Бүгін қызылордалықтарды таңертеңнен әлеуметтік желілерде «Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына коронавирус инфекциясын жұқтырған адам жатқызылыпты» деп тараған жазба әбігерге салған еді. Жұртты дүрліктірген жағдайға байланысты түстен кейін брифинг өткізген мамандар мәселенің мән-жайын ашып айтты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов пен тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова осы жылғы 28 қаңтар күні ыстығы көтеріліп, дәрігерге қаралған бір азаматтың қазір облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем алып жатқанын жасырған жоқ.
Дәрігерлерді алаңдатқаны, оның 11-18 қаңтар аралығында Қытай елінде ем алғаны болып шықты. Жиырмасыншы қаңтарда Қызылордаға жеткен жерлесіміз 8 күннен кейін ауруханаға түскен. Бір қуанарлығы – дәрігерлер күдік расталмады. Қазір науқастың ыстығы түсіп, ем алуды жалғастыруда.
Вирусологиялық зертхана мамандары да жерлесіміздің қауіпті вирусқа шалдықпағанын растап отыр.
Брифингте тиісті орындардың қауіпті індетті болдырмау бағытындағы арнайы іс-шаралар жоспары аясында жұмыс істеп жатқаны айтылды. Сонымен қатар облыстық полиция департаментіне өңірімізге сырт мемлекеттерден келген азаматтар жайлы деректі кедергісіз беру жайлы ұсыныс жасалды.