Жәнібек ауданы – Батыс Қазақстан облысының қиыр батысында орналасқан өңір. Ресейдің Волгоград облысы Палласовка және Старая Полтава аудандарымен, солтүстігінде Саратов облысының Новоузенск, Питерка аудандарымен шектесетін аудан мал шаруашылығын дамытып, ет экспортын көбейтіп келеді.
Жәнібек ауданында былтыр жаңадан 20 шаруа қожалығы құрылып, олардың жалпы саны 365-ке жеткен. Аудан әкімі Азамат Сафималиевтің айтуынша, алдыңғы жылмен салыстырғанда өңірде ірі қара мен жылқы басы көбейген. Сонымен қатар шаруалар саннан сапаға көшуге кірісіпті. Мәселен, былтыр жыл басынан 111 шаруа қожалығы 349 бас асыл тұқымды бұқа, 7 шаруа қожалығы 150 бас асыл тұқымды қошқар сатып алыпты. Қоғамдық мал, яғни тұрғындардың жеке иеліктеріндегі сиыр табындарына да 119 бас асыл тұқымды бұқа қосылып, ауданда мал тұқымын жақсарту үшін жүйелі жұмыс жүріп жатыр екен.
– Былтыр экспортқа 130 тонна ірі қара етін, 45 тонна қой етін шығару жоспарланған болатын. Бүгінде Армения Республикасына 999,46 тонна ірі қара еті (7139 бас) шығарылып, жоспар 768%-ға орындалса, Ресей Федерациясына 79,76 тонна қой еті (3988 бас) экспортталып, жоспар 177%-ды құрады, – дейді Азамат Сафималиев.
Шаруаларға күз жайлы тиді. Сол арқылы мал қыстағына дайындық ойдағыдай болды. Күні бүгін ауылдық округтерде 214,10 мың га шабындық жерден 104,91 мың тонна шөп жиналып алынған. Аудан бойынша жаңадан 31 ауылшаруашылық техникасы алынып, техникалық база 22 пайызға жаңартылған.
– Аудан шаруашылықтарының дамуына мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жүйелі қолдау да пайдасын беріп жатыр. Жыл басынан 27 шаруа қожалығы 72 млн 900 мың теңгеге 27 бірлік күн батареясын қондырып, 58 млн 320 мың теңге субсидия алды. 29 шаруа қожалығы 62 млн теңгеге 31 құдық қазып, 49 млн 600 мың теңге көлемінде субсидияға ие болды. Сонымен қатар 48 шаруа қожалығы 28 млн 800 мың теңгеге тұрақты ток тартатын 48 агрегат (генератор) сатып алса, ол қаржының 28 млн 800 мың теңгесі субсидия түрінде кері төленді, – дейді аудан басшысы.
Бұдан бөлек «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша Жәнібек ауданына 200 млн несие қаражаты бөлінген екен.
Батыс Қазақстан облысы