• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Футбол 27 Қаңтар, 2020

Жаңа заң Қазақстан футболына серпін бере ме?

413 рет
көрсетілді

Өткен жылдың соңында Қазақ­стан футбол фе­дера­циясының Атқару комитеті отырысында Еуразиялық экономикалық одақ­қа (ЕАЭО) мүше елдердің азаматтарын биылдан бастап Қа­зақстан Премьер-лигасында легионер ретінде санамау туралы шешім қабылданған. Яғни, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстанның футболшылары біздің елде Қазақстан футболының түлегі ретінде отандастарымызбен тең дәрежеде ойнай алады.

Бұған дейінгі ереже бойынша, Премьер-лигадағы әр клуб бір мау­сымға 8 шетелдік ойыншы тіркей ала­тын болса, оның алтауы ғана бір уақытта алаңға шығатын. Тіпті клуб­тардың қаражаты жетіп жатса, қажетті сомасын төлеп, тағы екі легионерді қата­рына қосып алуға құқылы еді. Биыл да әр команда 8 легионер тіркей ала­ды, бірақ ЕАЭО елдерінің футболшы­лары енді бізде кірме ойыншылар емес.

Оқырмандар арасында мұндай идея қайдан шықты деген сұрақ туындауы мүмкін. Өкінішке қарай, бұл жобаны да біз Ресейден алдық. Яғни, ең алғаш бұл бастаманы 2015 жылы сол кездегі Ресейдің Спорт министрі В.Мутко көтерген еді. Кейіннен бұл іске Ресей Федерациясының қазіргі Спорт министірлігі араласып, заңға өз­геріс енгізіп, ЕАЭО елдерінің спортшылары Ресейде легионер ретінде саналмайтыны туралы заң қабылады. Бір қызығы, Ресей тек футболшыларды ғана емес, волейбол, баскетбол, гандбол, хоккей, су добы, көгалдағы хоккей секілді спорт түрлерінде өнер көрсететін спортшыларды да сырттан келгендер қатарына жатқызбайтын болды. Ал бұл заң Ресейде 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді.

ЕАЭО елдерінің өкілдері Қа­зақ­станда легионер саналмайтыны туралы шешім қабылданып, күшіне ен­ген болса да, әлі де бұл өзгеріске қар­сы адамдар табылып жатыр. Бірақ қол­даушылар да жоқ емес. Мәселен, жуырда «Хабар» арнасына сұхбат берген «Астана» футбол клубының басшысы Михаил Гурман бұл заң еркінсіп кеткен қазақстандық футболшыларды сабасына түсіреді дейді.

– Бұл жағдай тек «Астанаға» ғана емес, барлық клубтарға пайдалы. Тіпті екінші алтылықтағы командаларға да пайдалы десем болады. Біздің фут­болшылар кішкене еркелеп кеткен сыңайлы. Әсіресе көп жалақы алып үйреніп алған. Кейбір тұстарда олар соңына дейін ойнамай жатады. Тіпті жаттығудың өзіне немқұрайлы қарайтындар баршылық. Осындай жағдайлар орын алмас үшін бәсеке болғаны дұрыс. Мұндай проблема барлық командада бар. Шетелден көп футболшы келсе, жергілікті ойын­­шылардың да деңгейі өсері анық. Трансфердің де сапасы артады. Әрқашан бәсеке тудырта білу қа­­жет. Әр ойыншы өзінің ұлттық құ­ра­масында ойнаса, тіпті жақсы. Біздің бірін­шілікке бұл тек қана пайдасын тигізеді. Командаларымыз үшінші сорт­ты солғын легионерлерді алмай, мықты сапалы футболшылар ала бас­тайды деп есептеймін, – дейді ол.

