Өткен жылы желтоқсан айында облыстық жаңа онкологиялық орталық ашылды. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 7,2 млрд теңге бөлінген. Медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуға облыстық бюджеттен 2,8 млрд теңге, заманауи желілік үдеткішті сатып алып, орнатуға республикалық бюджеттен қосымша 1,8 млрд теңге қаржы аударылған көрінеді. Жалпы қаржы көлемі 11,8 млрд теңгеге тең деуге болар.
Бірақ Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауов лентасын қиған жаңа онкологиялық орталық әлі күнге дейін жұмысын бастамаған. Жаңа кешенді іске қосу арқылы «Онкологиялық ауруларды емдеудің 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарын» орындау бойынша Жол картасының іс-шаралары іске асырылмақ делінді. Онкоорталық мамандарының айтуынша, орталық медициналық қызмет көрсетуіне рұқсат беретін лицензияны күтуде. Қазір ескі ауруханадан жаңа орталыққа көшу, орналасу жұмыстары жоспарлануда. Диагностикалық медициналық шетелдік құрылғылар арнайы мамандар құрастырып, тексеріп, жинақтап орналастырған соң іске қосылуы керек. Сонымен бірге кешенді орталықта емдеу бөлімшелері операциялық-реанимациялық блок, радиологиялық, патологоанатомиялық бөлімдер бар. Жеке тұрған 4 корпус, медициналық қалдықтар үшін және оттегі стансасы орналасқан.
Басқарма жаңа онкоорталықтың ашылуы өңір тұрғындарына жоғары технологиялық емдеу-диагностикалық әдістемелерді пайдалана отырып, қазіргі заманғы деңгейде мамандандырылған онкологиялық көмекті көрсетуге мүмкіндік беретінін хабарлады. Яғни, енді жаңа орталық дәрігерлері онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтай алады, бұл өңірде қатерлі ісіктен болатын науқастар санын азайтады.
– Тұрғындар енді Кореяға да, Израильге, Германияға бармай-ақ, өз өңірімізде де емделе алатынына сенеміз. Жаңа технологиялар сәулелі терапияның нәтижесін үш күн ішінде алуға мүмкіндік береді. С-доғасы бар рентген құрылғы, кіші инвазивті операциялар жүргізуге қажетті радиожиілікті абляция аппараты мен эндовидеохирургиялық құрал-жабдықтар орнатылуда, – дейді сәулелі диагностика терапиясының дәрігері Мәдина Ибраймова.
Былтыр өңірімізге жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Бұл онкологиялық диспансер тек жаңа ғимарат емес, жаңа технологиялардың шоғыры» деп атап өткен-ді.
– Мысалы, томограф ісіктің нақты көлемін анықтайды, ал желілік үдеткіш сол ісіктің нақ өзін ғана сәулелендіреді. Ісіктің айналасындағы сау жасушаларға зиян келмейді. Бірнеше күнде оң нәтижесін байқауға болады. Елімізде дәл осындай төрт құрылғы бар. Заманауи медициналық қызметті Павлодардағы онкологиялық диспансерде де алуға болады, – деген министр.
Министр Елжан Біртанов айтқан компьютерлі томограф ағзаның бірнеше қабатынан өтіп, өте төмен сәулемен айқын көре алады. Рентген құрылғы, ота жүргізуге қажетті радиожиілікті абляция аппараты мен эндовидеохирургиялық құрал-жабдықтарға толы, «жаңа технологиялардың шоғырын» науқастар емделу үшін іске қосылғанын асыға күтуде.
Айтпақшы, «Жаңа технологиялардың шоғыры» демекші, бұл жерде тағы да бір күдік бар. Жуырда ғана Nur Otan партиясы облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Жиында облыстық прокуратура 3-басқармасының бастығы Асхат Көкімбаевтың айтуынша, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы «Джахаев» ЖК фирмасынан мемлекеттік сатып алу арқылы Toshiba маркалы жүрек-қан жүйесін тексеретін компьютерлік томограф сатып алған. Бірақ жарты жылдан соң құрылғы істен шыққан. Себеп, құрылғы 1980 жылы жасалған көрінеді. Басқарма басшысының орынбасары Айгүл Мұқышеваның айтуынша, қазір бұл мәселеге қатысты Нұр-Сұлтан қаласында сот жүріп жатыр. Бұл іске тіпті бір емес, бірнеше басқарманың да қатысы бар болып шыққан. Өңірде мемлекет-жекеменшік әріптестігі жөнінде жобалар басталғанда, алғашқы болып «Джахаев» ЖК ұйымынан компьютерлік томограф сатып алынған.
Жиында 2018-2019 жылдары денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жайы талқыланды. Облыс бойынша тексеру комиссиясы Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухана, №1 қалалық аурухана, облыстық Туберкулезге қарсы диспансерде аудит есебін жүргізген. Нәтижесінде, 176,5 миллион теңге қаржылық заң бұзушылықтар анықталған.
Ал облыс орталығындағы Кардиологиялық орталықта бір реттік медициналық құралдар қоймасы сақталған деген мәселеден соң республикалық комиссия, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы өңірлік күрес басқармасы да тексеру жүргізуде. Яғни, науқастардың жүрегіне ота жасау кезінде зарарсыздандырылған медициналық аспаптар қолданылғаны жұртшылық арасына тарап кетті. Осы жайды анықтау үшін Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева да арнайы келді.
