• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Тамыз, 2013

Жастық отын тұтатар отау қайда?

430 рет
көрсетілді

Қазіргі техниканың қарыштап дамыған заманында сандық, кабельдік телевидение үлкен рөл атқаруда. Олардың ішінде отандық телеарналардың орны қашанда бөлек саналады. Міне, осыған байланыс­ты біз бүгінгі әңгімемізде телеарналар өнімдерінің жастарға тигізер пайдасы мен зияны туралы ой өрбітпекпіз. Шынын айту керек, жас­тар­дың дені шетелдік телеарналардың бағ­дарламаларын көбірек тамашалайды. Себебі, оларда жас­тарды қызықтыратын, танымдық берілу үлгісі мен стилі ерекше тақырыптар қамтылады. Ең бастысы, көшірме емес. Мысалы, «Discovery channel», «Travel channel» телеарналарында көптеген танымдық бағдарламалар, ал «MTV Dance», «Music Box» арналары жастарға поп, рок, рэп бағытындағы батыстың музыкалық шығармаларын ұсынып жатады.

 

«Сіз не көріп жүрсіз?» деген сұрақты біраз замандастарыма қойып көрдім. Солардың ішінде мектеп оқушысы Кәмила Әлиакпарова бар. 16 жастағы жеткіншек: «Мен «Nickelodeon» арнасындағы «Виктория жеңімпаз» телесериалын ұнатамын. Мұнда Виктория атты өзім сияқты жас әнші қыздың өмірі баяндалады. Достарымен арасындағы қалжыңдары күлкілі, өмірлері шытырман оқиғаға толы. Олар ешкімге тәуелді емес», деді. Біз әңгімеге тартқан жастардың арасында батыстың даңғаза музыкасы мен мағынасыз фильмдеріне құмартатын мұндай жасөспірімдер өте көп болып шықты.

Біз, өйткені, шетелдік телесериалдар мен бағдарламаларға жол беру арқылы көпе-көрнеу жастарға батыстың өмірін ашықтан-ашық дәріптеп жатырмыз. Ал есесіне 14 пен 23 жас аралығындағы жастар үшін халқымыздың салт-дәстүрі мен имани иірімдеріне сай, тәрбиелік және ағартушылық мәні зор, мемлекеттік тілде дайындалған тележобалар мен телесериалдар жоқтың қасы. Телеарналар қоржыны әлі күнге дейін орыс тіліндегі телебағдарламалар мен өзге тілден тәржімаланған Корея, Түркия, Ресей телехикаяларына тұнып тұр.

Осылай, жастардың көбі әлі де шындық пен қиялдың ауылын ажырата алмай жүр. Кез келген телевизиялық туынды жастардың психологиясына әсер ететіні сөзсіз. Мысалы, В.Корчанов жастардың телебағдарламаларды қабылдау белсенділігін 2 сатыға бөліп жіктейді. «Бірінші кезеңде қабылдау ахуалы эмоциялық, эстетикалық сезімге байланысты болады. Келесі сатыда ой түйіндеуге, көргенді бағалауға, естігенді талдауға, белгілі бір шешім қабылдауға әкеледі», дейді. Сондықтан, кез келген телетуынды жастарды тек эмоциялық әсерге бөлеп қоймай, қабылдаудың екінші сатысына да өтеді деген сенім ұялаған жағдайда ғана мұны жарыққа шығару керек деп білеміз. Яғни, бағдарламаны шығарушылар ең алдымен көрермен алдындағы жауапкершілікті сезінуі тиіс. Осы тұрғыда америкалық профессор С. Филд өзінің «Радио мен теледидарға қандай тақырып керек?» деген еңбегінде: «Көрермендерді игі істерге ынталандыратын ақпаратқа және баланың назарын ұстап тұратын қызық іс-әрекеттерге толы туынды – балалардың мінсіз бағдарламасы болар еді», деген ойды алға тартады.

Жастардың көңілінен шығып жүрген бағдарламаларға тоқтала кететін болсақ, мысалға, «Жайдарман» танымал ойын-сауық бағдарламасын жастар өткізбей тамашалайды. Себебі, мұнда өмір шындығы бар, сонымен қатар, әзіл-қалжыңмен жеткізілген ақиқатты жас­тар жақсы көреді. Ойыншылар әрбір әдемі әзіл, орынды қалжың арқылы қоғамда орын алып жатқан көкейкесті мәселелерді орынды көтереді, ұлттық құндылықтарымызды бағалауға шақы­рады. Одан басқа, танымдық бағыттағы «Тел­қоңыр», «Ғажайып туынды», «Қазақ әдебиеті», «Сол жылдар...», «Әлі есімде...», «Қылқалам» сынды таным­дық жанрдағы телетуындылар көңіл көншітеді. Жанрына сәйкес осы бағ­дар­ламаларды көріп отырған жастар әртүрлі саланың тарихымен, жаңалық­тарымен, ерекшеліктерімен терең таныса алады. «Хабар» мен «Қазақ­стан» телеарналарындағы әлеуметтік, тұрмыстық өзекті мәселелерді қозғайтын «Біз» және «Айтуға оңай...» ток-шоулары да жастар арасына кеңінен тарап үлгерген деуге болады. «Қазақстан» телеарнасындағы «Сыр-сұхбат» бағдарламасы арқы­лы жасөспірімдер алдыңғы буын ағалар мен апалардың өмірлік ұстанымдары мен кәсіби мектебінен көп өнеге алып жүргені ақиқат.

