• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Тамыз, 2013

Ақ гүлдердің арасында

400 рет
көрсетілді

«Күләш Ахметова» атты кітаптан үзінді

Әр тарихқа беретінбіз асқан мән,

Жаттайтынбыз «Манас» деген дастаннан.

Ақындықтың ұзақ жолы мен үшін

Ақ бесікке бөленгеннен басталған.

Күләш АХМЕТОВА.

Түннің қою қараңғылығында бесіктегі сәбидің шыр етіп жылаған дауысынан үй іші шошып оянды.

– Біссіміллә! Біссіміллә! Не боп қалды?

Әуелі жүрегі зу ете қалған Молша жастықтан басын жұлып алды. Енесімен бірге ұйқысы шайдай ашылған Бекзада да жалма-жан бесіктің жапқышын ашып, кішкентай қызының бетіне үңілді. Сол-ақ екен, қиқ-шиқ етіп үй түгел тербеліп сала берді.

– Құдай-ау, сақтай гөр! Жер сілкініп жатыр!

Молшаның үрей аралас дауысынан кейін Ділдә да атып түрегелді.

Олар енді бесікті көтерген бойы сыртқа ұмтылды...

– Жер сілкінгелі жатқанын алдын ала сезді ғой, құлдығым! – деп зілзала басылған соң бесіктегі сәбиін емірене иіскеді Ділдә.

Бұл болашақ ақын Күләш Ахметова­ның бес-алты айлық кезі, 1946 жылдың күзі еді...

*   *   *

Күләш алты жасқа дейін қам-қай­ғы­сыз балалықтың базарын бастан кешті.

Оны өзге балалардан ерекшелеп тұратын бір қасиеті – гүлге, ағашқа, жапырақтарға сондай құмарлығы еді. Көктем келсе үй ауласындағы ағаштарды айналсоқтап жүреді. Талдардың бүршік жарғаны, жапырақ жайғаны – ол үшін үлкен мереке. Ағаштарға көз салған сайын жан-дүниесіне табиғаттан нұр құйылғандай, жүзі құлпырып сала береді.

Күләш үшін жаздың әр күні қуаныш. Анасы аппақ қылып ақтап қоятын үйлерін қоршай аппақ гүлдер өсетін. Кәдімгі көргеннің көңілін жадыратар түймедақ гүлдері. Сол гүлдердің арасында басы ғана қылтиып Күләш жүреді. Әр сабаққа қол созып, жапырақтарға, сап-сары себетгүлге, оны айнала күн­нің шуағындай шашыла қонған ақ тал­шық­тарға сәби жүрегімен елжірей қарайды. Біресе гүлді құшырлана иіскейді. Біресе жұмсақ гүлге бетін төсеп, айналып-үйіріледі. Осылайша, гүлді кіршіксіз жанымен сылап-сипап, өзі де гүлге еркелеп жүргендей ертегі күй кешеді.

Алты жасар баланың аппақ жүзі нұр­ланып, ақ гүлдердің арасында жүргеніне үйдің үлкендері де жадырай қарайтын. Әсіресе, Бекзада... Қызының да гүл ғұмырға оранып, өңі гүлдей нұрланып өтуін тілейді ол іштей...

*   *   *

Күләштің анасы – Бекзада талдырмаш қана нәзік әйел болғанымен, терең де тұнық теңіз секілді, мінезі салмақты адам. Жасынан тағдыр тауқыметін тартып, қатал өмірдің сан түрлі сынағын көріп келе жатса да, балаларының алдында бір де бір рет жас төгіп, егіліп көрген емес.

Расында, көзі тұңғиық мұхит тәрізді. Түбінде мөлдір мұң, жан-жүректі жасытқан қиыншылық пен азаптың табы жатқаны сезілмей қалмайтын.

Бірақ әрқашан жайсаң, жомарт жүректі қалпынан жаңылып көрген емес. Кеш болса шам жарығымен жазу үстөліндегі қағаздарына шұқшиып, әлде­нелер жазып, құжаттар толтырып жатады. Ондай шаруалардан қолы қалт етсе шілтер тоқып, кесте тігеді. Ал жұмыстан шаршап жеткен күндері бала­ларымен мауқын басып, үй ішіне көк­темдей көңілді сәт сыйлауға тырысады.

