• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 22 Қаңтар, 2020

Телқоңыр

386 рет
көрсетілді

Моңғол елі мен Қазақ елінің ортақ мақтанышына айналған аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, танымал тарихшы, білікті мәмілегер Зардыхан Қинаятұлының арамыздан кеткеніне де төрт жылдың жүзі болып қалыпты-ау! 1996-2016 жылдары бір мекеменің бір бөлімінде қатар отырған сырлас, мұңдас, тағдырлас ағамның сүйікті бейнесі, аз сөзбен-ақ көп ой, алуан сырға толы тағылымды әңгімелердің түйінін тарқатып беруші еді, әсіресе Тәуелсіз қазақ елінің бүгіні мен болашағы туралы сөз болғанда жайшылықта сыпайы, момынторы болып көрінетін Зақаңды танымай қалушы едік. Зақаң сондай аса шетін тақырыптар жөніндегі ойларын оңаша бөлме мен асхана төңірегінде емес, радио, газет, жорналдарда, кітаптарында ашық-әшкере айтудан тартынбағанына «Тарихқа көзқарас» атты жинағын оқыған адамның көзі жетеді.

Өткен ХХ ғасырдың 90-жылдары­ның басында, тоталитарлық режім сіресіп тұрған Моңғолияда «Социализм бе, әлде өркениеттің адасуы ма?» деп социализм деген дүлейге қасқая қар­сы сұрақ қойып, оны баспасөзде ашық жариялауға кімнің дәті бара алып еді? Ол кезде кемелденген социа­лизм жырын жырлап елірген отан­дас­та­рымыздың «Мақтансаң мақтан, қа­зақ, төбең көкке жетпей тұр аз-ақ»,  деп әндетіп жүргенін ұмыта қойғанымыз жоқ.

Мына бір көріпкелдікке қайран қала­мын, жазушы Ф.Достоевский Еуро­паны коммунизм елесі кезіп жүр­ген сонау ХІХ ғасырда: «Егер де социализм рас бол­са, онда құдай жоқ, ал құдай бар болса, онда социализм өтірік», депті. Міне, ғажап, құдай бар екен, социализм өтірік екен, елес күйінде ғайып болыпты. Ал ХХ ғасырдың соңында Зардыхан «болып, толып тұрған социализмді» тек «өркениеттің адасуы» ғана екенін айдай әлемге жар салып қана қоймай, моңғол жастарын батыл әрекетке бас­тай біліпті.

Зақаң Қазақстанға келісімен Алма­тыдағы жұмысын негізінен бірың­ғай ғылыми зерттеуге арнады. Егер пендешілігімізді қайырып қоя тұрып, киелі тарих пен ұлт-мемлекет мүддесін алға тарта сөйлер болсақ, профессор Зардыхан Қинаятұлы өтпелі ке­зең өткелінде әрі-сәрі болып тұрған Қазақ­стан тарихы ғылымын кәтепті қара нардай алға – Тәуелсіздік алаңына алып шы­ғыс­қан санаулы тарихшының бірі әрі бірегейі болғанын айтып, марқұмның рухын шат етуге тиіспіз.

20 жылда (1996-2016 жж.) 200-дей зерттеу мақаласы мен 2 монография эс­сесін баспасөзде жарияласа да, мына «өтпелі кезең» деп аталған аласапыран заманда біреу білсе, біреу біліп үлгермеген ұлтымыздың мақтанышы, мем­лекет қайраткері жөнінде газет оқыр­мандарына арнайы таныстыра кетуді жөн санадық.

