Мас күйінде көлік айдаған БҚО тұрғынының сот шешімімен 2 жыл 6 айға бас бостандығы шектеліп, өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырылды.
13 қаңтар күні түн ішінде Жәнібек ауылының көшелерінің бірінде «ВАЗ-21099» көлігімен келе жатқан 36 жастағы тұрғынды полиция тоқтатып, жүргізушінің мас екенін көрген. Сараптама да оның алкогольді ішімдік ішкенін растады. Көлік салонында бос бөтелке шашылып жатыпты.
- Осы құқық бұзушылығы үшін ол тұрғын қылмыстық жауапқа тартылды. Жәнібек аудандық сотының үкімімен оған 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру және көлік құралдарын жүргізу құқығынан өмір бойы айыру жазасы қолданылды, - дейді БҚО Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Болатбек Белгібеков.
Бұл азаматтың мұншалық қатаң жазалануының себебі де бар екен: ол сот шешімімен 2017 жылы да үш жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған, алайда осыған қарамастан қылмыстық құқықбұзушылықты қайталап отыр.
БҚО Полиция департаментінің Тергеу басқармасының дерегінше, биылғы бір ай ішінде полиция қызметкерлері көлік жүргізу құқығынан айырылған, соған қарамастан мас күйінде рөлге отырған 24 жүргізушіні ұстапты. Оның 13-і Орал қаласында қолға түскен.
Айта кетейік, Қазақстанда мас күйінде көлік жүргізу жауапкершілігін күшейтетін заң биылғы 11 қаңтардан бастап күшіне енген.
Батыс Қазақстан