Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа еліміздің сот жүйесін реформалау және Ұлт жоспарындағы сот кадрларын іріктеу және дайындау бойынша шараларды жүзеге асыру жөнінде ақпарат берілді. Бұл туралы Елбасының баспасөз қызметі хабарлады.
– Жоғарғы Сот Кеңесі сот мамандарын іріктеуді іске асырады. Бұл жұмыс объективті болуы керек. Судьялар нақты конкурсқа сәйкес іріктеуден өтуге тиіс. Олар білімді, адал болуы, адамдармен жұмыс істей білуі қажет, - деді Елбасы.
Өз кезегінде Талғат Донақов судьяларды іріктеуде ашықтықты қамтамасыз ету үшін қабылданған шаралар туралы айтып берді.
– Жағдай өзгеріп жатыр. Судьяларға деген сенім артып келеді. Жұмыс барынша объективті және ашық жүргізілуде. Арнайы конкурстық комиссия құрылды. Оған судьялармен бірге заң қауымдастығы өкілдері, HR-мамандар, тәуелсіз сарапшылар кірді. Қазіргі таңда соттарға баратын кадрлардың дайындығы жоғары, жауапкершілі мол, - деді Жоғарғы Сот Кеңесінің төрағасы.