Еліміздегі «Қазақтелеком» АҚ Шығыс өңірлік телекоммуникация дирекциясының мәліметінше, «Ақпаратты Қазақстан-2020» бағдарламасына сәйкес ауылдарда талшықтық-оптикалық байланыс желісін тарту жұмыстары жалғасуда. Павлодар өңіріндегі 364 ауылдың 87-іне талшықтық-оптикалық байланыс желісі тартылған.
Жалпы 14 жылға есептелген бұл жоба «Қазақтелеком» АҚ пен сол кездегі Ақпарат және коммуникация министрлігі (коммуникация саласы қазір басқа ведомствоға қарайды) арасындағы мемлекет-жекеменшік серіктестік келісімшарт аясында жүзеге асырылады. Яғни, 2018-2020 жылдары байланыс желілерінің құрылысы, интернетке қосу жұмыстары жүргізіліп, жобаның 2032 жылға дейін қызмет көрсетуі жоспарланған.
Ал облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде бұл күндері 28 ауыл ұялы байланыссыз, 14 ауыл интернет желісіне қосылмаған. Кең жолақты интернетке қосу үшін ауылдарда автономды стансалар құруды ұсынады.
Бір стансаны құру жұмыстары 110 мың теңге тұрса, ай сайынғы абоненттік төлем – 56 мың теңге.
Енді мақсаты – халықтың компьютерлік, цифрлы сауатты болуына бағытталған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы барысында шалғай ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетке қосу жөніндегі жобаның орындалуы мүмкін бе?
Өркениеттің мүмкіндігіне, жаңа заман ғажаптарына ауылдар да қол созуда. Жеріміз болса кең, ал ауылдарда халық саны азаюда, ауылдардың әр жерде шашырай, шалғайда орналасқаны белгілі.
Бұған еліміздің шалғайдағы әрбір ауылына Интернет желісін тартуға Үкіметтің зор мүмкіндігі, қыруар қаражаты қажеттігін қосыңыз. Үкімет бұл мәселе үшін шағын екі-үш ауылдың басын қосатын Тірек ауылдарды дамытатын бағдарлама қабылдады. Шалғай ауылдарды айтпағанның өзінде тірек ауылдардың өзіне бірінші кезекте интернет жетсе, «Цифрлы ауыл» атанды деп қуанар едік.
Өңірлік телекоммуникация бөлімшесінің мәліметінше, өңірде үлкенді-кішілі 364 ауыл бар болса, 32-сі тірек ауылдар, 87 ауылға талшықтық-оптикалық байланыс желісі тартылған.
Бірақ, интернет жүйесі түгілі, аты бар да заты жоқ осы 32 тірек ауылды өркендету үшін қыруар қаражат бөлінді. Нәтижесі қайсы? Тірек ауыл саналмайтын Тереңкөл ауданындағы Қызылтаң ауылының тұрғындары интернеттен бұрын кәдімгі клуб, жол, су жоқ деп отыр. Интернетке қосылған ауылдардың дені аудан орталығына, облыс орталығына, қалаға жақын орналасқан ауылдар екені белгілі. Өңірге Нұр-Сұлтаннан Сенат, Мәжіліс депутаттары, министрлер келе қалса қала іргесіндегі ауылдарға апарып көрсету дәстүрге айналған. Мысалы, облыс орталығына жақын Шақат мектебінде жылдамдық 10 мегабайтты құрайды. Содан кейін, олар өңірдегі барлық ауылдың интернеті Шақаттағыдай деп ойлап кете барады.
Оқу бітірген соң «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен ауылға барған бір студент «Интернет желісі, ұялы байланыс жоқ, ұялы байланысқа шығу үшін байланыс ұстай қалатын жерлерді іздеп жүргенің. Бұл «қызық» жағдайға үйрене алмай, қалаға қайттым еріксіз» дейді.
Биыл үш ауданның ауылдарында талшықтық-оптикалық байланыс желілерінің құрылысы басталса, 2020 жылдың 1 наурызынан бастап қосымша тағы 20 ауыл мен 74 мемлекеттік мекеме интернетке қосылады деген жоспар бар екен.
– Бірақ желі жылдамдығы секундына 512 килобайттан 4 мегабайтқа дейін ғана болады. Ал 23 ауылды жылдамдығы төмен интернетке қосуға да мүмкіндік аз. Ауылдардың бірі таулы аймақта орналасса, екіншісінде жер серігіне байланысты қиындықтар бар. Жоғары жылдамдықты ғаламторды спутник байланысы мен радиокөпірлер арқылы қосылу тәсілдері болғанымен бағасы тұрғындар үшін қымбатқа түседі, – дейді басқарма мамандары.
Мысалы, Баянауылдың тау баурайындағы ауылдарын алайық. Жолсыз, сусыз Жаңажол ауылына интернет желісі «Қазақтелеком» АҚ айтқандай 2032 жылдары ма, әйтеуір бір жетер.
Ал мамандардың айтуынша, ауылдардағы нысандарда, мектепте интернет желісі қосылған күннің өзінде оны пайдалану барлығына бірдей тиімді емес көрінеді. Себеп – жылдамдығы аз, ескі компьютерлердің болуы. Техникалық жабдықтар, Wi-Fi құрылғылары алынғанымен, интернет желісі тартылмаған. Шектеулі интернетті тек информатика пәнінің мұғалімдері қолдана алады.
Wi-Fi желісіне қосылған мектептер де бар. Интернет жылдамдығына сай, төлемақы да жоғары болатыны белгілі.
– Мұндайда ауылдарға интернетсіз жұмыс істейтін цифрлы ресурстарды да қолдануға болады. Интернеті жоқ, шалғайда орналасқан ауылдардың мектептеріне қазір BilimBook құрылғысы берілуде. Құрылғының ішінде жоғарыда аталған ресурстың барлығы интернетсіз жұмыс істей береді, – дейді цифрландыру жүйесінің маманы Ринат Барысов.
Ертіс ауданына қарасты Амангелді, Ленин атындағы, Қызылқақ, Қызылағаш ауылдарына әлсіз болса да интернет желісі тартылған. Бірақ ауыл тұрғындары ұялы байланысқа шыға алмайды. Аудан әкімдігі Kcell немесе Beеlinе операторының құрал-жабдықтарын орналастыруға биік орын іздестіріп жүр екен. Сонымен бірге, ауылдарда жаңа заманға сай 29 Радио-телевизиялық стансалар/ РТС/ да орнатылып, цифрлы хабар тарату іске қосылды.
Еліміздің ауылдарын кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз ету жобасы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы, телекоммуникация инфрақұрылымы шалғайдағы ауылдардағы әлеуметтік сала нысандарын, мемлекеттік мекемелерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған.
– Ауылдарды интернеттендіру жалғасады. 2025 жылға қарай интернет еліміздің барлық ауылдарына жетеді, – деген еді былтыр жазда облысқа сапары кезінде Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев.
Павлодар облысы