Көбінесе кешкі астан кейін бұл үйде кәдімгідей «концерт» қойылатын. Ділдә болса орыстың «Три танкиста» әнінен бастап, қырғыз, татар әуендерін шалқыта шырқайды. Ал, «Наманганның алмасы» әні әуелегенде Күләш ортаға шығып, майыса бұралып билей бастайды. Қол соғып, қошемет танытқан сайын «кішкентай биші» көйлегінің етегін шыр айналдырып, шабыттана түседі.

Өнердің түр-түрінен Бекзада да құр­алақан емес. Қолына мандолинін алып, нә­зік саусақтарын икемдей, саз тер­бе­теді. Жүрек пернелерін дөп басқан ән-әуен тамылжыған сайын би де қыза түседі.

Аузы аққа тиіп, есін жиған Молша ана бұл күнге жеткеніне шүкір етіп, үнсіз тыңдап отырады. Өзінің жастық шағы, үкілі тақия, қос етек көйлек киіп, жиын-тойда ән салған, қолына домбыра алып айтысқа түскен кездер... Өскен орта, қайран елі еске түседі.

*   *   *

Бекзаданың мұңы бес батпан болатынының өзіндік себебі бар. Бай әулеттен шыққандықтан оның өмірі бала күнінен кеңестік қитұрқы саясаттың құрығына іліккен еді.

Ертеректе Талас өзенінің бойында, Үшарал ауылында ошақтының қоңырынан тарайтын атырабына «түйелі бай» деген атпен белгілі болған бір дәулетті кісі өмір сүрген. Атақты байдың Бәзілбек, Нарымбет, Назымбет, Әлімбек атты төрт ұлы болыпты. Ағайынды төрт жігіт сән-салтанатымен серілік құрып, ел назарына ілігеді. Әкелерінің бай болғаны соншалықты, олар түске дейін ақ атқа мініп, ақ қамзол, ақ шал бар, түстен кейін қара атқа мініп, қара қамзол, қара шалбар киініп шығады екен...

Бекзада 1924 жылы сол серілердің ішіндегі кенжесі – Әлімбектің шаңыра­ғында өмір есігін ашыпты. Оның соңы­нан Ханзада есімді тағы бір қыз ерген. «Айнакөл», «Ақкөл», «Билікөлде» аққу ұшып, қаз қонып, Таластың кең даласы малға толған мамыражай заман еді.

Қазақ жеріне орыс отаршылдары кәмпескелеу саясатын жүргізгенде, бай әулеттен шыққаны үшін алғашқылардың бірі болып Әлімбектің шаңырағы да күй­ретілді. Кеңес өкіметінің белсенділері күтпеген жерден келді де, бұлардың үйін тонап әкетті. Алтын, күміс, мал-мү­лік, жиған-тергеннен түк қалдырмай тар­тып алған соң, кешегі түйелі байдың ұрпақ­тары бір-ақ күнде тақыр кедейге айналды.

Байлардың тұқымын құртып, елді арқа сүйер тірегінен айыруды көздеген биліктің сойқаны мұнымен біткен жоқ. Күн сайын тінту жүргізіп, берекесін алды. Әулеттегі ересек адамдардың бірін айдау­ға жіберсе, бірін қамауға алып, енді бірін далаға қаңғыртып, тоз-тозын шығарды.

Бұл 1929 жыл болатын.

Күн құрғатпай, үйге баса-көктеп еніп келетін белсенділер Бекзаданың әке-шешесін алды-артына қаратпай алды да кетті. Үйде кішкентай сіңлісін жұбата алмай зар еңіреп, бес жастан енді асқан Бекзада қала берді.

Осы оқиғадан кейін жәутеңдеп қарау­сыз қалған бүлдіршін қыздарды туысқан әпкесі Ханшайым Таразға әкеліп, жетім­дер үйіне тапсырды. Олардың жер аударылып, қуғындалған байдың ұрпақ­тары екенін білдіруге болмайтын еді. Сон­дықтан ататектерін өзгертіп, Құдай­бер­генова деп жаздыруға мәжбүр болды.

