Бірде мектеп мұғалімі алдындағы оқушының «Қанша ғасыр өтіп кетсе де, Сократтың атын адамдар қалай ұмытпаған?» деген сұрағы жөнінде әңгімелеген еді. Балдырғанның сұрағы ересектер тарапынан езу тартқызар, бірақ тәжірибелі ұстаз баланың еркін ойлай алатынына, сұрақтың астарынан шәкірттің білімге деген құштарлық қуатының байқалатынына өзі де сүйсінгенін жасыра алмап еді...
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын оқығанда менің есіме әріптес ұстаздың айтқан осы әңгімесі оралды. Расында баланың сұрағын ересектерше ойлағанның несі айып? Ойшылдар уақытпен мәңгі бірге жасап келе жатыр. Абай да – кемеңгер ойшыл, философ, ақын, өз уақытынан, заманынан оза туған ірі тұлға. Абай секілді кемеңгерлер өзін кейінгі ұрпақтың ұмытуына мұрсат бермейді. Өйткені олардың құнды еңбектері қай заманда болсын ұлтты жаңаруға, жаңғыруға шақырып тұрады. Абайдың философиялық көзқарастары дәл бүгін де маңыздылығы мен өзектілігін жойған жоқ. Ол қазақ және оны бауыр басқан этнос өкілдері мекендеген сары далаға қарап тұрғандай сезіледі.
Абай өмір сүрген ХІХ ғасыр мен бүгінгі ХХІ ғасырдағы өзгерістерді салыстыруға келмейді. Бүгін уақыт ырғағы аса ұшқыр. Өркениет жетістіктерінің дамығаны сондай, цифрландырудың, компьютерлендірудің небір кереметін көріп отырмыз. Ғаламтор үшін алыс-жақын, мұхиттың арғы-бергі жағы деген түсінік көмескі тартып барады. Жасанды интеллектінің дамығанына, күрделі істерді адам қолынан роботтар алып жатқанына әсерленіп, таңғалып жатқан ешкім жоқ. Мұның бәрі ғылымның жетістігі екені даусыз, ал ғылымға сүйену керектігін Абай данышпан да айтқан болатын. Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін білмейтін адам кемде-кем шығар. Бұл өлеңнің жалпы идеясы – білімді игермейінше, биіктердің бағынбайтындығы. Ал мұны бүгінгі күнмен сыни ойлау барысындағы түйін «XXI ғасырдағы білімнің мақсаты – биікке ұмтылу» екендігін меңзейді.
Бірақ хакім адамдықты, адам болып қалуды осының барлығынан алдыңғы орынға қойған жоқ па еді?! Он сегізінші сөзіндегі: «Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген көзқарасы қай ғасырда болсын ұрпақ тәрбиесінде ұстанар бағыт болуы тиіс. Жас ұрпақты жан-жақты қалыптастыратын білім беру саласында Абай философиясын басшылыққа алуымыз қажет. Ақын шығармаларындағы данышпанның әр сөзі мектеп оқушысының зердесіне жеткенде ғана кемел ұлт қалыптастырудағы мақсатымызға жетпекпіз. «Абайды тану – адамның өзін өзі тануы. Адамның өзін өзі тануы және үнемі танып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелділіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де осы. Осыған орай Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналу қажет», деген Президент пікірі Абай әлеміне үңіле отырып, Абай сыны сындарлы сын екендігіне көз жеткізе отырып, сонымен қатар игі істердің негізгі міндеттерін айқындайтын бастамалардың бірі болып саналады.
Халқымыздың рухани аспанында жұлдыздай жарқыраған ойшылдар пікірлерінің бір түйінге тоғысуы да заңдылық іспетті. Шығыс данышпаны Әбу Насыр әл-Фараби: «Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы» десе, Абай: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» дейді. Хакім тәрбиенің маңызын ерекше деңгейге көтерді. Ол тәрбиенің маңызын тек айтып қана қойған жоқ, «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деп, оның жолын да көрсетті. Сондықтан болашақ ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде Абай әлеміне үңілу, Абай кестелеген ойларды өскелең ұрпақтың өз өмірінде қолдана алуына үйрету басты мақсаттардың бірі.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты мұғалімдердің жаңа әдістемелерді меңгеру курстарында осы мәселелерді іске асыруды, шәкірттеріне Абай шығармаларын жете түсінуге қол жеткізуді жұмыстағы басты бағыттарының бірі деп санайды. Біліктілікті арттыру институты оқыту, ғылыми-әдістемелік қызметтері арқылы абайтану жұмыстарын жүйелі, сапалы ұйымдастыруды және курстар, семинарлар аясында Абайдың философиялық, оның ішінде «толық адам» тұжырымы үрдісін өзекті мәселелердің бірі ретінде қарастырып келеді. Жас ұрпақты тәрбиелеу мен білім беру ісінде мұғалімнің орнын ешқандай технология алмастыра алмайды. Сондықтан олардың біліктілігін арттыру, ғылыми-әдістемелік жұмыстарын тиімді ұйымдастыру түпкі нәтиже береді. Тыңдаушылармен осындай жұмыстарды жүргізу үшін институт қызметкерлеріне де жоғары талаптар қойылады. Соған сәйкес, институтта педагогика ғылымдарының кандидаттары, магистрлері жұмыс істейді, өз білімдерін үздіксіз жетілдіреді.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы филиалы Қостанай облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты Абайдың мерейтойына орай, көптеген іс-шараларды жоспарлап отыр. «Көпмәдениетті әлемдегі Абай мұрасы» халықаралық ғылыми-практикалық конференция, дөңгелек үстел, «Абайды оқиық!» байқауы, кездесулер, т.б. шаралар жыл бойы өткізілмек.
Абай философиясы – жаңашылдықтың жаршысы. Ол қоғамды серпіп, жаңғыртып отырады. Сондықтан да Абай мұрасы XXI ғасырдағы Қазақстан қоғамы мен оның береке-бірлігі үшін аса құнды.
Марионелла СЛЕСАРЬ,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы филиалы Қостанай облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры