• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Руханият 27 Қаңтар, 2020

Сәлемде береке бар

570 рет
көрсетілді

«Ассалаумағалейкум!», «Қайырлы күн!». Дәл осылай ақ ниетпен, жылы жүзбен амандасу жақсылыққа бастайды. «Өзіңнің көңіліңді жайландырамын десең, әуелі өзгенің көңілін жайландыр» дегендей, шын ықыласпен кө­терме­леп, жақсы рәуіште бір-екі ауыз жылы сөз арнау – әлімсақтан сауап іс.

Әрине, бұл қатып қалған ереже емес, дәстүр мен адами қарым-қаты­нас нышаны екені белгілі. Десе де әр елдің өзіне тән әдебі (этикеті) бо­луға тиіс. Дәстүрді сақтау үшін. Има­ндылық тұрғысында сауап жинау үшін. Бұл – салт-санамыздың ай­насы мен деңгейі. Жалпы тір­ші­лікте араласатын-құраласатын, күн­делікті көрісетін ағайын-туған, жақын­дардың, дос-жарандардың, әріп­тес­тердің, қызметтестердің, бірге жү­ріп, қатар оқитын жандардың арасын­дағы байланыстың бір өлшемі – дұрыс амандасу. Көзі ашық, сауатты адам бірінші болып сәлемдессе, еш қателес­пеген болар еді. Оның есебіне діни ұғым бойынша «сауап еселеп жазы­лады» деген сөз де бекер емес. Ал мәдениетті адамның таныспен де, бей­таныспен де кез келген жерде ұшы­расқанда сәлем беруге бейім тұруы зиялылықтың белгісі деуге негіз бар. Өйткені сәлемдесуді білген кешіре де біледі. Кешіре білген рахмет те айта біледі. Бұл – барша адамға тән нәрсе. «Сәлем жолдап, саулық тілеген жанға барлық жерде рұқсат бар» деген нақыл да осындай әдептің, әдеттің артықшылығын меңзесе керек.

Мұның бәрін айтып отыр­ға­ны­мыздың себебі бар. Жақында көр­ші елге іссапарлап қайтқан әріптес­те­рі­міз сондағы жастардың көшеде үл­кен­дермен сәлемдесетінін көріп, таң қалғандарын жасырмады. Сірә, негізі отба­сыда қаланатын мұндай тәрбие оқу орындарында ғана емес, кез келген ортада қалыптасып, жетілетіні түсі­нікті. Шүкір, «жастардың беретіні – сәлем» дейтін қағида бұзылмай, ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жалғасып келеді. Үлкенге құрметтің, көңілге медеттің өнегесін көрсетудің өзі аға ұрпақ өкілдеріне байланысты. Ілгеріде Бұхарада білім алып, бүкіл оңтүстік аймағында танымал болған Исақ имам жолда келе жатқан жас балалардың өзіне аттан түсіп, сәлем береді екен. «Үлкен басыңызбен неге жастарға сәлем бердіңіз? – деп сұра­ған ұлына: «Мен оларға сәлем беруді үйреттім емес пе?» – депті.

Міне, нағыз тағылым, шынайы өнеге!

Бізде сондай имандылық саба­ғын көрсететін, уағыз айтатын дін өкілдері болды және бар емес пе? Үлкендер жағы көбірек өнеге көр­се­туді ойлас­тырса, бағзы дәстүрді орны­на келтіруге болар. Рухани жаң­ғыр­у­дың осындай адами да қарапайым тұстарын есте ұстаған да жөн шығар.

Сонымен бірге мектептен бас­тап барлық оқу орнында, меншік түріне қарамастан барша кәсіпорында, әсіресе халыққа қызмет ететін орындарда, мемлекеттік мекемелер мен ұйым­дарда жоғарыда айтылған аман­­дасу, көрісу, қоштасу, ізет пен қайы­рым әдептерін арнайы оқытудың, үй­ретудің артықтығы жоқ. Мұндай дәстүр этикасы жөнінде тренингтер дүниежүзілік бренді бар мейманханалар мен мейрамханалар желісінде, ірі-ірі өндірістік корпорацияларда, әуе компанияларында тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Сонда белгілі бір қауымда, қоғамда адамдардың бір-біріне құрметпен қарауы, адам құқығын, жеке басын сыйлау мәдениеті қалыптасады. Бұл түптеп келгенде, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына қоғамның қосқан үлесі болар еді. Жеке­леген мекемелерде ғана емес, күн­делікті көшеде, көлікте, қоғам­дық орындарда байқалып қалатын керенаулыққа, дөрекілікке, дүрда­раз­дыққа, тұрмыстық кикілжіңдерге тосқауыл болатыны сөзсіз. Халықтың көзі ашық, оқығаны мен тоқығаны әжептәуір бөлігі өз құқықтарын же­тік білмейтіндерге жөнін айтып, тү­сін­діруі – сауабы мен маңызы зор іс. Өйткені бұл жағдай құқық­тық мемлекетіміздің заңдарын құр­мет­теу­ге, олардың орындалуына септігін тигізеді. Әр азамат өз сөзі мен іс-әре­ке­ті үшін жауапкершілікті сезінген қо­ғамда әдептен аттауға, тіпті заң бұзушылыққа жол берілмейді. Ал әдеп-ғұрпын, салт-дәстүрін сақтаған елде әрқашан береке болады.

 

Дархан МЫҢБАЙ,

Мәжіліс депутаты