Отбасыларын ойрандаған кеңестік үкімет апалы-сіңлілі Бекзада мен Ханзаданың жетімдер үйінде бірге болуын да көп көрді. Бірге өссе, өткен-кеткенін еске алып, партияға өшпенділік тудыруы мүмкін. Осылай күдіктенген белсенділер оларды екі қаладағы балалар үйіне бөліп жіберуді ұйғарды. Сөйтіп, Бекзаданы Таразда қалдырды да, сіңлісі Ханзада әпкесінен зорлықпен ажырап, Шымкент жақтағы бір балалар үйіне жөнелтілді.

Осының бәрі бүлдіршін қыздың жүрегін тасқа айналдырып жіберердей еді... Әке-шешесінен, сіңлісінен тірідей айырылған Бекзада күн сайын көз жасы құрғамай жылаумен болды.

Ұзамай мектепке барды. Сөйтіп, жа­қын­дарынан айырған Кеңес өкіметінің кө­мегімен сауат аша бастады. Осылайша, бір қолымен таяқтаған зымиян биліктің екінші қолымен басынан сипап, бауырына тартқанына еріксіз көндіге берді...

*   *   *

1930 жылдары отар халықты діңке­леткен экономикалық-саяси ұстанымдар Қазақ елін аштыққа ұшыратып тынды. Баяғы өріс толы мал жоқ. Тұяқтының бәрі тартып алынған. Нәр татпай қиналған жұрт беталды босып, қаңғыра бастады. Бұның соңы бір кездері қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт өмір сүріп, иманы ұйыған елдің азғындауына алып келді. Адамдар өзегі талған аштық­тан көз көріп, құлақ естігісіз сұмдыққа да барып жатты. Бүкіл бойына үстемдік еткен аштық атты аждаһаның бетін қайтару үшін жас балаларды ұрлап, пісіріп жегендер туралы да ел ішінде әңгіме тарады. Жұрт жұтады. Қазақ деген қастерлі аты бар халықтың ұрпағы бұл жылдары тек шыбын жаны үшін ғана арпалысқа түсті.

Ел іші жантүршіктірер оқиғалардан көз ашпады.

*   *   *

Балалар үйі – мемлекеттік мекеме. Кеңес өкіметінің өз үйі іспетті болғандықтан мұнда қалың қазақты қан қақсатқан аласапыран дауылдың лебі де сезілмейтін. Балалар қарны тоқ, мектепте білім алып жатты. Жылы төсек, ыстық тамақ, оқу құралдары – бәрі жет­кі­лікті. Бірақ, Бекзадаға отбасы жылуы жетпейтін еді. Көз алдында Кеңес өкі­метінің жендеттері ұстап әкеткен аяулы анасы мен жан әкесін, шырылдап жылап, өзге қаладағы балалар үйіне жіберілген сіңлісін сағынып, күтумен болды.

Таразда Бекзададан көз жазбай жүр­ген жалғыз туысы – Ханшайым әпкесі. Кө­ңіліне жалғыз медеу болып, ара-тұра бала­лар үйіне Бекзаданы көруге келіп тұратын.

Бірде Ханшайым сыртта ойнап жүрген Бекзадаға келіп, әкесі Әлімбектің тірі екенін жеткізді. Қыздың түсінгені, түрмеден босатылды ма, әлде айдаудан қашып құтылды ма – әйтеуір әкесі тірі. Анасы Ақтолқынның хабары белгісіз. Ашаршылық титықтатқан бейбақ әкесі, қу сүлдерін сүйретіп, елден бой тасалап, әрең жүрген көрінеді.

Ұзамай Бекзада Ханшайым әпкесінің көмегімен әкесімен де қауышты. Өңі кетіп жүдеп-жадаған, қу сүйегі ғана қалған әкесін көргенде бейшара қыз жүрегі езіле, еңіреп жылады.

Бірі – қуғындағы аш-жалаңаш босқын, бірі – жетім балалар үйінде өсіп жатқан жәутеңкөз. Әкесі бар дегенмен, ол – бас бостандығы жоқ, Кеңес өкіметінің меншігіндегі адам. Сондықтан, әкелі-балалы шерменделерге тек жас ырын кездесуден басқа амал жоқ еді.

