Қытайдан тараған коронавирустан бетперде қаншалықты қорғайды? Оны әр елдің мамандары әртүрлі айтуда. Қалай болғанда да медициналық бетпердені жұқпалы дерттен қорғанудың бір жолы ретінде қарастыратынымыз бар. Билік бұқараны қанша сендіргенімен соңғы уақытта дәріханаларда масканың болмауы елді алаңдатып отыр.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, Қазақстанда жыл сайын 2 млн-ға жуық маска қабылданады. Оның көбісі медициналық ұйымдарға арналған. Өткен аптада министр шетелден қосымша маска алу жұмысы жүргізіліп жатқанын, жоспар бойынша маскалар барлық медицина қызметкерлеріне және халыққа жеткілікті екенін айтты. «Бізде резервте 5 млн маска бар. Медициналық мекемелер толықтай қамтамасыз етілген», деді ведомство басшысы.
Министр баяндама жасаудан бір күн бұрын Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин елімізде маска өндіруші 5 компанияға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үндеу жариялап: «Құрметті отандық медициналық маска өндірушілер! Біз тек дәрі-дәрмектің ең жоғары бағасын реттейміз. Маска бағасын реттей алмаймыз. Сондықтан да ел азаматтары үшін қажетті көлемде маска шығаруларыңызды өтінеміз», деген болатын. Ал кешегі брифингте ол: «Маска өндірушілер толық қуатпен жұмыс істеп жатыр. Үкімет коронавирусқа қатысты түрлі сатып алуларға 1,5 млрд теңге қаржы бөлді. Қажет болған жағдайда кез келген мөлшерде маска сатып ала аламыз», деп атап өтті.
Бірақ дәріханалардағы жағдай басқаша. Ең алдымен бас қаладағы дәріханаларды түгендеп шықтық. Нұр-Сұлтандағы 10-ға жуық дәріхананың жартысынан көбінде маска болмай шықты. Мысалы, «Аманат-Фарм», Doktor Plyus, Jan Farm, «Низких Цен» сияқты дәріханалар желісінде маскалар таусылған. Олар қоймада да болмай тұрғанын айтуда. Ал кейбір дәріханалар бағаны көтеріп жіберген. Осыған дейін 10-20 теңгеден сатылып келген масканы астанадағы Lucem дәріханасы 50 теңгеден, Salamat дәріханалар желісі 40 теңгеден сатуда.
Нұр-Сұлтандағы «Гиппократ» дәріханалар желісінің нүктелеріне сатып алушы ретінде хабарласқанымызда, қала бойынша маскалардың жоқ екенін жеткізді. Сөйтіп біз осы дәріханалар желісінің басшылығына хабарласуды жөн көрдік. Басшылықтың берген ақпараты мүлде басқа. «Гиппократ» МФК» ЖШС директоры Вера Полякова Ресейден өткен жұма күні 70 мың, бүгін 70 мың маска жеткізілгенін, сатылымда да маскалардың бар екенін айтты. «Нұр-Сұлтан қаласы бойынша айтатын болсақ, 30 қаңтар мен 3 ақпан аралығында 14 жарым мың маска сатылды. Қазір жай маскадан сатылымда 20 мың дана, қоймада 2900 дана, ал қара маскадан сатылымда 5 мың дана, қоймада 13 мың дана бар. Бұлар бір аптаға жетеді деп жоспарланған. Сондай-ақ бір адамға екі орамнан артық берілмейді, оның ішінде 100 данасы бар», деді Вера Полякова.
Алматы қаласындағы жағдай да осыған ұқсас. Maximus және «Гаухартас» сияқты дәріханалар желісі масканың өткен аптадан бері болмай жатқанын айтады. «Орталық дәріхана», «Садыхан» сияқты дәріханалар желісі болса маскалардың жеткілікті екенін, бірақ бірінде маска 40 теңгеден сатылса, екіншісінде 15 теңгеден 30 теңгеге қымбаттағанын білдік.
Шымкент дәріханаларына да қоңырау шалдық. Біз хабарласқан «Мурат Фарм», «Зерде», «Абу Акбар» және «120/80» дәріханалар желісінің барлығында маска бар. Бірақ барлығы 30-50 теңгеге дейін бағаны көтерген. Сондай-ақ көп дәріхана масканы адам басына шақтап қана сататынын айтуда.
«Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Тұрсын Жағыпаровамен сөйлескенімізде, қоңырау шалғанымызда, ол маскалардың бар екенін, бағаларында да өзгерістер жоқтығын, бұл тақырып бойынша ештеңе айтқысы келмейтінін байқатты.
Бұл жайттан кейін отандық маска өндірушілерге хабарласуға тура келді. Өндіруші компанияның жауапты қызметкерлері экспортты тоқтатып, Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысын орындау үшін жұмыс істеп жатқандарын жеткізді.
«Масканың санын көбейту бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысын алдық. Біз 2 млн 30 мың маскаға тапсырыс алдық. Соны дайындап жатырмыз. 1 млн 100 мың масканы 25 ақпанға дейін, қалғанын 20 наурызға дейін өндіріп беруге келіскенбіз. Бұдан басқа «Самұрық- Қазынамен» жұмыс істейміз. Оларға жоспар бойынша ақпанның 15-іне дейін, яғни 15 күн ішінде 920 мың масканы дайындауымыз керек. Әдетте жылына жалпы 11 млн маска өндіретін едік. Біз тек қана ауруханалармен жұмыс істейміз. Яғни өнімді «СК-Фармацияға» береміз. Олар өздері таратады», дейді «Dolce» ЖШС коммерциялық директоры Баян Демеуова.
Алайда бұл компанияның медициналық масканы артық өндіруге қауқары жоқ көрінеді. «Сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндігіміз шектеулі. Өйткені бұл біздің өндірістің қолынан ғана келетін жұмыс емес. Шикізат Қазақстанда жоқ. Қытаймен шекараны жауып жатыр. Қазір қалған шикізатпен ғана жұмыс істеп жатырмыз. Қаншасына жетеді, соншасын өндіреміз. Бұрын шетелге шығаратынбыз. Қазір елдегі сұранысқа байланысты экспортты тоқтаттық», дейді Б.Демеуова.
Екінші бір өндірушіге де министрліктен тапсырыс түсіп, өндіріс көлемін үш есеге дейін арттырған. Басшылық берген ақпаратының жарияланбауын өтінгендіктен компанияның атын атаусыз қалдырдық.
«Біз маскаларды тек қана медициналық ұйымдар үшін сатып аламыз. Жеке аптекаларға жеткізбейміз», деді «СК-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі байланыс қызметінің операторы Айзада Ешмұхамед. Нұр-Сұлтандағы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне хабарласқанымызда, басқарма қаладағы емханалар мен ауруханалардағы дәріханаларды ғана қамтитынын айтты.
Қарап отырсақ, жоғарыдан берілген тапсырма бар. Өндірушілер қолдан келгенін істеп жатыр. Ал дәріханалар болса маскаға жаритын түрі жоқ. Бұл медициналық құралдың өзі негізінен қауіпсіздік шараларын көздейтіні белгілі. Яғни қауіпті індеттен қорғану және алдын алу мақсатында қарапайым тұрғындар алдымен дәріханалардан сұрайды. Ал дәріханалардағы жағдайды біршама айттық. Аталған жағдай еліміздегі алдын алу шараларына әлі де болса дайындығымыз солғын екенін көрсетсе керек. Ертең қалыптасқан ахуал ушықпас үшін ең әуелі осы мәселені реттеуіміз керек болар...