Павлодар өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес қолдау бөлімінің мәліметінше, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жобалар экономиканың маңызды салаларында қызмет ететін кәсіпкерлерді оқытып, білімі мен біліктілігін арттыруға бағытталған.
Палатаның кәсіпкерлікті қаржылық емес қолдау бөлімінің сарапшысы Зарина Шаймерденованың айтуынша, былтыр «Altyn Design» ЖШС, «Феникс» жиһаз фабрикасы», SP GLOBAL GAS жетекшілері Aлтын Атеева, Сапар Құдабаев, Светлана Павловалар «Іскерлік байланыстар» жобасы бойынша оқып, тәжірибеден өтті. Алдымен жобаға қатысушылар облыс орталығында өтетін үш апталық курсқа қатысады. Оларға отандық және шетелдік бизнес-тренерлер тауарды сату, келіссөздер жүргізу бағыттарында дәріс оқиды. Сонымен қатар WhatsApp әлеуметтік желісіндегі топта вебинар жүргізіледі. Оқу курсының соңында қатысушыларға сертификаттар табысталады. Оқудан өткен кәсіпкерлер екінші кезеңге, яғни Германиядағы тағылымдамаға қатысу үшін тиісті құжаттарды тапсырып, бизнес-жоспар әзірлейді. Сонымен қатар кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығы 3963 кәсіпкерге көмек көрсетсе, 10 358 адамға кеңес берген.
– Кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының төртінші бағытын жүзеге асыру шеңберінде бірнеше бағыт бойынша қаржылық емес қолдау көрсетеді, – дейді Зарина Шаймерденова. – Бұл кәсіпкерлікті жүргізуге сервистік қолдау көрсету, кәсіпкерлікті ақпараттық-сараптамалық қамтамасыз ету, бизнес-мектеп, іскерлік байланыстар және аға сеньорлар компоненті бағыттары. Жалпы, шағын және орта бизнес нысандары арасында іскерлік байланыстар және аға сеньорлар жобалары сұранысқа ие.
Аты айтып тұрғандай, «Іскерлік байланыстар» бағыты шетелдік серіктестермен іскерлік байланыстар орнатуға бағытталса, «Аға сеньорлар» жобасы аясында кәсіпкер жоғары білікті маманды шетелден алдыртып, технологияларды игере алады. Мысалы, «Аға сеньорлардың» үш сарапшылық жобасы «Павлодар жылыжай комбинаты» ЖШС, «Ақсу жылыжай комбинаты» ЖШС, «Jet Logistics» ЖШС кәсіпорындарына жасалды. Жылыжайлардың техникалық жабдықталуына сарапшылық жобаны Канададан келген ғылым докторы Прем Карбанда жүргізді. Ал «Jet Logistics» ЖШС кәсіпорнына келген Пьер Глот атты сарапшы басшылық құрамына өндірісті басқарудың жаңа әдістерін енгізу, логистика, стратегиялық жоспарлауды оңтайландыруды үйретіп, қызметкерлер оқу курстарынан өтті.
Шетелдік мамандар «Станоктар әлемі» ЖШС, «RWS Binding» ЖШС, «Черноярка маржаны» ЖШС, «Технологиялар желісі» ЖШС-нің өндірістік стратегиясын өзгертуге қатысты, болат құюдан шеберлік сабақтарын берді. Сондай-ақ болат құю формаларын өзгертіп, кәсіпорындардың дамуы үшін бірқатар ұсынымдар жасады. Мысалы, Германиядан келген сарапшы Наталья Майер егде тартқан адамдарға арналған оңалту жұмыстарымен айналысатын «Черноярка маржаны» ЖШС-на қолдау көрсетті. Қазір бұл жоба мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобасы аясында жүзеге асуда. Сонымен бірге «Іскерлік байланыстар» жобасы аясында өз елімізде оқу тренингтерінен өтіп, Германияда тағылымдамада болған кәсіпкерлер бар. Мысалы, жібек матаға қолмен жазылған өрнек жасаушы «Altyn Design» ЖШС басшысы, қолөнерші Aлтын Атеева аталған жобаның игілігін көріп отыр.
– 2018 жылы Кәсіпкерлік палатасы «Іскерлік байланыстар» бағдарламасына қатысуды ұсынды, – дейді Алтын Атеева. – Мен өз жобамды ұсынып, оқудан өттім. Кейін шақырту алып, жобаны ұйымдастырушылармен кездестім. Оған Германиядан келген өкілдер де қатысты. Олар бізбен әңгімелесіп, жеке кәсібіміз туралы сұрады.
Жалпы, қатысушылар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық аппаратында әңгімелесуден өтеді. Нәтижесінде еліміз бойынша ондаған кәсіпкер іріктеліп, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болады. Бұл мақсатта «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен германиялық орталық арасында өзара келісімшарт жасалған. Қатысушылардың барып-қайтуы, оқуы, тағылымдамадан өтуі, барлығы тегін. Кәсіпкерлердің Германияда 4 апта бойы кәсіпорындарға барып, тренингтерге қатысуына қажетті қаражатты мемлекет өтейді. Германиялық мамандардың шеберлік сағаттары орыс және ағылшын тілдерінде өтеді. Кәсіпкердің айтуынша, Германияда тағылымдамадан өту ірі компаниялардың жұмысын көруге, бизнес-жобаларды құруға, бизнес-келіссөздерді сауатты жүргізуге және шетелдік бизнес-серіктестерді табуға мүмкіндік берді.
– Біз шетел компаниялармен келісімшарт жасастық, – дейді Алтын Атеева. – Бір ай ішінде оннан астам фабрика мен зауытқа барып кездесулер өткіздім.
Биыл жергілікті «ТриКота-Ж» ЖШС басшысы да Германияға барып тәжірибеден өтпек.
– Кәсіпкер үшін тағылымдамадан өту – дамуға қарай бет бұру деген сөз. Германияның бизнес-мотиваторлары бізді өнім өндіруді жетілдіруге ынталандырады, – дейді кәсіпкерлер.
Ал «Іскерлік байланыстар» жобасы қолға алынған 2016 жылдан бастап өңірден 80-ге жуық кәсіпкер тәжірибе алмасып, біліктілігін жетілдірді. Былтыр жобаның алғашқы кезеңінде 37 кәсіпкер оқып келген. Германияда тағылымдамадан өткен кәсіпкерлермен арнайы келісімшарт жасалады. Олар басшылық ететін кәсіпорындардың бір жылғы жұмысына мониторинг жүргізіледі. Жарты жылда бір рет нарық ауқымының кеңеюі, қуаттың артуы, байланыстар орнату, келіссөздер жүргізу және тағы басқа бағыттар бойынша есеп береді. Бүгінде кәсіпорынның табысты болуы инновацияларды дамыту, жаңа технологияларды енгізу, басқару әдістерін қолдану мен бизнесті оңтайландыруда екенін кез келген кәсіпкер жете түсінеді.
Павлодар облысы