1999 жылдан бері эфирге шығып жүрген «ХХІ ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық телесайысы жасөспірімдер үшін өте-мөте қажет жоба, біліктілік додасына қатысатын оқушы барлық пәндерді өте жақсы білуі қажет. Мысалы, бұл телеойынды біз де үзбей тамашаладық. Оған қатысу әр баланың арманы десек, қате айтпаймыз. Ал, осыдан 2-3 жыл бұрын «Ұлттық пікір-сайыс орталығы» қоғамдық қоры мен «Хабар» агенттігінің бі ріккен жобасы – «Азамат» атты апталық танымдық-сараптамалық бағдарлама телекөрермендер назарына ұсынылған болатын. Бұл жоба қазақтілді жастардың білім деңгейі мен саяси белсенділігін арттыруды мақсат етті, осы аралықта біраз қызықты, мазмұнды бағдарламаларды көрерменге ұсына білді. Әр бағдарламаға негізгі пікірсайысшылардан бөлек (сөз саптауы жоғары деңгейдегі, арнайы тренингтен өткен пікірсайыс клубының мүшелері) жастар, қоғамдық ұйымдар, саяси партиялардың мүшелері, түрлі сала мамандары қатысатын. Студияда саяси, әлеуметтік мәселелер аға буын өкілдерімен еркін ой бөлісу арқылы ашық талқыланып, ол мәселелерді шешу жолдары да қатар қарастырылатын.

Кез келген бағдарлама көрерменді алдымен несімен баурайды? Тартым­ды­лығымен. Ең әуелі тақырыптық тұр­ғыда. «Азамат» бағдарламасы аясын­да «Жарнаманы қалай қазақы­лан­дырамыз?», «Қазақстанның ақпа­рат­тық кеңістігін қорғау жолдары», «Жас­тардың имандылығын қалай арттырамыз?» сияқты түрлі тақырыптар ортаға салынды. Бұл бағдарлама жастарды білімге, мәдениетке, ізгілікке шақырған және де ойларын ұштаған пайдалы әрі қызықты дүние болды деп ойлаймыз. Уақытын көшеде бос сенделумен өткізетін жастардың бетін бері бұруға мұның кезінде көп қызмет атқарғанын жұртшылық әлі ұмыта қойған жоқ. Бүгінде бұл бағдарлама көрсетілмейді және оның ізбасары да жоқтың қасы. Өкінішті!

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде жастардың басын қосатын түрлі клубтар мен үйірмелер баршылық. Соның бірі – қалалық, республикалық дебат турнирлерінде орын алып жүрген «Парасат» пікір-сайыс клубы. Бұған кез келген студенттің мүше болып, өз ойын дұрыс әрі нақты жеткізуіне, шешендік өнерін дамытуына, қозғалған тақырыпқа байланыс­ты жеке өзінің ой-пікірін білдіруіне мүмкіндігі мол. Әрбір кездесу барысында жастар еліміздегі экономикалық, саяси, әлеуметтік мәселелердің себеп-салдарын, шешілу жолдарын тарқатып, әлемде, отанымызда болып жатқан жаңа өзгерістер туралы ой бөліседі. Мұнан басқа, жиі орындалатын танымал музыка, кино туындыларының пайдасы мен зиянын талқылап жатады. Бір ғана пікірсайыс клубының атқарып отырған осыншама мол іс-тәжірибесін атап өткен орынды секілді. Сондықтан, «жастарға не ұсынуға болады, оларды не қызықтырады, білімдерін арттырудың қандай жолдары бар» деп артық бас ауыртып жатудың қажеті жоқ. Жастарға интеллектуалдық телеойындар қызықты деп ойлаймыз.

Қазақ телевизиясының тарихында «Қымызхана», «Алтыбақан», «Көкпар», «Құрдастар», «Бозбала мен бойжеткен» сынды атына заты сай ұлттық жауһарларға негізделген қызықты бағдарламалар бұрын да аз болмапты. Жат елдің жаттанды бағдарламасы жас­тарды жалықтырып бітті, өз еліміздің төл бағдарламаларын неге жаңалап, зама­науи қалыпқа лайықтап жаңғыртпаймыз?! Телеарналар келешекте жастардың осы жанайқайын ескерсе екен.

Нұрзада КҮМІСБЕК,

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия Ұлттық

университетінің студенті.