• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Абай 29 Қаңтар, 2020

Ақын тойы туған топырағында жалғасты

414 рет
көрсетілді

Биылғы жылдың басты мерейтойларының бірі – Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы 21 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Арқа төрінде салтанатты түрде басталған еді. Алаштың астанасынан бастау алған мерейтойлық шаралар эстафетасын 22 қаңтарда ақынның туған топырағы Шығыс Қазақстан облысы бірден іліп әкетіп, өңірдің қалалары мен аудан­дарында бірқатар тағылымды шаралар ұйымдастырылды.

Ұлы ақынның мерейлі мерейтойы­на арналған шара­лар легі облыс ор­талығы – Өскемен қаласында да жал­ғасты. Шаһардағы зиялы қауым өкіл­дері, ақсақалдар, жастар, қа­ланың қа­рапайым тұрғындары Республика алаңындағы хакім ескерткішіне гүл шоқтарын қо­йып, ақын рухына тағзым етті. Мыңға жуық адам жинал­ған салтанатты шара Өскемен қалалық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қалқаман Сариннің құттықтау сөзімен ашылды. «Арқа төрінен бастау алған ақын тойы бүгін міне, Алтайда, Абай елінде жалғасып жатыр. Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы атап өткендей,  биыл өңірімізде Абай тойына арналған 500-ден астам іс-шара өтеді. Өскемен қаласы әкімдігінің де өз жоспарлары бар. Қала көлемінде 100-ге жуық ірілі-ұсақты мәдени іс-шара Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына арналады. Сондықтан біз ұлы ақынның жерлестері ретінде мойнымыздағы жауапкершілікті жақсы сезінуіміз керек», деді ол.

Бұдан кейін Өскемендегі С.Аман­жолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік уни­верситеті ректорының ке­ңес­шісі, профессор Сіләм­бек Ора­залин сөз алып, жұр­т­шы­лықты мерейтоймен құттықтап, Абайдың «Есіңде бар ма жас күнің» өлеңін мәнерлеп оқып берді. Сонымен қатар А.Пушкин атындағы об­лыс­тық кітапханада филология ғылымдарының кандидаты Люция Абдуллинаның «За­ма­науи оқудағы Абай» атты ин­те­рактивті, ав­тор­лық дәріс-әң­гімесі мен журналист, абайтанушы, сөзжұмбақ құрастырушы Қалибек Алтыбаевтың жетек­ші­­л­ігімен «Мен бір жұмбақ адам­мын...» сөзжұм­бақ сайысы өткізіліп, шараға келушілер Абай шығармашылығы бойын­ша латын әліпбиінде диктант жазды. Ал Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада абайтану­шы ғалымдар, зиялы қауым өкіл­д­ері бас қосып, әуелі 1954 жылы түсірілген «Абай» тұңғыш дерек­ті фильмін тамашалап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласын жан-жақты талқылап, ойларын ортаға салды.

Алаштың рухани астанасы атанған Семей қаласында Абай тойының басталуына орай елімізге есімдері кеңінен танымал өнерпаздардың қатысуымен үлкен концерт өтті. Мәдени ша­раға облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат қатысып, әлемдік деңгей­дегі ой алыбының мерейтойын жо­ғары деңгейде өт­кізу ақынның жер­лестері үшін үлкен жауапкершілік жүк­тей­тіндігін атап өтті.

Концертте Ерлан Рысқали, Гүлмира Сарина, Әділ Тұр­ғанбаев, Берік Омаров сынды дәстүрлі әншілермен қатар «Астана Опера» театрының Медет Шо­­табаев, Жұпар Ғаб­дуллина секілді өнер­паздары облыс әкімінің сим­фо­ниялық оркестрі, Семей қала­сын­дағы Ә.Қашаубаев атындағы филар­мония­сының Бибігүл атындағы Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің сүйемел­деуімен Абай әндерін әуелете шырқады.

 

Шығыс Қазақстан облысы