Облыс орталығындағы балалар ауруханасында УДЗ құрылғы дұрыс анықтай алмайды деп, жаңадан ашылған «Променад» медициналық орталығына тұрғындарды кішкентай сәбилерімен жіберетін мысалдар да кездесуде. Жас отбасылар 3 мың теңге төлеп, осы жерден УДЗ құрылғысынан өтеді.
Біз шетелдік медициналық құрал-жабдықтарды үйіп-төгіп сатып алғанымызбен, іс жүзінде құрал-жабдықтар, құрылғылардың қызмет ету сенімділігі қандай, «сырты бүтін, іші түтін» ескі технологиялар болып жүрмесіне кім кепіл? Шетелдік құрылғылармен жұмыс істейтін арнайы мамандар, құрылғыларын жөндеп, ауыстырып тұратын инженер мамандар болса, УДЗ дұрыс анықтай алмайды деген мәселе де болмаушы еді. Өңірдегі шағын қалаларға, аудан орталықтарындағы ауруханаларға берілген шетелдік медициналық құрал-жабдықтар, құрылғылардың қандай күйде екенін де кім тексеріп жатыр?
Енді қайта тақырыпқа оралсақ, облыстық онкологиялық орталықтың директоры Мұрат Сүлейменовтің айтуынша, өңіріміз қатерлі ісік көрсеткіші бойынша елімізде 3-орын алады. Жыл сайын облыстық онкодиспансердің бірінші реттік есебіне 2300 тұрғын тіркелсе, аурухананың жалпы есебінде қазір 11 мың адам бар.
Әрине, ауасы өндіріс орындарының түтінімен ластанатын өңірде қатерлі ісік көрсеткіші жоғары. Бұл жағдайды жергілікті онкологтер ауруды ерте бастан анықтау көрсеткішінің көбеюінен анықтаған. Жаңадан ашылған орталықта енді жылына 1,5 мыңнан астам ота жасалмақ.
Сондай-ақ жаңа онкологиялық орталық көпбейінді ауруханалар қатарына енді. Еліміздің 2025 жылға дейін Стратегиялық даму жоспарында көпбейінді ауруханаларды ашу қарастырылғаны белгілі. Жаңа орталық құрамында емхана, Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухана, офтальмологиялық бөлім, Диагностикалық орталық қызмет көрсетеді.
– Орталықта 400-дей адам жұмыс істейді. Тәуліктік стационарда науқастар келіп ем қабылдап, үйлеріне қайтады. Бұрын ота жасағаннан кейін науқас 12 күн ауруханада қалса, енді 3-5 күн ғана болады. Онкологиялық дертке шалдықты деген күдікпен тексерілу аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасыларға, мүгедектерге, кейбір зейнеткерлерге тегін. Тұрғындарға мамандандырылған онкологиялық көмектің көлемін кеңейтіп, сапасын арттыру, науқастарды оңалту үшін онкоорталықта стационарлық бөлімшелерді, жеке операциялық-реанимациялық блок, емхана бөлімшесін, радиологиялық бөлімшенің жеке 4 корпусын ашу жоспарлануда, – дейді Мұрат Сүлейменов.
Бірақ стационарлық бөлімшелер, жеке операциялық-реанимациялық блок, емхана, радиологиялық бөлімшелері, жеке 4 корпусы науқастар қабылдауға, қызмет етуге әлі дайын емес сияқты.
Жоғарыда жазғанымыздай, өңірде 12 мыңға жуық онкология ауруына шалдыққан адам бар. Бас дәрігердің айтуынша, аурулардың ішінде бірінші орында сүт безінің қатерлі ісігі тұр. Сондай-ақ тері, өкпе, асқазан қатерлі ісігіне шалдыққандар да жиі кездесуде.
Тіпті қауіпті дертті ерте кезден анықтап, дер кезінде тиісті көмек көрсету үшін келесі жылдан бастап өңірдегі кәсіпорындарда жұмыс істейтін, жасы 35-тен асқан адамдарды скринингтен өткізу мәселесі де қарастырылуда.
Облыс орталығындағы «Онкологиялық диспансердің құрылысы» инвестициялық жобасын іске асыру арқылы өңір тұрғындарының жоғары технологиялық емдеу-диагностикалық әдістемелерді пайдалана отырып, қазіргі заманғы деңгейде мамандандырылған онкологиялық көмек алулары қажет.
Сондықтан жылына мыңнан аса ота жасау үшін орталыққа компьютерлік томограф, магнитті резонансты томограф, бейне-лапроскопиялық сияқты жаңа заманауи қондырғылар орнатылды. Қатерлі ісік ауруларын емдеудің озық үлгілері қолданысқа енгізілуде. Енді бұл аурумен ауыратын адамдардың өмір сүру ұзақтығын арттыруға мүмкіндік те бар.
Бәрі дұрыс, жақсы делік. Бірақ 11 млрд теңгенің қалай игерілгені жайлы да Үкіметтен сұрау болатыны анық.
Қазір онкологиялық орталықтың шынайы түрде ашылуын өңір тұрғындары, науқастар күтуде. Уақтылы ашылып, қызмет көрсетпеуіне басқа да себептері бар болар. Екіншіден, шетелдік құрылғылар науқастар күткен деңгейде пайдалануға жарамай, тұрғындар сенімінен шыға алмай қала ма деген күдік те жоқ емес.
Жалпы, қыруар қаражат бөлінген алып орталықтың жұмысы қарапайым жұрттың денсаулығын сақтауға, отбасына оралатын қуаныш игілігіне жұмсалғаны қажет-ақ.
Павлодар облысы