Статистика комитетінің мәліметі бойынша экономиканың негізгі салалары арасында құрылыс саласының дамуы басым сипатқа ие болып отыр. Мәселен, былтыр 2018 жылмен салыстырғанда ауыл, орман және балық шаруашылығы – 100,9 пайыз, өнеркәсіп – 103,8 пайыз, көлік – 105,1 пайыз, байланыс – 105,2 пайыз, сауда – 107,6 пайыз даму көрсеткішін көрсеткенде, құрылыс саласының даму деңгейі 112,9 пайыз болды. Бұл құрылыс саласының 2019 жылы бәрінен де жоғары қарқынмен дамығанын көрсетеді.
Әрине, елімізде құрылыс саласының қарқынды дамуына бірнеше фактордың әсері бар. Соның ең бастысы ретінде мұнай факторын айтуымыз керек. Сыртқа мұнай мен газ, металл саудасынан түскен қаржы мен инвестициялар инфрақұрылымдық құрылыс саласының өркендеуіне жол ашты. Ал мемлекет болса түрлі тұрғын үй бағдарламаларын ұйымдастыру және оны ипотекамен қамту арқылы азаматтардың жеке қаржыларын тұрғын үй құрылысына қарай бағыттай білді. Бұл ретте қалаларда салынып, сатылып жатқан пәтерлерге ие болсам деген қарапайым халықтың ұмтылысы мен ерік-жігерін де атап көрсетуіміз керек. Көптеген қарапайым адамдар қолдарындағы азын-аулақ қаржысын бала-шағасының аузынан жыра отырып, пәтер алуға немесе үй салуға жұмсауда. Мұны статистикалық деректер арқылы да дәлелдеуге болады. Мәселен, Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсіреповтің айтуынша, былтыр сатылған үйлердің 80%-ы несие арқылы ресімделген. «Халықтың қолында артық ақша жоқ. Адамдар көбінесе тұрғын үйді ипотекалық несиемен алады. Жылжымайтын мүлік нарығының ойыншылары адамдардың қолында артық ақша жоқ екенін біліп отыр. Сондықтан бағаның өсуіне негіз жоқ», дейді ол.
Статистика комитетінің дерегі бойынша, 2019 жылы үй сату мен сатып алу көрсеткіші 2018 жылмен салыстырғанда 21%-ға артқан. Осындай жағдайды есепке ала отырып, жыл басында тұрғын үй бағасы қымбаттайды деген сөз тараған еді. Ермек Мүсірепов бұл қоғамды дүрліктіру үшін жасалған маркетингтік қадам екенін айтады. Оның сөзінше, қазір жылжымайтын мүлік нарығында бәсекелестік қызып тұр. Бұрынғыдай емес, ұсыныс көп. Яғни тұтынушыларда таңдау бар. «Бағаны өсіре беруге болады. Алайда қымбат және ауданы үлкен үйлер өтпейді. Адамдар көбінесе бір-екі бөлмелі пәтер алады. Себебі олардың қаржылық мүмкіндігі бұдан үлкен үйге жетпейді», дейді ол.
Міне, осындай жағдайда, яғни адамдардың пәтер сатып алуға деген ұмтылысы барынша ширығып тұрған сәтте тұрғын үй құрылысының өзіндік құнын төмендету арқылы адамдар тілегін қанағаттандырудың және осы арқылы тұрғын үй құрылысының одан әрі дамуына дем берудің (өйткені пәтерлер бағасы төмендесе, сатып алушылар қатары арта түсетіні анық) қандай жолдары бар?
Экономист Бауыржан Ысқақов тұрғын үй бағасының арзандауы үшін оны салуға кететін шығындардың да арзандауы керек екенін айтады. Өкінішке қарай, қазіргі сәтте бұл мүмкін болмай отыр. Себебі құрылыс материалдарының бағасы жыл өткен сайын қымбаттай түсуде. «Құрылыс материалдарының басым бөлігі шетелден тасымалданады. Отандық құрылыс компаниялары шетелдіктермен доллармен есептеседі. Доллардың бағасы құбылған сайын шығын көлемі артады. Кейін құрылыс компаниялары шыққан шығынды тұтынушының есебінен өтеп алады. Сол үшін жыл сайын тұрғын үй бағасын 10-15%-ға өсіреді. Құрылыс компаниялары құрылыс материалдарын сырттан әкелуін тоқтатпаса, жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдай жақсармайды. Қымбатшылық жалғаса береді», дейді ол.