М.Гурманның пікірі, бір жағынан ақылға қонымды. Рас, бұл күндері қа­зақстандық футболшылардың жа­лақысы тым жоғары. Жуырда ғана УЕФА Еуропа елдерінің ішкі бірін­шіліктегі бір клубының фут­болшыларға беретін орташа жалақысын жариялады. Тізімде Қазақстан 7,1 миллион еуромен 18-орында тұр. ЕАЭО ел­дері арасында Ресей бірінші орында. Сол­түстіктегі көршілеріміздің бір ко­мандасының орташа жалақысы – 36,4 миллион еуро екен.

Жаңа заңның арқасында биылдан бастап бұл көрсеткіш төмендеуі мүмкін. Өйткені командалар қазақ­стандық футболшыларға айына 10 мың доллар төлегенше, ЕАЭО елдеріне кіретін Армения, Беларусь футбол­шыларына 5 мың доллар төлеп, елге әкелуіне болады. Біздің елде бұл фут­болшылар үшін ең аз айлық болға­нымен, жоғарыда аталған елдер үшін өте жоғары жалақы саналады.

Жаңа заңға қатысты футболшылар да пікірлерін білдіруде. «Астана» клубының бұрынғы ойыншысы Роман Мұртазаев егер шын мәнінде елімізге ЕАЭО елдерінің мықты футболшыларын алып келсе, бұл бастаманы қолдайтынын айтады. «Меніңше, Қазақстанға екінші, үшінші сорттағы ойыншыларды емес, сапалы футболшыларды алып келу керек. Сонда ғана ішкі бәсекелестік артып, қазақстандық командалардың деңгейі көтерілер еді. Бір жағынан отандық футболшыларға қиындық тудырады. Енді біздің футболшылар екі есе еңбек етіп, алаңдағы орнын сақтап қалуға тырысады. Бұл өте тиімді», дейді.

Ал қақпашы Алмат Бекбаев енді солтүстіктегі көрші елге кетуге жол ашылғанын айтады. «Бұл заң шық­қаннан кейін қазақ футболшылары Ресейде легионер саналмаса, онда біразымызға ЕАЭО елдерінде ойнауға жол ашылады. Ресейдің тек Премьер-лигасы емес, Екінші лигасының дең­гейі де әжептәуір. Сондықтан бұл Қазақ­стан футболшыларына тиімді», дейді қақпашы.

Футбол туралы жазып жүрген жур­налист Бек Төлеуов Қазақстанда ЕАЭО елдерінің футболшыларын легионер ретінде санамауға қарсы. Өйткені ЕАЭО ұйымы арқылы бар­лығы ортақ болып жатқан соң, бір жағынан Қазақстан тәуелсіздігіне қауіп төнуі мүмкін деген уәж айтады. «Қазір­гі таңда елорданың «Барысы» Ресейдің Құрлықтың хоккей лигасында өнер көрсетіп жатыр. Сондай-ақ «Астана» баскетбол клубы да Ресей чемпионатында ойнайды. Енді бұл футболға да келді. Біз осылай-осылай барлық жағынан Ресеймен бірігіп жатырмыз. Меніңше, дербес ел болған соң барлығы да жеке-жеке болуы керек. Сондай-ақ елімізге легионерлерді тарта бергенше, ел футболының басында отырғандар бір уақыт инфрақұрылымға, базаға көңіл бөлсе екен деймін», дейді спорт журналисі.

Кезінде Қазақстан УЕФА құра­мына өткенде де бұл жайт көпшіліктің наразы­лығын тудырған еді. Қазір де қарсы болып жүргендердің қатары көп. Десе де Азиядан шығып, Еуропаға кір­геніміздің арқасында елімізге кәрі құрлықтың маңдайалды футболшылары мен ТОП командалары келіп, қазақстандық футбол жанкүйерлеріне нағыз футбол мерекесін ұсынып жатыр. УЕФА-ға кіріп ұтқанымыз осы. Ал ЕАЭО елдерінің футболшыларын елімізге әкелгеннен не ұтамыз, бұл шешім қазақ футболын дамыта ала ма, әлде жоқ па – бұл сұрақтың жауабын алдағы бірнеше жылдың еншісіне қалдырайық.