалық және минералды тыңайтқыштар енгізу. Тыңайтқыштар топырақ құрамына кешенді әсер етеді, өсімдіктерді қажетті қоректік элементтермен толықтырады, топырақтың химиялық, агрохимиялық және физикалық қасиеттерін жақсартады, биологиялық белсенділігін арттырады, топырақтың құрамындағы қоректік заттардың жылжымалы, сіңімді түріне айналып, мобилизациялануын туындатады.

Топырақ құрамында болатын түрлі минералды қосындылар мен күрделі органикалық заттар өсімдікпен сіңіріліп, кейін жануарларға өтеді. Өсімдік пен жануарлардың күрделі органикалық заттары кейін ыдырап, органикалық емес заттарға айналады және бұл үрдіс топырақта өтеді. Жыл сайын егістік бойындағы 2,5 млн. тонна қоректік заттар өнімнің өсуі үшін шығындалады. Оны қалпына келтіру үшін жыл сайын топыраққа 1,8 млн. тонна фосфорлы, 1,1 млн. тонна азотты және 0,4 млн. тонна калий тыңайтқыштарын енгізу қажет.

Кейінгі кезде Қазақстан егіншілігіндегі күрделі экологиялық жағдайларды ескермеу салдарынан суарылатын ауыспалы егістердегі топырақ құнарлылығы, оның ішінде қарашірінді 25-35 пайызға кемігендігі белгілі. Себебі, топырақтың агрохимиялық және агрофизикалық жағдайы нашарлап, топырақ нығыздалып, эрозияға ұшырап, еліміздің көпшілік аймақтарының топырақ экологиясы бұзылған. Құнарлылығы төмендеген, ластанған жерлер көлемі республикамызда 85-90 млн. гектарға жетіп отыр. Олардың құнарлылығын қалпына келтіру үшін әртүрлі құнарландыру шараларын қолдану қажет.

Соңғы 10-15 жыл ішінде ин­женерлік суару жүйелерін пайдалану барысында топырақтың физика-химиялық қасиеттері нашарлауда, тұздану, сортаңдану үдерісі күшейе түсуде. Ал бұл өз кезегінде қарашірінді және қоректік заттардың мөлшерін азайтып, топырақ құнарлылығын төмендетуге әкеліп соғуда.

Сонымен қатар, соңғы жылдары суармалы жерлердің ауданы мен оларда егілген ауылшаруашылық дақылдарынан алынатын өнім күрт төмендеп кетті. Суармалы жерлерден түсетін табыс мөлшері азайып, шаруалар кей жылдары шығарған шығындарын өтей алмай қалуда. Сол себепті, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Қазақстанның суар­малы жерлерінде орын алған ж ағдайларды зерттеп, өнімділіктің төмендеп кету себептерін анықтап, оларды қалпына келтіру бағытында ғылыми-зерттеу жұмыстарын Қазақстанның қара, күлгін қоңыр, сұр топырақты аймақтарында жүргізуде. Зерттеу барысында суар­малы жерлердің өнімділігінің төмендеуінің негізгі себептерінің бірі суару кезеңіндегі су тапшылығы екендігі анықталды. Мысалы, суармалы жерлердің 90 пайызы Қазақстанның оңтүстік өңірінде орналасқан. Осындағы егілген егіннің өнімділігі 1,5-2 есеге дейін төмендеп, суармалы жерлердің ауданы 1 млн. гектарға кеміп кеткен. Соған сәйкес суармалы жерлерде су тапшылығының себептері анықталып, оларды жою мүмкіндіктері қарастырылды.

Суармалы жерлерде орын алған жоғарыдағы келтірілген кері әсерлерді жою әдістерінің бірі – фосфогипсті сортаң топырақтарға мелиорант ретінде енгізу. Фосфогипсті суармалы жерлерде химиялық мелиорант ретінде пайдаланудың тиімділігі, оның химиялық құрамына тікелей байланысты. Себебі, оның құрамында кальцийдің мөлшері 25,67-27,53 пайыз аралығында өзгереді. Сонымен қатар, фосфогипстің құрамында фосфор, кальций, өсімдікке қажетті микроэлементтер бар және оның ортасы қышқылды орта болып саналады. Сондықтан, фосфогипстің құрамындағы фосфор топыраққа жылдам ауысып, оның құнарлығын арттырады. Өзінің тиімділігі жағынан фосфогипс гипстен асып түседі. Себебі, гипсті сілтілі топырақтарға пайдаланғанда кальцитті қабықша пайда болып, оның ерігіштігі төмендейді.

Қазақстанның суармалы жерлерінде соңғы 15-20 жыл аралығында құрамында кальций катионы бар минералды тыңайтқыштарды жеткіліксіз мөлшерде пайдаланғандықтан топырақ құрамындағы кальцийдің мөлшері сумен шайылумен қатар, өсімдіктермен шығындалу нәтижесінде азайып кетті. Сондықтан, көптеген суландыру жүйелерінде топырақтың сортаңдануы мен сілтіленуі кең көлемде орын алуда. Топырақ құрамындағы кальций мөлшерінің азаюынан, оның құрылымы нашарлап, топыраққа су тиген кезде ақпа батпаққа, ал кепкен кезде тілім-тілім болып жарылатын қатты кесекке айналады.

Қазақстан жағдайында топырақтың сортаңдануының екі түрі орын алады. Қазақстанның оңтүстік аймақтарында суармалы топырақтың сіңірімділік кешенінде магний катионының шектен тыс (30 пайызға) артуы орын алып, магнийлі сортаңдану үдерісі жеделдеуде. Қазақстанның қалған аймағында топырақтың сіңірімділік кешенінде негізінен натрий катионы шектен тыс көп жиналып, натрийлі сортаңдану орын алуда.

Сортаңданған және сілтілі топырақтың құрылымын жақ­сар­тып, құнарлығын арттыру, химиялық мелиорациялауды қажет етеді. Химиялық мелиорациялау барысында мелиорант ретінде құрамында кальций катионы бар заттар қолданылады. Мысалы, ондай мелиоранттарға гипс, кальцийлі хлор, дефекат (қант өндірісінің қалдықтары), фосфогипс (фосфор өндірісінің қалдықтары), күкірт қышқылы және т.б. заттар жатады.

Жалпы, Қазақстан бойынша ең тиімді және арзан химиялық мелиорант фосфогипс болып саналады. Сондықтан, біз өзіміздің Сырдария мен Аса-Талас өзендерінің алабында орналасқан өндірістік-тәжірибе учаскелеріміздегі суармалы жерлерге жүргізген зерттеулерімізде фосфогипсті қолдандық. Оны Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері жасаған технология бойынша топыраққа енгіздік.

Бұл технология негізінен, күзде егінді жинап болған соң, топырақтың сортаңдығы мен сілтілігін анықтау мақсатында топырақ үлгілерін химиялық сараптамаға алуды және жерді 25-30 сантиметр тереңдікке жыртуды қарастырады. Жыртып болған соң, жаппай жауын-шашын алдында, есептелген мөлшер бойынша фосфогипс енгізіледі. Фосфогипсті топырақ бетіне біркелкі енгізу үшін РУМ-5 немесе 1 – РМГ – 4 қолданылады.

Зерттеу нәтижелерін сараптау барысында, сортаңданған топырақтың құнарлығын арттыру үшін фосфогипсті пайдалану – ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттырумен қатар, шаруа қожалықтарының суармалы жерлерден табатын таза пайдасын да көбейтетіндігі анықталды.

Ермекүл ЖАПАРҚҰЛОВА,

Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу

институтының жетекші ғылыми қызметкері.