Әкесі оны өзімен бірге алып кетсе де, асырай алмайтыны анық. Өйткені, бүкіл елде бір үзім нан табудың өзі қиямет-қайым...

Кішкентай ғана жүрегімен осы қасіретті сезінген Бекзада өзіндегі болмашы мүмкіндікті әкесін аштықтан құтқаруға пайдаланғысы келді. Сөйтіп, алғашқы кездескен күннен бастап асханаға барған сайын өзіне берілген нан мен қантты тығып, бөлмесіне алып кететінді шығарды. Ешкім жоқта нанды майдалап турап, кептіріп қояды. Әкесі келгенде жаңағы өз аузынан жырымдаған наны мен қантты береді.

Әке байқұс араға күндер салып, балалар үйін төңіректейді. Тұла бойы тұң­­ғышы – қызын көріп, мейірімін қанды­ра­ды. Әрі қатқан нан мен қантты жеп, аш­тық­тан талыққан өзегін жалғаған болады.

Алайда, бұл кездесулер де ұзаққа созылған жоқ. Төрт қабырғаға қамалып, терезеден телміре әкесін көруге асыға­тан Бекзада онымен қоштасып та үлгер­мейтінін сезбеген еді. Иә, оған арнап кептірген наны мен қанты жиналып қал­ған. Бірақ әкесі келмеді. Түндер бойы ұйықтамай, жастыққа тұншыға зар еңіре­ген Бекзада содан кейін қанша күтсе де әкесін мүлдем көре алмады.

Тіпті, оған не болғанын, өлі я тірі екенін, сүйегі қайда қалғанын да біле алған жоқ.

*   *   *

1941 жылы орта мектепті бітірген Бекзада Тараз қаласындағы мұғалімдер курсына оқуға түскен. Кейін сұрастырып жүріп сіңлісі Ханзаданы тауып алды. Бұл кезде тағдыр тепкісі айырған апалы-сіңлілердің бірін-бірі көрмегеніне он жылдан асқан болатын. Балалық шағын бірге өткізе алмай, жатбауыр болып қалса да, екі қыз енді ажыраған жоқ. Бір үзім нан тапса да бөлісіп жеп, өмір қиындығына бірге арқа төсеуге бел буды.

Оқуды аяқтаған соң өкімет Бекзаданы Тараздың іргесіндегі Головачевкаға ауылдық кеңес төрағасының хатшысы етіп жіберді. Қызметтік үй берілмегендіктен, бір ақ самайлы ана: «Біздің үйімізде тұра бер, менің бір қызым болып жүрерсің», деп Бекзаданы үйіне шақырды.

*   *   *

Бекзада қызметке кіріскен жылдар фашистік Германия мен Кеңес Одағы арасындағы соғыс қайнап жатқан кезеңге тұспа-тұс келген. Елдегі барлық азаматтар майданға аттанып, ауыл азан-қазан болып жатқан шақ еді.

Ол кезде Тараздың төңірегі тола қант қызылшасы өсіріледі. Белсенділер ауыл адамдарын тегіс қызылша егістігіне шығарады. Үкімет міндеттегендей, жаңа туған нәрестесі бар жас аналар да жұмыс істеуі тиіс. Олар таң бозынан баласын тас­тап, үйден кетеді. Қызылшаның шөбін жұлады, түбін босатады. Піскендерін жинап, қолмен көлікке артады. Дырылдаған жүк машинасының тіркемесіне мініп, қаладағы қызылша зауытына барады. Қызылшаны түсірген соң, түн ортасында 15-20 шақырымдағы ауылға жаяу қайтады... Күнде осы тірлік. Үш-төрт сағат қана мызғып, не ұйқысын, не баласына мейірімін қандыра алмаған шалажансар халдегі әйелдер таң сәріде қайтадан егістікке жөнеледі.