Зақаң 1940 жылы 31 желтоқсанда Моңғолияның Қобда аймағының Қобда Сомонына қарасты Нарын дарасының Өлет қыстағында дүниеге келген екен. Анадан 3 жасында, әкеден 16 жасында айырылған жетім Зардыхан апайларымен туған-туысқандарының қам­қорлығында өсіп ержетеді. 1949 жылы мектеп есігін аш­қан талант­ты жас оқуын Қобдада, Ұлан­батырда жалғастырып, 1961-1965 жылдары Моңғол мемлекеттік уни­вер­­сите­ті Қоғамдық ғылымдар фа­куль­теті­нің тарих бөлімін «тарих пә­нінің оқы­­тушысы» мамандығы бойын­ша қызыл дипломмен тәмамдайды. 1965-1972 жылдары әртүрлі жауапты қыз­мет­тер атқарады. 1972-1975 жылдар ара­лығында Мәскеудегі партия Ор­талық комитетіне қарасты қо­ғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасында оқып, «Қоғамдық ой-сананың қалыптасу мәселелері» тақырыбында философия ғылымдарының канди­даты ғылыми дәрежесін қор­ғап шы­ғады. 1975-1987 жылдары Моң­ғо­лия Кәсіподақтары Орталық Кеңе­сі басшысының орынба­сары болып іс­тейді. 1987 жылы МХРП Орта­лық Комитеті жанындағы қоғам­дық ғылымдар институтының теория бөлі­­мі бастығына тағайындалады. Осы қызметті атқара жүріп 1987 жы­лы Мәскеудегі Орталық Комитет жа­нын­дағы қоғамдық ғылымдар ака­де­миясын­да тарих ғылымдарының докторы ғылы­ми дәрежесін қорғайды. Дәл сол жылы Моңғол қоғамын дүр сілкіндірген әйгілі «Моңғол Ха­лық Республикасының келешек дамуының келелі мәселелері» ат­ты мақаласы «Партия тұрмысы» жор­­налының №12 са­нында жарияланы­сымен КСРО, Жапония, АҚШ, ҚХР елдерінде жа­рық көрді. Сол жылы За­қаң баста­ған топ ұсынған МХРП-ның жаңа бағ­дарламасы мен Жарғысы МХРП-ның төтенше съезінде қабыл­данады. 1990 жылы 23 наурызда МХР ми­нистр­­­лер кабинеті бастығының орын­ба­сар­лығына тағайындалады. 1990 жылдың қыркүйегінде Моңғолия тұрақты пар­ламенті – Боға Хуралы­ның орынбасары болып сайланады. Осы қызметте жүргенде 1991 жылы қабылданған Моңғолияның демократиялық жаңа Конс­титуциясын дайындау комис­сия­сының орынбасары бола жүріп атқарған жұмысы Моңғолияның әр са­ладағы мықты мамандарынан құрал­ған 15 ғалымның жанқиярлық еңбек­тері жөнінде Зардыхан Қинаятұлы «Көш­пенділік ғұмыр» атты кітабында былай деп толғайды: «Егер қоғам тапсырыс берсе, оны өзгертуге 15 адамның да ақыл-ойы жетеді екен».

Моңғолдың жаңа Конституциясын қабылдату үшін 72 сағатқа созыл­ған талқы барысында тарихшы За­қаң 22 мәрте жарыссөзге шы­ғып, жақ­­тастарымен бірге жаңа демокра­тия­лық Конституцияны қабылдатып, Моң­ғолияны парламенттік демократия­лық мемлекетке айналдыра алды.

Жарты ғасырлық ғұмырын, күш-жі­гері мен ақыл-парасатын аямай ең­бек еткен «Қинаяттың жалғызы» бар­­ша моң­ғол елінің Зардықанына, жоғары биліктің екінші тұл­ғасына айналып еді. Зақаңа түптеп кел­генде мансап та, байлық та емес, ең қымбаттысы – туған халқына, оның бос­тандығы мен тәуелсіздігіне қызмет ету екенін, оның соңғы ширек ғасырлық жан­кешті өмір жолына, шығармашылық жасам­паз­дығына назар аударғанда көзіміз жете түседі.

1986 жылы Желтоқсан оқиғасы Зар­дыхан Қинаятұлының өмірін жаңа ар­наға салып жібергендей болды. Қо­лындағы бар мүмкіндікті пайдаланып, қазақ жастарының іс-әрекеттерін қол­даудан басталған бұл бетбұрыс Моң­ғолдағы қазақтарды атамекен – Қазақ­станға көшірудей машақатты, рахметінен өкпе-реніші көп істерге ашық және астыртын басшылық жасау­ға ұласты. Іштей уақыты, сәті түс­кенде тарихи Отанына оралудың қам-қарекетін де ұмытқан жоқ еді. Он­дай сәтті күндер де келіп жеткен сияқты. 1992 жылы «Бага Хуралдың мер­зімі аяқталуына бай­ланысты Зақаң да қыз­метін тоқтатты. Моңғолияның Таш­кент­те ашылған Бас консулдығының Бас консулы болып тағайындалды. 1993-1996 жылдары Моңғолияның Қа­зақ­стандағы елші­лігінде кеңесші болып, елшіліктегі өкі­леттік мерзімі аяқ­талғаннан кейін өз өті­ніші бойын­ша дипломаттық жұмыс­тан босап, Алматыда тұрақтап қалды.

1996 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Қазақстанның Ежелгі және Орта ғасыр­лар тарихы бөліміне аға ғылыми қыз­меткер, жетекші ғылыми қызметкер (2000 ж.), 2001 жылдан осы бөлімнің мең­герушісі болып өмірінің соңына дейін қызмет етті.

Осы барыста Зардыхан аға қазақ­стандықтарға тарихшы ретінде таныл­ды. Жай танылып қана қойған жоқ, қазақ тарихы ғылымына түбірлі өзге­рістер жасаған бірнеше жаңалық әкелу арқылы мәртебелі орынға көтеріл­ді.

