Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дипломатиялық қатынастар орнаған 28 жылда Нұр-Сұлтан мен Абу-Даби көпқырлы ынтымақтастықты нығайтып, мазмұнды әрі ашық саяси диалог орнатқанын айтты.
«Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз қарқынды дамып келе жатыр. Екі ел кәсіпкерлері белсенді жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда 350-ге жуық бірлескен кәсіпорын құрылды. Мысалы, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында салынып жатқан «Абу-Даби Плаза» кешені осындай табысты байланыстардың жарқын көрінісі. Әрине, мұндай жемісті ынтымақтастық Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Әмірліктер Президенті, шейх Халифа және шейх Мұхаммед, сіздің араңыздағы шынайы достық пен бауырластықтың арқасында жүзеге асты», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Абу-Дабидің мұрагер ханзадасы, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесуде.
Кездесу соңында тараптар қол қойылған құжаттармен алмасты. ҚР Энергетика министрлігі мен БАӘ Энергетика және өнеркәсіп министрлігі арасында мұнай-химия өнеркәсібі саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға, ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен БАӘ Экономика министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға, «Астана» халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызмет көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті мен БАӘ Орталық банкі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.