Осылай бүкіл республика халқымен бірге тараздықтар да қара тер болып, бала­ны да ұмытып, үй бетін көрмей, майдан­дағы әскер үшін жан шыққанша ең­бек етіп жатты. Қарапайым жандардың арқа­сында өңірден вагондап бидай, қант, құрт, май, ірімшік, ет, басқа да қисапсыз азық-түлік, Мәскеуге жіберіледі. Алайда, майдандағы балаларымыз үшін деп, бар тапқанын Мәскеуге жөнелтіп жатқан бейнетқор жұрттың үйдегі бала-шағасы жарытып тамақ іше алмады. Тіпті, іргедегі комбинатта күн сайын пәленбай мың мал сойылып, тонна-тонна ет үйіліп жатса да, ауыл адамдарына бір тістем қызыл ет бұйырмады.

Аштыққа шыдамағандар бір уыс бидайды қойнына тығып, «ұрлық» жасады. Ал 10-15 кило бидай аламын деп, қолға түскендер екі жылдап түрмеге тоғытылып жатты...

Отарлаушы елдің әдеті бойынша Кеңес өкіметі майдан өтіне одақтас рес­пуб­ликалардың әскерін салды. Лапылдап жанған соғыс өртіне соларды қалқан етті. Минут сайын сан мың адам оққа ұшатын ажал апанын толтырып отыру қажет. Осы қажеттік ауылдағы жасы кәме­летке толмаған бозбалаларға ауыз сал­ды. Қыршындардың туған жылын ерте қы­лып көрсетіп, зорлықпен әскер қата­ры­на тұрғызды... Қаншама ана аузынан емшек табы кетпеген жас баласын, бір әулет­тің ардақтаған жалғызын әскерге аттан­дырып, әділетсіздікке, сұм соғыстың қасі­ретіне қарғыс айта күңіреніп қала берді...

*   *   *

1942 жылы Бекзада Қызылшарық ауылына қызмет ауыстырды. Тап осы күндері Молша жалғыз ұлы – Ділдәсін ертіп, ауылына төркіндеп келіп жатқан.

Көптен бері ұлын әскерден алып қалуға қамданып жүрген ана бір күні әлдебір жақындарының үйінде тұрып жатқан Бекзаданы көріп қалды. Шашын иық тұсынан кесіп тастаған, талдырмаш бойлы, сүттің қаймағындай нәзік қыз Молшаны ң көзіне бірден жылы ұшырады. Көз тұңғиығы терең, сөйлегені адамды баурап алатын бала сауатты ғана емес, ибалы, текті жерден шыққан қыз сияқты. Тіпті, ақылына көркі сай сұлудың өзі. Әуелі, оған көз салушылар да, сөз салушылар да көп көрінеді.

Сырттай бақылап, ептеп әңгімеге тартып, көңілінен шыққан соң, Молша қызды жайлап төңіректей бастады.

Өзі де мәймөңкелеп, көп сөйлегенді ұнатпайтын, тік мінезді адам емес пе, бір күні ойындағысын бүкпесіз айтып салды:

– Қызым, айналайын! Жатқа қимай­тын бала екенсің. Менің де сен қатарлас ұлым бар. Сені үйіміздің бір адамы, қызым ретінде көру мен үшін үлкен бақыт болар еді... Маған келін болсаң қайтеді! – деді Молша ағынан жарылып.

Бекзаданың да жауабы орынды еді:

– Мен сізге қалай келін боламын, балаңызды көрген жоқпын ғой, – деді ол күлімсіреп.

Баланы көрсету қиын ба тәйірі! Молша ана Ділдәсін ертіп келіп, Бекза­даға таныстырды.

Өңі келісті, өткір көзді, өзі сұңғақ бойлы, қараторы, қалың шашты, қыр мұрынды сымбатты жігіт Бекзаданың да жүрек қылын дір еткізді. Қыздың байқағаны – Ділдә кәдімгі сахна әртістері секілді әр сөзі мен ісі үйлесім тапқан сері жігіт сияқты. Сөйлегенде дауысы күн­де радиодан саңқылдап, Мәскеудің ше­шім­дерін күллі Кеңес өкіметі үстемдік ететін елдерге таратып отыратын Леви­тан деген диктордың дауысынан аумайды. Адамның қас-қабағына қарап, өзіне иіріп ала жөнелетін қасиеті де бар секілді.