Атап айтар болсақ, қазақ тарихын дәуірлеу мәселесіндегі түйткілдерді тар­қата келе, Қазақ мемлекеттілігінің тарихын қашаннан, кімнен бастау керек деген аса күрделі, даулы мәселеге алғаш рет «Қазақ мемлекеті тарихы Жошы хан шаңырағын көтерген Ақ Ордадан басталады» деген тұжы­рым­дамасына негізделген «Қазақ мем­лекеті және Жошы хан» атты монографиясы арқылы жауап берді. Араға 10 жыл салып 2014 жылы ол моно­графияның жаңа тарау, қо­сым­шалармен толықтырылған жаңа нұс­қасын жариялады. Осы еңбегінде тарихшы қазақ тарихы ғылымына алғаш рет «Моңғол ұлыстары билігі дәуірі» деген жаңа ғылыми анықтама әкелді. Бұл дәуір шамамен 240 жылға созылды. Ақ Орданы әуелі Жошы хан, одан кейін оның үлкен ұлы Орда Ежен хан мен мұрагер ұлдары биледі. Алғашқы астанасы Ертіс бойында, одан кейін Сығанақ қаласы болды дегенді тарата келе тарихшы: «Қазақ мемлекетінің үлгісі (прообразы), жер аумағы, этностық қауымы, әскери-сая­си құрылымы, билік династиясы Ақ Орданың аясында қалыптасты», деген байламға тоқтайды.

Тарихшы Зақаң тиянақтап берген тарихи оқиғаның тағы бірі – 2015 жылы жарияланған 715 беттік «Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті» атты зерттеу еңбегі арқылы жан-жақты сөз болды. Осынау аса көлемді зерттеу еңбегінде тарихшы басқалардың қолына түсе бермейтін моңғол, тұңғыс, қытай, араб, парсы, орыс, жапон, ұйғыр тілдерінде жазылған 2080 дерек көздеріне сілтеме жасайды.

Тарихшы Зардыхан Қинаятұлының ХІХ ғасырдан бері әр ел тарихшылары мен түрколог ғалымдары әрқалай болжалдар айтып, таласына нүкте қойған «Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түркі тайпалары: ІХ-ХІІ ғасырлар» зерттеу еңбегін 2001 жылы жариялады. Азамат Зақаң не істесе де, не жазса да аса жауапкершілік пен терең ғылыми пайымға арқа сүйеуші еді. Аталған монографиялық еңбегін одан әрі толықтырып, кемелдендіре түсуге он жылдан артық уақытын сарп етіп, қайтыс боларынан сәл бұ­рын (2016 ж.) «Найман хандығы: Тарихы және мәдениеті» (ХІІ-ХІХ ғғ.) деген еңбегін тәмамдап, аманат етіп қал­дыруы, ғылымды, тарих ғылы­мын құрметтей алатын көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың тарихи санасын жаңғыртуға бағдар бергендей болды.

Ол тек саяси-қоғам қайраткері, та­­рих­­шы ғана емес, талантты әде­биет­ші, этнограф әрі ақын болатын. Оның қолынан шыққан үш том­дық «Моңғолиядағы қазақтар» мен «Жы­лаған жылдар шежіресі» 1995 жылы және «Көшпенділік ғұмыр» (2010 ж.) атты эссесі қазақ оқырмандары үшін тарих оқулығы қызметін атқарды деу­ге болады.

Ал қайраткер Зақаң Қазақстанға келген­нен бергі жазған саяси-әлеу­меттік мәселелерді көтерген публицис­тикалық-танымдық мақалалар жинағы «Тарихқа көзқарас» (1-том, 2017 ж.) деп аталады. Мұнда ұлт, тарих және адам­дар тағдыры жан-жақты сөз болады.

Кезінде «Қинаяттың жалғызы» атан­­ған жетім бала тағдырлас моңғол халқының, Шыңғыс хан елінің қамқор­лығында терең білім алып, мемлекет-қоғам қайраткері, мәмілегер тұлға болып, әлемнің 27 еліне Моңғол өкіметі делегациясын бастап барған екен.

Тарихи Отанына оралғаннан бер­гі ширек ғасырда ауыз толтырып айтар­лық он бір томдық ғылыми зерт­теу еңбектерін, 200-ден аса алуан тақы­рып­тағы мақаласын жариялап, Тәуел­сіз қазақ елінің ғылымы мен мәде­ниетін, ой-санасын кемелдендіруге айтар­лық­тай қызмет етіп, 76 жасында өмір­ден өтті.

 

Әлімғазы Дәулетхан,

тарих ғылымдарының кандидаты, профессор