• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Ақпан, 2020

Дәулеткерей күйлері насихатталатын жыл

3165 рет
көрсетілді

Биыл әйгілі күйші-композитор, жүректің қылын шертетін «төре күйлерінің» негізін қалаушы Дәулеткерей Шығайұлының туғанына 200 жыл және Батыс Қазақстан облысындағы Дәулеткерей атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің құрылғанына 20 жыл толып отыр.

Қатар келген қос мерейтойға орай Дәулеткерей оркестрі жыл бойы 20 концерт беретінін хабарлады. Бұған қоса Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы орналасқан тарихи ғимарат қабырғасында жыл соңына дейін күйшінің суреті салынған жарнама тақта ілініп тұрмақ.

- Дәулеткерейдің соңында мол мұра қалды. Бірақ өкінішке қарай ол күйлердің оркестрге лайықталған партитуралары осы кезге дейін жинақталмаған, бір ізге түсірілмеген. Біз биыл осы іспен жүйелі айналысып, Қазақстанның әр түкпіріндегі өнер ұжымдарында, дирижер әріптестерімізде, оқу орындарында бар партитураларды жинақтап, реттеп, жеке жинақ шығаруды жоспарлап отырмыз. Ал «20 жылдыққа – 20 концерт» атты ауқымды жобамыз бойынша оралдық көрермен ғана емес, өзге өңірдегі жанкүйерлеріміз алдында да өнер көрсетеміз, - дейді Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, мәдениет саласының үздігі Еркін Нұрымбетов.

Орал қаласындағы Дәулеткерей атындағы ұлт-асспаптар оркестрін алғаш құрып, іргетасын қалаған – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің бас дирижері Қырымгерей Қажымов. 2000 жылы елімізде «Мәдениетті қолдау жылы» жарияланған кезде, сол кездегі облыс, қала басшыларының көмегімен пайда болған өнер ұжымы бүгінде бірнеше халықаралық сайыстардың жүлдегері болып үлгерген. Қазақстан ішінде Дәулеткерей оркестрін өнер мамандары жақсы таниды. 

- Дәулеткерей – ерекше композитор. Біздің Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина күйшілеріміз бірін бірі қайталамайды, әрқайсысы өз алдына бөлек. Дәулеткерей қазақтың дәстүрлі күй өнерін әлемдік музыкамен ұштастырды. Бұл жөнінде Затаевич, Ахмет Жұбанов осындай қорытынды жасаған. Дәулеткерей күй өнеріне лирикалық бағыт берді. Ол қазақтың алғашқы ән-би ансамблін де жасаған адам. Бұған оның замандасының салған картинасы куә. Дәулеткерейдің төңірегі, өскен ортасы көп ұлтты болды. Ол соларды зерттеді, пайдаланды. Дәулеткерей Батыс Еуропаның композиторларын білген, Вердидің, Штраустың шығармаларын тыңдаған. Затаевичтің Бөкей ордасын Венаға теңеуі тегін емес, дейді мәдениет саласының ардагері, өлкетанушы Жайсаң Ақбай.

Дәулеткерей Шығайұлының зираты бүгінде Бөкейліктегі Хан Ордасы ауылында, Жәңгір ханның жанында жатыр. Басына кесене орнатылған. Қазақстанның жалпыұлттық киелі нысандары қатарына енген бұл нысанға алыс-жақыннан арнайы келетін туристер аз емес.

- Биылғы мерейтойлы жылда күйшінің тұтас тұлғасы, өмір жолы, соңында қалған мұрасы толық зерттелуі тиіс. Оның туған жылына қатысты айтылатын түрлі болжамдарға да нақты дерекпен нүкте қоятын уақыт жетті, - дейді Қырымгерей Қажымов.

 

Батыс Қазақстан