Бұл – Бекзаданың да жалғызсырап жүрген кезі болатын. Мұғалімдер мекте­­бінде бірге оқыған Әйгерім есімді құрбысы ебін тауып, сіңлісі Ханзаданы туған ағасы Райымқұлға алып берген. Сөйтіп, Ханзада мектепті бітірісімен, Тараздың төңірегіндегі Раунай деп аталатын жерге келін болып түсіп, шалғайдағы бір ауылға мал бағуға жіберілген еді. Отбасын құрысымен бала-шағалы болды. Одан соң бұлардың арасын айына, маусымына бір үшбухат қана жалғады...

Ұзамай, Молша да Бекзаданы жар дегендегі жалғыз ұлы Ділдәға үйлендіріп, үйіне келін қып түсірді.

*   *   *

Ұзамай соғыс та аяқталды. Ел жайма шуақ өмірге бой үйрете бастады. Дәл сол тұста Кировкаға жақын орналасқан Шекер ауылында болашақ жазушы Шыңғыс Айтматов та Бекзадаға ұқсап ауылдық кеңестің хатшылық жұмысын атқарып жүрген еді...

1946 жылдың сәуірінде Бекзада мен Ділдәнің тұңғыштары өмірге келді. Сөйтіп, жеңістің қуанышын жалғастыра жарық дүние есігін ашқан кішкентай қыз, ата-анасына да шексіз шаттық сыйлады. Анасынан әлі жан-дүниесі ажырамаған сәулелі сәбидің өміріне алғаш ақжол ашып, көрші Ұлтай шеше кіндігін кесті.

Балаға жақсы ат қою – ата-ананың борышы. Оған атүсті қарау – айыппен ақталмайтын кемшілік. Сондықтан, тағдыр дауылымен тайталаса жүріп, бақытқа қол жеткізген шаңыраққа құт болып қосылған қызға үйдегілер ерекше ат іздеуге кіріскен.

Радиода таңнан қара кешке дейін қазақтың маңдайына біткен бұлбұл көмей әншісі Күләш Байсейітованың әндері беріліп жататын. Жиырма төрт жасында бүкіл Кеңес Одағын дүркіретіп, атағы аспандаған Күләш Байсейітовадай болу барлық бүлдіршін қыздардың арманы еді.

Ақылдаса келе Бекзада мен Ділдә да нәрестелеріне қазақтың даңқты қызы Күләштің есімін беруді ұйғарды.

*   *   *

Бесіктегі кезінде елді дүрліктірген зіл-заланы алдын ала сезіп жылаған Күләш, расында, тым сезімтал еді. Адамның ішкі толқынысын айтқызбай ұғынатын. Өзімде болсын демей, өзгенің қуанышын ойлап тұратын ақпейілділігі де оның болмысына құп жарасатын.

Ол кейде үйлеріндегі Балтеке деген итін ертіп көшеге шығады. Баланың аузы босаушы ма еді, қалтасына салып, бірер жапырақ нан ала жүреді. Нан демекші, көршілері ауыздарының суы құрып, Молшаның тіл үйірер тәтті нандары туралы айтып жүретін. Өйткені, Молша әжесі жұқпа, қаттама, пәтір, түшпара дей ме – әйтеуір нанның неше түрін пісіре біледі. Соғыстан соңғы жылдардың ашқұрсақ балалары да осы үйдің нанын сүйсініп жейді. Иә, Күләш көшеге шыққанда, балалар оны қаумалап алатын да, нан сұрай бастайтын. Мұндайда қаршадай қыз нанның титімдейін өзіне үзіп алады да, қалғанын балаларға үлестіріп береді.

Айтпақшы, бұлар тұратын көшеге бертінде «Совет көшесі» деген ат беріл­ген. Бірақ, ел ішінде әлі «Қазақ көше­сі» аталатын еді. Бір қызығы, көше бойын­дағы балалар көбінесе топтасып, Күләш­тардың есік алдында ойнайды. «Ит иесіне тартады», деген рас болса керек, Балтеке де оларды қапқан емес. Кішкентай болса да Күләшқа үйір болып, бірге ойнайтын балалардың арасында көрші үйлердің ұл-қыздары Айткүл, Зейне, Тоқтасын, Әбдірахман, Зинат та бар. Олар бір үйдің балаларындай тату еді.

Күләштің ашық мін