Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуықта жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ұлы тұлғаның рухани мұрасын парасат биігінен бағамдай отырып, ақын барлық бастамашылдықта адалдықты жоғары қояды деген тұжырым жасапты.
Расында, Мемлекет басшысы айтқандай, ойшыл ақынның адалдық жайлы пайымы өте терең. Ол өзінің 40-шы қара сөзінде: «...ағайын торқалы той, топырақты өлімде, адалдық береке алысуға табылмай, барымта ұрлық десе, табыла қоятыны қалай?» деп налитыны бар.
Дананың жоғарыдағы тоқтамын тәпсірлер болсақ, қазақ қоғамында адалдықтың жүгі ауыр, осы жолда ынтымақ танытып табыса алмаған ағайын, берекесіздік үшін бірігеді. Бұл аса қатерлі жол. Сол себепті, ата-бабаларымыз келер ұрпағы осындай қатерлі жолға түсіп кетуінен қатты сақтанған. Яғни, қоғамдық ортада адалдық ұғымының үстемдік етуін ел басшылары мен батыр-билер әрқашан қадағалап отырған.
Мысалы, Абай атамыз баласы Әбдірахманның қазасына қатысты айтқан наза-жоқтау жырында:
Кешегі Оспан ағасы,
Кісінің малын жемепті.
Адалдық үшін алысып,
Жегішке ақы төлетті...
Арғы атасы қажы еді,
Бейіштен татқан шәрбәтті,
Жарықтықтың өнері,
Айтуға тілді тербетті,
Адалдық, ақыл жасынан,
Қозғапты, тыныштық бермепті, – деп, інісі Оспан мен әкесі Құнанбай қажының адалдық жолынан таймай өмірден өткенін үлгі ретінде жоқтауға қосады.
Қазақ халқының мәдениетін зерттеген фольклортанушы Ә.Диваев, қазақтың жоқтау жырлары өмірден өткен тұлғаның жақсы іс-әрекетін әйгілейтін сөз үлгісі екенін айтады. Соған қарағанда Абай атамыздың жоқтауда айтқаны сияқты, халқымыздың ежелгі ұстанымы да, өмір сүру қағидаты да адалдық болғанын аңғарамыз.
Өйткені адалдық пен әділдік бұзылған жерде береке болмайды. Айталық, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемге ықпалы артқан социалистік лагерь елдеріндегі идеологияны әлсірету үшін жасалған АҚШ идеологы Аллен Даллестің жоспарында: «Адалдық пен адами құндылықтарды өткеннен қалған кесірлі әдет ретінде келемежге айналдырып, жұрт олардан жаман әдет ретінде жиіркенетін жағдай тудыруымыз керек» депті. Осыған қарап-ақ адалдықтың адамзат үшін қаншалықты маңызды екенін бағамдай беріңіз.
Сол сияқты мұсылман дүниесінің кемел тұлғасы Әли Мұртада хазіреті «қандай бір қоғамнан адалдық кетсе, оның болашағы бұлыңғыр» деген өсиет қалдырыпты. Ал біздің халқымыз, яки қазақ ұлты жүздеген ғасырды артқа тастап, жойылып кетпей бүгінге жетуі бойындағы адалдығының жемісі екені анық.
Айталық, үлкен ақын Қадыр Мырзаәлі 2004 жылы жарық көрген «Иірім» атты кітабында: «Сонау соғыс жылдары Украинадан мал айдаған адамдар біздің түкпірде жатқан алыс ауданға әрең жетіп, естерін жиды. Азған, тозған, аш-жалаңаш Украина қойшылары алдындағы отар-отар қойларына ие бола алмай, кез келген жерге қисая кетіп, кез келген жерде ұйықтап жатты. Ал олардың шашыраған қойлары жергілікті малға қосылып, иелерін ұятқа қалдырды. Соның өзінде аш-жалаңаш әрең отырған менің жүдеу жерлестерім босқындардың бір тышқақ лағына көз алартпай, адасып, лағып жүрген тоқты-торымдарын иелеріне айдап апарып тапсырып жүрді. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» дегендей мұндай адалдық басқа жұртта бар ма екен» деп таңдана жазады.
Әрине, адалдық жалпы адамзатқа тән қасиет. Мысалы, өткен ғасырдың 40-жылдарының аяғында Әзербайжан елінің үкімет үйін салып жатқан неміс тұтқындары бір күні жұмыс істеуден бас тартады. Бұл оқиға бірінші хатшы М.Багировке жетеді. Ол өзі келіп мән-жайды анықтаса тұтқындар: «Біз неміс халқының атынан жұмыс істеп жатырмыз. Адалдық біздің туымыз. Сапасыз материалмен жұмыс істей алмаймыз» депті. Неміс халқының адалдығына тәнті болған әзербайжандар бұдан кейін тек сапалы құрылыс материалдарын жеткізіп тұрыпты.