Ендеше, біздің құрылыс компаниялары қажетті материалдарды шетелдерден тасуға неге әуес? Өзімізде өндіруге не бөгет?
«Қазақстандық құрылыс материалдары өнеркәсібі қауымдастығының» президенті Марал Томпиевтің айтуынша, еліміздегі құрылыс материалдары өнеркәсібінің базасы цемент, бетон бұйымдары, қабырғалық және жылу оқшаулағыштар, гипс, таскендір, арматура, гипсті картон, қиыршық тас, құм және басқа да қажеттіліктер бойынша ішкі сұранысты жабуға толық жетеді. Аталған материалдарды құрылыс компаниялары сатып алып, пайдаланып та жүр. Ал құрылыстың кейбір күрделі заттарын шығаруға отандық өнеркәсіп әзірге дайын емес. Басты проблема – ҚХР, Ресей, Беларусь секілді елдердегі әріптестерімен баға мен сапа жөніндегі бәсекелестікке түсе алмауда. Жалпы бұл мәселенің көзге көріне бермейтін проблемалары көп. Соның ішінде отандық өнімге сұраныс деңгейінің төмендігін, осыдан туындайтын өндіріс қуатына түсетін жүктеменің жеткіліксіздігін, барлық деңгейдегі әкімшілік кедергілерді және еліміздің ішкі нарығындағы сапа стандарттарына сай емес, жасырын және жартылай ресми арзан импортты құрылыс материалдарының көптігін айтуға болады.
Марал Қазкенұлы елімізде индустриялық-инновациялық дамудың алғашқы бесжылдығы жарияланған 2010-2014 жылдары құрылыс индустриясы осы бойынша әзірленген мемлекеттік бағдарламаға кіріп, оны дамытудың жолдары мен міндеттері белгіленгенін айтады. Міне, сол кезде ішкі нарықтағы отандық құрылыс материалдарының үлесін 80 пайызға дейін жеткізу көзделген екен. Өкінішке қарай, сөз болып отырған сектор бұл міндет үдесінен шыға алмаған. Отандық құрылыс материалдары 10%-ға ғана көбейіп, 35-40%-дық көрсеткішке ғана жеткен.
Міне, осындай және басқа да белгісіз себептерге байланысты құрылыс материалдарының өндірісі 2015 жылдан бастап экономика саласының басымдық берілетін секторларының қатарына ілікпей қалды. Басым даму бағытына ілікпегендіктен оған Жол картасы таралмайды, мемлекеттің басымдықпен көрсететін қолдауы мен жеңілдігінен қағылады. М.Томпиевтің айтуынша, отандық құрылыс материалдарының ішкі нарықтағы үлесі әзірге 50-55 пайыз шамасында ғана.
«Осының бәрін екінші бесжылдықта да жалғастырғанда, әрине, нәтиже бұдан жоғары болатын еді. Қазір қазақстандық өнімнің үлесі көп болуы тиіс екені айтылуда. Осы мәселені шешу үшін СТ-КЗ деп аталатын сертификат ойлап таптық. Бірақ бұл өзінің басты рөлін атқарып, тендерден импортталған құрылыс материалдарын алып тастай алмады. Шынтуайтына келгенде, шикізаттың бәрін Қытайдан алып, станок арқылы пластик түтікшенің сыртын бояп, «Қазақстанда жасалған» деп сата беретіндер өте көп. Яғни саланың күрмеулі мәселелері баршылық», дейді ол.
Марал Қазкенұлының айтуынша, біздегі жергілікті материалдардың сапасы жақсы. Себебі жергілікті өндіруші құрылыста бетон, арматура дұрыс болмай ғимарат құласа, жауапқа тартылады. Шетелдіктерде ешқандай проблема жоқ, олардың арматураларын қолмен майыстыруға болады. Сол себепті бағасы да арзан. СТ-КЗ мақсаты – жергілікті тауар өндірушілердің тендерге қатысуына ықпал етіп, ішкі нарықтағы ақшаның шетелге емес, өз ішімізге түсуіне жағдай жасау болған. Бірақ, өкінішке қарай, ақша әлі де сыртқы нарыққа көбірек кетіп жатыр. Жергілікті зауыттардың қазіргі жағдайы нашар және бұл жалғаса беретін болса, отандық өнімнің пайыздық үлесі көбейген орнына азаюы да мүмкін.
