Қоғамның қай саласында еңбек етсең де бiлiм-бiлiктiлiгiң мен талантың керек. Ғұлама қаламгер А.С.Пушкиннiң «Географияға да талант керек» дегенi сондықтан болар. Барлық пендеде Алла берген талант бар. Тек соны пендешiлiкпен ескерiп, елей бермейдi. Өмiрден өз жолын таппай адасатыны да сондықтан екен. Бiрақ адам бойындағы сол талантыңыз бiр-ақ пайыз көрiнедi, басқаның барлығы еңбекпен, маңдай термен келеді екен. Сөйтіп, Жаратушы иемiз мұрат-мақсатына жетем дегендердiң пешенесiне тоқсан тоғыз пайыз еңбектi жазыпты. Демек, талмайтын еңбек, үлкен төзiмдiлiк қажет. Арамызда соның екеуiн де ұштастырып жүрген жаны жомарт, қарапайым жандар бар. Солардың бiрi әрi бiрегейi – тараздық дәрігер-хирург Сағындық Ордабеков.
Ол – жоғары санатты хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі, елімізге танымал белгілі практик ғалым. Өз саласында атқарған еңбегi, ғылыми iзденiсi, ауру жандарға шипасы ұшан-теңiз. Хирургия саласында ашқан жаңалықтарын Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, тiптен Америка ғалымдары жақсы бiледi. Сондықтан болар, оны 1996 жылы Нью-Йорк академиясы өзіне мүше етіп қабылдады. Жақын-алыс шетелдерде жарияланып жатқан ғылыми-практикалық еңбектері, баяндамалары аз емес. Ғылымға қосқан үлестерінің куәсі – патенттері мен тиімді ұсыныстары жетерлік. Ол Тараз мемлекеттік М.Х.Дулати атындағы университетінің биология кафедрасының және «Болашақ-Тараз» жоғары медициналық колледждерінің студенттеріне көп жылдар бойы дәріс береді. Оның жетекшілігімен кандидаттық, магистрлік диссертация қорғаған жас ғалым дәрігерлер мен биологтар еліміздің бірнеше жоғары оқу орынында жемісті еңбек етіп жүр. Ол әрдайым ізденісте жүретін, қолынан келген көмекті аямайтын, өз ісіне деген адалдығымен, асқан жауапкершілігімен, тәртіптілігімен, барлық жұмысты тиянақты орындайтын парасатты абзал жан. Ол еңбек жолын қарапайым дәрігер-хирургтен бастап облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургы, облыстық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары қызметтерін атқарып, әбден ысылған, мол тәжірибе жинақтаған білікті де білімді маман. Бүгіндері Жамбыл облыстық ауруханасының операция жасау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқаруда.
Мұны хош деңiз.
Сағындықтың тағы бiр қасиетi жан-жақтылығы. Ол – журналист, публицист, жазушы. Ондаған көркем шығармалардың, публицистикалық кітаптардың авторы. Жас мамандарға, студенттерге арнап жазған тартымды монографиялары, оқулықтары мен оқу құралдары қаншама.
Ал журналистiгiне келер болсақ, өз алдына бiр әңгiме. Ол Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Республикалық басқа басылымдарды былай қойғанның өзiнде, оның еліміздің бас газеті «Egemen Qazaqstanda», халықаралық «Түркiстан», республикалық «Жас Алаш» газеттерінде және де басқа басылымдарда жарияланған тартымды, салмақты, ойлы мақалалары неге тұрады?! Қай мәселенi қозғаса да, оқырмандарға құнды қоғамдық пiкiрлер туғызуымен, ұлтжандылығымен ерекшеленедi. Қатар жүрген әріптестері, замандастары мен тарихи тұғырлы тұлғалар жайлы жазған эсселері қандай әдемі, әсерлі. Кіндік қаны тамған туған жері – құдіретті Қаратау бойындағы Көсегенің Көкжоны туралы, сол аймақтың аңыз-хикаяттары мен тарихы жайлы тамсана қалам тербеген дүниелері қаншама! Қазақтың тарихы мол өлкелеріне (Қарқаралы, Шыңғыстау, Баянауыл, Көлсай, Қарасаз, Елтінжал, Келіншектау, Алакөл, Балқаш, Ақтас және т.б.) сапар шегіп, оның қасиетті жерлерінен әсер алған мөлдіреп тұрған жазбалары неткен ғажап, тартымды! Кейде Сағындыққа таң қаламын. Осының бәрiне қалай үлгерiп жүр? Уақытын тиiмдi әрi мақсатты пайдалана бiлгендердiң еңбегi өнiмдi болады деушi едi. Бәлкiм, солай шығар. Қалай айтқанда да оның еңбекқорлығы, ұқыптылығы, ізденімпаздығы, ұлтжандылығы, уақыттың әр сағатын қадірлей білетін парасаттылығы басқаларға үлгi. Оның медицинада да, шығармашылықта да өз орны бар, ел-жұрттың алғысына бөленген беделі биік, өрелі азамат. Тағдыр сыйы, өмір бақыты деген осы болар, сірә.
Бүгіндері жетпістің тұғырына көтерілген ақжүрек асыл ағамызды ел таныған ардақты достары, әріптестері мен ет жақын туыстары әр өңірден қоңырау шалып, мерейтойымен құттықтап, ыстық ықыластарын білдіруде. Біз де соларға қосылып шын жүректен Сағындық Ордабекұлына зор денсаулық, отбасының амандығын, балаларының бақытын, еңбегінің баяндылығын, жасының ұзақ әрі сапалы болғанын тілейміз.
Лайым, Сәкеңнің әлі де алар асулары, игерер белестері, жетер жетістіктері мол болғай!
Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ,
жазушы-журналист, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты
АЛМАТЫ