Әділет министрлігінің АХАТ басқармасының мәліметінше, 18 232 қазақстандықтың есімі ақын, ағартушы және философ, жаңа қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының құрметіне қойылған. Бұл туралы аталған ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Ал ұлы ақынның отаны – Шығыс Қазақстан облысында Абай атты 378 азамат тұрады.
Бүгінде ең үлкен Абай 92 жаста болса, ең кішісі небәрі 2 күн бұрын туған. Кішкентай Абай 2020 жылғы 20 қаңтарда Сарыағаш қаласында дүниеге келді.
Соңғы 10 жыл ішінде (2009-2020 жж.) ата-аналар балаларына Абай есімін 2470 рет таңдаған. Абайлардың көпшілігі Түркістан облысында (415), Алматы (321) және Нұр-Сұлтан (273) қалаларында тұрады.