Ал ұзақ жыл құрылыс саласында жұмыс істеп келе жатқан құрылыс ұйымының басшысы, «Қазақстан құрылысшылар одағы» РЗТБ сарапшысы Серікбай Омарқас жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердегі қазақстандық құрылыс материалдарының үлесі әрі кеткенде 45 пайыздан аспайтынын айтады. «Қазақстандық құрылыс материалдары тұрғын үйдің сұлбасын тұрғызған кезде ғана қолданылады. Бұл – құм, цемент, бетон, газблок секілді дүниелер. Сондай-ақ кейбір жеңіл-желпі әрлеу материалдары өз ішімізде шығарылуы мүмкін. Бірақ оның өзін мықты құрылыс ұйымдары қолдана бермейді. Көбін шетелдерден алдырады. Өйткені басқаны былай қойғанда, құрылыстың сыртын қаптап, көркем келбет беретін сәнді кірпіштердің өзін дұрыс шығара алмай, көбінесе Ресей мен Украинадан тасымалдаудамыз. Ал электр және сантехникалық күрделі құралдарды елде шығаруға шамамыз келмей отырғаны айтпаса да түсінікті. Негізінде шамамыз келеді. Бірақ оған білім мен тәжірибеміз және мемлекеттің аталған істі дамытуды тұрақты түрде қадағалауы мен қолдауы жетіспей отыр. Осы мәселелерге көңіл бөлу қажет-ақ. Өйткені құрылыс материалдары өнеркәсібіндегі іс мұнсыз алға баспайды», дейді. Сондай-ақ ол құрылыс саласының еліміз үшін жан-жақты маңызына тоқтала келе: «Қазақстанға құрылыс министрлігі қажет, қаптаған министрліктің бірін қысқартып, оның орнына құрылыс министрлігін ашу керек. Егер құрылыс жеке сала болып отау тіксе, әлі күнге дейін ескерілмей келе жатқан мәселелердің түбіне дейін бойлап, дұрыс шешім қабылдау жағы жақсарар еді», деген ұсынысын жеткізді.
Әрине, бұл тұрғын үй құрылысының құнына әсері бар бір жайт болса, сондай-ақ құрылысшыларды толғандыратын басқа мәселелер де баршылық. Олар – тұрғын үй құрылысын жүргізетін жер телімдері және оның инженерлік желілеріне қатысты мәселелер. Осы ретте құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатқан елорда жағдайына тоқтала кетейік.
Нұр-Сұлтан қалалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісовтің айтуынша, қазіргі кезде құрылыстың қарқынды дамуына орай оны коммуналдық желілермен қамту мәселесі өткір сипат алуда. Құрылысқа бөлінетін жер телімдерінің басым көпшілігі аукциондарға қажетті инфрақұрылымдармен қамтылмастан шығарылуда. «Осы қиындыққа байланысты құрылыс салушылар құрылыс нысанын дер кезінде пайдалануға бере алмай жатады және оны желілерге қосу немесе дербес жылу көзімен қамту үшін қосымша шығындар жұмсайды, тіпті жұмысты уақытында атқармағаны үшін жерден айырылып қалуы да мүмкін. Сондықтан аукционға тек инженерлік желілермен қамтылған жерлерді ғана шығару туралы ұсыныс бар. Ал инженерлік желілер болмаған жағдайда кәсіпкерлерге коммуникацияларды жүргізу құқын бере отырып, мемлекет осы үшін жұмсалған шығындарды өтеп беру міндетін мойнына алғаны жөн болар еді», дейді ол.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде қаржы мен әлеуметтік-экономикалық салалардың кемшіліктерін дөп басып айтып, одан шығу жолдарын көрсетіп берді. «Таяу болашақта нақ осы тұрғын үй құрылысы Үкімет жұмысындағы басым бағыт болуы тиіс. Тұрғын үй құрылысы ең алдымен әлеуметтік мәселені шешеді, сонымен қатар экономикалық өсімнің де локомотиві бола алады», деді. Ендеше, құрылыс саласының одан әрі өркендеуіне тежеу болып отырған жоғарыдағы проблемалық мәселелерге тиісті орындардың назар аударуын қалар едік.